19.10.2023, 12:30
Оқылды: 70

Қос құтқарушы һәм тәуекелден тартынбайтын тарландар

Адам өміріне қауіп төнгенде басын қатерге тігіп, халықты төтенше жағдайлар мен қауіп-қатерден, тілсіз жаудан аман алып шығуға асығатын құтқарушылар ел алдында қашанда құрметті. Тәуекел етуден тартынбайтын оларға көпшіліктің алғысы шексіз.

кайырббек пен нурбек

Қазіргі уақытта бір салада абыройлы қызмет етіп жүрген отбасыларды жиі кездестіреміз. Олардың кейбірі ата ізінен алыс кетпей, жолын жалғауды жандары қаласа, енді біреулері өзі еңбек етіп жүрген салаға тосыннан немесе қандай да бір оқиғалардың ықпалынан келгендерін жасырмайды. Байкеновтер әулетіндегі қос құтқарушының бұл қызметке қандай мақсатпен келгені қызықтырды бізді. Содан Құтқарушылар күні қарсаңында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің білікті қызметкерлері Нұрбек пен Қайырбек есімді ағайындылармен тілдестік. Әңгіме барысында оларға жұмысы жайлы сұрақтарымызды қойдық. Ағайынды құтқарушылар Казталов ауданының Бостандық ауылында дүниеге келген. Үлкені Нұрбек 1981 жылы туған. Ол бүгінде облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағы Орал қаласындағы құтқару бөлімшесінің басшысы-құтқарушы болып қызмет етуде. Ал 1982 жылғы інісі Қайырбек – Орал қаласы №4 өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары. Қос құтқарушының әкесі Тұрарбек Сүндетовтың айтуынша, отбасындағы үш ұлы да кісіге жәрдем беруге дайын тұрады.

ТОТЕНШЕЛИК (3)

– Өмір болғасын небір тосын жайлар да кездесіп жатады. Өз басымыздан да талай қызық һәм қиын кезеңдер өтті. Бір күні мынадай жағдай болды. Қайырбек пен Нұрбектің әскерден келген кездері, 2003 жыл болуы керек. Жаз мезгілі еді. Түс ауа екеуі Шаған өзеніне шомылуға кеткен. Арада біраз уақыт өтті. Біздер алаңдай бастадық. Ол кезде әлі жас қой екеуі.  Қас қарайғанда келді үйге. Содан біз не болғанын сұрадық. Олар асықпай айтып берді бәрін. Өзенде шомылып жүргенде жағада отырған 5-6 адамның шулаған дауыстарын естіп, жедел жетіпті. Барса, бір топ адам арасында жылап отырған әйел күйеуінің суға батып кеткенін айтып, көмек сұрапты. Мұны естіген екеуі өзенге сүңгіп кетіп, іздей бастайды. Алғашқы минуттарда қанша талпынғанмен таба алмайды. Бір белгі байқай алмаған олар арада шамамен 7-8 минут өткенде іздеген адамды тауып алыпты. Құтқаруын құтқарған ғой. Алайда өздері жағаға әкелген адамның ес-түссіз хәлін көріп, шошып кетеді. Содан алғашқы медициналық көмек көрсете бастайды. Он минуттай дем алмай жатқан кісі сөйтіп екінші рет өмірге келгендей болыпты. Ал отбасының тірегінен тіршілік нышанын көрген әйелдің қуанышында шек болмаған. Бұларға ризашылығын білдіріп, қайта-қайта алғысын айтқан көрінеді. Мұны естіп, батырлықтарына біз де риза болдық. Сөйтіп екеуінің Төтенше жағдайлар қызметіне бейім екендерін аңғардым. Ал үшінші ұлым мүлде басқа салада қызмет етеді, – деп бір оқиғаны түгел баяндап берді әкесі.

ТОТЕНШЕЛИК (4)

Бірақ тура сол оқиғадан кейін ағайындылар Төтенше жағдайлар қызметіне бірден бара қоймаған. Екеуі де қаламыздағы еңселі оқу орындарында білім алған. Әрине, ол уақыттағы мамандықтары да қазіргі қызметтеріне онша қабыспайды. Үлкені әуелде дене шынықтыру мамандығы мен қаржы саласын таңдаса, кішісі Қайырбек басында құрылысқа қатысты арнайы білім алып, кейін 2006 жылы азаматтық қорғау саласына бет бұрған. Ал 2016 жылы ҚР ТЖМ Көкшетау техникалық институтын «Өрт қа­уіпсіздігі» мамандығы бойынша бітірді. Алайда екеуі де біраз жыл құрылыста еңбек етіп, табысын сол жақтан тапқан. Қайырбек Тұрарбек­ұлы әкесі айтқан оқиғаның белгілі бір деңгейде құтқарушы болуға деген құлшынысын оятқанын айтады. Себебі шарасыз күйге түсіп, жаны қиналған адам көрсе, шыдап тұра алмайтынын тілге тиек етті. Қайырбек азаматтық қорғау саласына баруды ұйғарған уақыттан бастап алғашқыда қарапайым өрт сөндіруші болып, қарауыл бастығы, бөлімше командирі, бөлім бастығының орынбасары лауазымына дейін көтерілген. Ағасы Нұрбек құтқарушы қызметіне 2012 жылы шақырту алыпты. Ол алғашқы уақытта қиын болғанын, десе де, сөйтіп жүріп көп қиындықты еңсергенін айтты.

– Расында, қызметке қабылданған жылдары қиын болды. Жұмыстағы аға құтқарушылардың айтқандарына мән беріп, үйреткендерін ұғып алуға тырыстым. Жалпы біздің жұмыста адамға физикалық және психологиялық тұрғыда мықтылық қажет. Өйткені түрлі табиғи немесе жол апаттарынан қайтыс болғандардың мәйітін көру, жарымжан боп қалған жандардың ауыр хәлдеріне куә болуға үлкен дайындықсыз барсаң қиын. Шілде айында жұмысқа кіріп, «Құтқарушы» лауазымын алғаннан кейін сыналдым десем болады. Қасымда бұрыннан осы салада еңбек етіп жүрген әріптестерім бар. Бізге берілген, нақтырақ айтсам, маған жүктелген тапсырма бойынша су ағысымен жылжып бара жатқан адамды жағаға әкелуім керек болды. Бұл жерде менің мүрдені көргендегі жай-күйім маңызды екенін кейін білдім. Біз мүрдені көргенде немесе қауіп-қатер төнгенде абдырап қалмауымыз керек. Жүзіп барып, су ортасындағы жансыз адамның денесін жағаға әкелдім. Содан кейін мүрденің адам шошытарлық жағдайын көріп, уайымдадым. Өмірде мұндай жағдайлар кездесетіндіктен адамның оған да еті үйрене бастайды екен, – деген Нұрбек Тұрарбекұлы осы саладағы еңбегі үшін биыл ҚР Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың грамотасымен марапатталған.

Бүгінде кейіпкеріміз Нұрбектің жары Жазира екеуінің мектеп жасындағы Есет пен Азиз дейтін ұлдары және Жұлдызай, Ару есімді қыздары бар. Ал інісі Қайырбек пен келіншегі Гаухардың Баян, Санжар, Дәулет есімді ұл-қыздары да мектепте оқиды екен. Осындай қызметте жүріп отбасыларына қаншалықты көңіл бөлетіндерін сұрадық. Құтқарушылар бір күн істеп, үш күн демалатындарын, сол уақыттарда балаларын тәрбиелеуге, ұл-қыздарымен көп уақыт өткізуге тырысатындарын айтты. Сондай-ақ олар отбасыларымен кей демалыстарда суға барып, балық аулап тұрады. Көбіне табиғат аясында серуендейді екен. Олардың кей күндері бар шаруадан тыйылып, 1-2 сағат балаларына шежіре айтып, жеті атасын құлақтарына құятындарын естіп, риза болдық. Құтқарушы деген қауіпті мамандыққа жауапкершілікпен қарап жүрген азаматтардың отбасыларына да қамқоршы екеніне сендік. Қос құтқарушының спортпен айналысатындары өз алдына, әдеби шығармаларды оқудан да алыс емес. Қазақ әдебиетіндегі ақын-жазушылардың шығармаларынан, олардың ішінде Абайдың өлеңдерінен рухани азық алады.

Міне, жан-жақтылық! Біздің ойлы оқырман өздеріңіздей азаматтардың батылдығы мен игі істерінен үлгі алар деген үміттеміз...

Аманжол Исламғали,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале