15.08.2022, 9:45
Оқылды: 112

Құрылыс қарқыны – өңір әлеуетінің кепілі

Мемлекеттік бағдарламалар бойынша әлеуметтік нысандар, инфрақұрылым желілері және қолжетімді баспана құрылысы жылдан-жылға қарқын алып келеді. «Нұрлы жер» бағдарламасының ауқымында облысымызда салынып жатқан үйлердің көлемі ұлғаюда. 2021 жылы 591 мың шаршы метр тұрғынжай, яки қалаларда көпәптерлі 5, ауылдық елді мекендерде 51 үй пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде жергілікті атқарушы құрылымдар кезегінде тұрған 912 тұрғын баспанамен қамтылды. Өткен жылы облыста 2 мектеп, 6 спорт кешені салынды. Құрылыс саласындағы басты жетістіктердің бірі – былтыр Орал қаласында 926 көрерменге арналған «Атамекен» мәдениет сарайы бой көтерді. Мәншүк Мәметова атындағы халықаралық әуежайдың ғимараты заман талабына сай жаңғырды. Биылғы жоспарға сәйкес мемлекеттік бағдарлама бойынша көппәтерлі 4 үй, ауылдарда 54 баспана салынады. Яғни үй кезегінде тұрған отбасыларға 1002 пәтер берілмек. Өңір дамуына үлес қосып жүрген құрылысшылардың, сәулетшілердің және инженерлердің қажырлы еңбегі ерен. Тамыздың екінші жексенбісі – Құрылысшылар күні қарсаңында облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұркен Молдашев салаға қатысты бірқатар сауалымызға жауап берді.

3

– Нұркен Еділұлы, кәсіби мерекеңіз құтты болсын! Құрылыс саласында қандай өзгерістер бар? Ауылдық жердегі кәсіпкерлер мен шаруа қожалық иелері асыға күтіп жүрген жоба жайын айтсаңыз. Яғни тұрғын үй салатын жұмыс берушілер шығынын өтеп беретін мемлекеттік бағдарлама іске қосыла ма?

– Биылдан бастап ҚР  Индус-трия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арендалық үйлер бойынша қаржыландыруды тоқтатты.  2022 жылға дейін арендалық үйлер салынып келді. Оған бөлінетін қаражаттың 90%-ы республикалық бюджеттен, 10%-ы – жергілікті бюджеттен бөлінген еді. Жалға берілетін баспана құрылысы облыс орталығы мен барлық ауданда жүргізілді, әсіресе, Бәйтерек, Жаңақала, Жәнібек аудандарында қарқынды болғанын атап өту керек.  Бұл бағытта былтырдан бері атқарылып жатқан құрылыстарды мердігерлер аяқтайды. Өзіңіз айтқандай, «Ауылда, кентте, ауылдық округте тұрғын үй салған жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау» жобасы іске қосылуы тиіс еді. Бірақ министрлік жаңа бағдарлама тетігін егжей-тегжейлі талқылап жатқан сыңайлы. Бір сөзбен айтқанда, бұл жобаны ел Үкіметі әлі қарастырып жатыр.

– Облыс бойынша білім нысандарын салуда кідіріс жоқ па?

– Биыл бюджет есебінен 6 білім нысанының құрылысы іске асырылуда. Оның үшеуі – Казталов ауданындағы жобалар. Атап айтсақ, аудан орталығында 600 орындық мектеп, Сарықұдық ауылында 60 орындық мектеп, Жұлдыз ауылында 108 орындық мектеп ғимараты бой көтеруде. Орал қаласында 300 орындық №18 мектеп, Бәйтерек ауданының Жамбыл ауылында 308 орындық мектеп және Щапов ауылында 420 орындық мектеп салынуда. Барлық мектеп құрылысы өндірістік жұмыс кестесіне сай атқарылуда. Кейінгі жылдары құрылыс компаниялары қаржылық қиындыққа тап болды. Осыған байланысты мектеп құрылысын тоқтатуға және қосымша қаржыландыруға тура келді. Мәселен, облыстық бюджеттің есебінен Орал қаласы мен Казталов ауданындағы 2 құрылыс нысанына  қосымша қаржы бөлу жоспарлануда. Жыл соңына дейін 6 мектеп пайдалануға беріледі.

5

– Қазіргі уақытта Президент тапсырмасына сай ауылдарда шағын жинақты мектептер салуға басымдық беріліп жатыр. Облыс бойынша осындай қанша білім ошағы салынады?

– Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы ауқымында 2025 жылға дейін 77 мектеп салынады. Соның 51-і шағын жинақты мектеп болады. Тоғыз жылдық білім жүйесіне арналған негізгі мектептер 60, жалпы орта білім беретін 11 жылдық мектептер 108 орындыққа есептелінген. Яғни мектептер ғимаратын жобалау ауыл тұрғындарының санына сай жүргізіледі. Бүгіндері 51 шағын жинақты мектептің 16-сының жобасы мемлекеттік сараптамадан өтті. Енді мердігерлерді анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Көктемде Қаратөбе ауданының Шалғын ауылында үйлермен қоса, білім ошағын су басқаны белгілі. Соған байланысты бір шағын жинақты мектептің құрылысы басталды. Яғни төтенше жағдай резервінің есебінен 60 орындық мектеп салуға қаражат бөлінді. 2023 жылы 19 ауылда шағын жинақты мектеп іске қосылады.

– Расымен де, биылғы наурыз-сәуір айларында облыс аумағында қызыл су жүріп, біраз ауылды әбігерге салды. Әсіресе, Қаратөбе ауданының Шалғын ауылы мен Жәнібек ауданының Жақсыбай ауылындағы үйлердің көбін су басты. Төтенше жағдай кезінде зардап шеккен  тұрғындарға арналған баспана салына ма?

– Әлбетте, су тасқыны салдарынан қиын жағдайда қалғандарға мемлекет қолұшын созуда. Жоспарға сәйкес Шалғын ауылында 23, Жақсыбай ауылында 7 отбасына арналған үйлер салынады. Яғни Жақсыбайда 195 миллион теңгеге алты пәтерлік үй мен одан бөлек бір баспана қалыпқа келтіріледі. Шалғындағы 23 тұрғын үйді салуға 595 миллион теңге бөлінді. Қысқы жылыту маусымына дейін қос ауылдағы баспаналар құрылысын аяқтаймыз.

4

– Нұркен Еділұлы, облыс жұртшылығын сапалы ауыз сумен қамту мәселесі өте өзекті. Осы бағытта құрылыс жұмысы қалай жүргізілуде?

– Қазіргі уақытта су беру нысандарының қарқынды жүргізіліп келе жатқаны белгілі. Былтырғы қорытынды бойынша ауылдық елді мекендерді таза сумен қамту үлесі 89,8%-ға жетті. 2022 жылы осы көрсеткіш 92%-ға жеткізіледі. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы ауқымында 35 ауылда сумен жабдықтайтын 26 нысан салуға және қайта жаңартуға бюджеттен 7,4 млрд теңге бөлінді. Облыс бойынша 416 ауылдық елді мекен бар. 2025 жылға дейін тұрғын саны 200-ге жетпейтін 127 ауылға кешенді блок-модуль қондырғысын орнату жоспарланды. Себебі шағын бір ауылдың өзіне су құбырын тарту үшін 200-300 миллион теңге жұмсау қажет. Бюджет қаражатын үнемдеу үшін жер асты суын сүзіп беретін кешенді блок-модульді пайдалану әлдеқайда тиімді. Мұндай бір қондырғыны орнатуға 15-20 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінеді. Одан бөлек межелі мерзімде 44 елді мекенді орталықтандырылған сумен жабдықтауымыз керек.

– Сұхбатыңызға рақмет! Кәсіби мерекеңізбен тағы құттықтай отырып, құрылысшылардың қажырлы еңбегі толастамасын, облыста тың жобалар жүзеге аса берсін деп тілеймін.

Нұртай Текебаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале