6.01.2021, 12:07
Оқылды: 272

Қызыл бұқа бүй деді (жаңажылдық әзіл)

Қартайған Қызыл бұқа қорадан еріне басып сыртқа шықты. Саршұнақ аяздан болар, аузы-мұрнынан будақ-будақ бу ұшты. Тұяғымен жерді тарпып-тарпып жіберіп еді, бірақ қатып қалған жер еш мызғымады. Су аққан мұрнын аспанға қарай әнтек көтере мө-өө-ө-ө! - деп өкіре мөңіреп жіберді.

 Қызыл бұқа бүй деді

Кепкенсай ауылының баспағы, торпағы, сиыры, өгізі барлығы Қызыл бұқа тұрған жерге қарай шұбырды. Олардың ішінде Күлшетай кемпірдің мүйізі сынық ала сиыры да, Жәукен қарттың мұрны кесілген көк өгізі де, тал түске дейін ұйықтайтын, жалқау Бәдіштің сауылып көрмеген, бұзауы еміп қоятын қоңыр қашары, Қатыштың тоқалы бәрі-бәрі бар. Қызыл бұқа қызарған көзімен барлығын бір шолып өтті. Өзінен тараған тұқымдар... Даусын шығарып тағы бір өкіргісі келіп еді демі жетпей, шиқылдады  да қалды. Мө-ө-ө-өө! Құмыға шыққан үнімен Қызыл бұқа сөйлеп кетті.

– Уа, Зеңгі баба ұрпақтары! Бізді де бір мал екен ғой деп еске алатын жылға жеттік. Тіршілікте ешкімге пайдасы жоқ Тышқан жылы кетіп бара жатыр. Белімнен күш кетіп, қартайсам да көріп, біліп отырдым. Оңбай кеткір тышқан екі аяқты қожайындарымызды өздері сияқты інге тықты.

– Індет келді, пәле келді, сақтанамыз! - деп қожайындарымыз айлап жатып алды. Бұрыннан да жалқау қожайыным осыны сылтауратып бір айыр шөп салуды да ұмытып кетті. Ақырында көктемде көтерем болып қалдым... Әйтпегенде, көктемде «Қарт қойнында қалаш бар» дегендей, күлді шашып, өкіріп, бақырып жүретін едім, тұқым қалдыратын едім...

Ендігі жағдай мынау, көктемге жетіп көкке аузым іліге ме, білмеймін?.. Мө-ө-ө-өө!

Айтайын дегенімді миларыңа тоқып алыңдар. Зеңгі баба бізге аманаттап кеткен жерге ие болып қаламыз ба, ұрпақ-торпақтарымыз осы жерде өсіп-өне ме? Осыны ойлап жүрсіңдер ме? Ойлап жүрмеген сияқтысыңдар. Айналаңа қараңдар, мына екі аяқты қожайындарымыз «пайдаға кенелеміз!» деп Крепорд деген мойны қыртыс-қыртыс бұқаларды әкеліп жатыр...

Бұл өз алдына. Біз білмейтін бір қиырдан қап-қара Аңғұс пәлесін тағы әкелді. Әлгі өздері «ата жауымыз» деп айтатын «қалмақ тұқымын» да сатып алып жатыр. Сойқанның көкесі енді басталған сияқты. Жақында мойнына қылғындырып тағып алған кәлстігі бар шидиген біреудің қожайыныма, – Мына Қызыл бұқаның тұқымынан пайда жоқ. Бұларды етке зытырып, шошқа сатып алыңдар. Қып-қызыл ақшаның астына қаласыңдар, - деген әңгімесін естіп қалдым. Мө-ө-өө-ө-өө-! Қызыл бұқаның үні тіптен күңгірттеніп кетті.

Күйіс қайырғандай аузын бір қисақтатып алған Қызыл бұқа әрі қарай сөзін тағы бастап кетті.

– Кінә сендерде бар. Жыл сайын торпақ әкелу жоқ. Кейбіреулерің қысыр қалып, семіріп, соғым пышағына ілініп жатсыңдар. Мына жүріспен көбеймейміз. Тіпті сорақысы өткен жылда қораның көлеңкесінде жатқанымда, қап-қара Аңғұс бұқаның қасынан айналшықтап кетпей жүргеніңді байқап қалдым. Ертең дүниеге қара торпақ әкелетін болсаң, белімнен күш кетсе де, мүйізімнен күш кете қойған жоқ. Ішек-қарныңды жарып жерге түсіремін, - деп Қызыл бұқа жалқау Бәдіштің қоңыр қашарына қызарған көзімен алара бір қарап, бар күшімен өкіріп жіберді. Мө-ө-ө-өө-!

Осы арада қоңыр қашар да шыдай алмай, әңгімеге араласып кетті. – Маған не дейсіңдер?! Осы жердің ақбасы деп алып келген екіжылдық бұқашық бізге қарау түгілі, жамбасы қушиып, тілерсегі бір-біріне соғылып шақ жүр... Амал жоқ, «Тана көзін сүзбесе» деген бар ғой... Жалынышты мөңіреп жіберді. Мө-ө-ө-ө! Қашары, құнажыны бар шұбатылған құйрықтарын бұлғақтатып қоңыр қашардың сөзін қостап бара жатыр еді, Қызыл бұқа өкірген үн шығарғанда, бәрі жым бола қалды.

– Түрлі сылтау айтуды қойыңдар! Сендерді жинап алғандағы айтайын дегенім, қалай еткен күнде де, Зеңгі бабамыздың тұқымын жойып алмау болып тұр. Ол үшін не істеуіміз керек? Мына жерімізді жайлап бара жатқан Крепорд, Аңғұс тұқымдарының өсуіне жол бермейік. Амал жоқ, түрлі әдістерге барамыз. Іштерін кептіріп жіберетін шытыр шөбін жеуге үгіттеңдер. Қотыр, соқыр жасайтын ақселеу өскен жайылымға бастап барыңдар. Нәрі жоқ қара қоғаны талғау жасауға үйретіңдер. Бөрісі көп сайжыраға апарыңдар. Оңаша шыққан бұқашықтарын жабылып сүзіп тастаңдар. Ал ана шошқа деген пәленің (тоғыз-оннан туады дейді ғой) ауласына бұзып кіріп тапап, жарып тастаңдар. Осылай жатжерліктерге қарсылық көрсетсек, өздерінен-өздері тозып кетері сөзсіз.

Енді мына төбеде отырған қожайын дөкейлер де жылымыз болғасын, бізге қарай мойындарын бұрар деп ойлаймын. Өздері сүтімізді, қаймағымызды ішіп-жемесе де, әке-шешелері жеп, өсіп-өнді ғой.

Аңғұс-қарақұстарына бөліп жатқан сөпсидиаларынан бізге де бөлер. Бұзау-баспақ-тарымыз көбейсін! Қызыл бұқа өкіріп,  қазандай басын шайқап-шайқап жіберді.

Мө-ө-ө-өө!

Серік Жұмағалиев,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале