3.08.2021, 9:47
Оқылды: 448

Лагерьде ерлік сабағы өтті

Бәйтерек ауданы оқушыларының жазғы демалысын мәнді де сәнді етіп өткізу үшін барлық жағдай жасалды. Қазіргі таңда Переметный ауылындағы жас туристер стансасы жанынан құрылған «Достық» жазғы сауықтыру лагерінде бірнеше округтен келген балалар демалуда. Оларға түрлі спорттық ойындар және басқа да қызықты шаралар ұйымдастырылады.

Screenshot_20210803_085754

Аудан орталығындағы барлық мекеме-ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайтын лагер патриоттық тәрбиені басты орынға қояды. Сол себепті ерлік сағаттары мен қызықты басқосуларды да жиі өткізеді.

Жуырда аудандық балалар кітапханасымен біріккен лагерь басшылығы ел Тәуелсіздігінің – 30, Исатай батыр Тайманұлының – 230, Исатай-Махамбет көтерілісінің 185 жылдығына арналған «Халқына қалқан болған ер Исатай» атты ерлік сабағын өткізді.

Сабақ барысында кітапханашылар балаларға тарих бетінде өшпес із қалдырған, қазақтың біртуар ұлы Исатай Тайманұлының өмірі мен ерлік жолы, Исатай мен Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтеріліс туралы мол ақпарат берді. Кейін кітапханашы Аягүл Қазбекқызы ел тарихына қатысты викторина ұйымдастырды. Сұрақ-жауапқа ұласқан қызықты ойын сұрақтарына Тілек Қадыралиев, Ізбасар Ақболатов, Әділет Ерболат, Жандос Аманжол сынды демалушылар еркін жауап беріп, белсенділік танытты.

Сондай-ақ шара кезінде балалар назарына ел тарихындағы қанды оқиғалардың бірі туралы жазылған «Исатай батыр», «Қазақтың хас батырлары» атты ғылыми-танымдық энциклопедиялық жинағы және Әнес Сарайдың «Исатай-Махамбет тарихы» зерттеулері ұсынылды. Қазақ тарихында ойып тұрып орын алатын батырдың ерлігін, бүгінгі ұрпаққа үлгі ету оның есімін ардақтап, жас ұрпақтың зердесіне ұялату мақсатында өткен шара балаларға ерекше әсер етті.

Осы ретте орталық балалар кітапханасының қызметкерлері Батыс Қазақстан облысы әкімдігі білім басқармасының Бәйтерек ауданы білім беру бөлімі жас туристер стансасының директоры Галина Тереховаға және Альбина Ғаббасова, Нұркен Касимов, Мария Челнокова сынды тәрбиешілеріне алғыс білдіреді.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале