3.03.2022, 9:20
Оқылды: 151

Мәңгілік тақырыпқа диалог

«Үзілістің» бүгінгі қонағы - «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР Білім беру ісінің, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Казталов ауданының құрметті азаматы, дәстүрлі өнер жолын жалғастырушы, термеші-әнші, сазгер, ардагер ұстаз Баян Құбайқызы Қабиева.

IMG-20220224-WA0023

Дариға Ғазезқызы:

«Алмас қылыш сыналмас,

Айқасқан жерден аршындап,

Қиялай тартып шаппаса...

... Жақсы менен жаманның

Арасы жер мен аспандай.

Мырза менен сараңды -

Өлшестіріп қарасаң,

Ылди мен зәулім асқардай.

Ғалым менен наданды -

Салыстырсаң білерсің,

Дария шіреп тасқандай.

Әр нәрсенің осындай,

Алғандарға парқы бар,

Қадірін білсең, мысалы,

Кәрілік пен жас қандай?

Опасы жоқ дүние

Өте шығад бір күні

Көзіңді жұмып, ашқандай» деген Балқы Базар жыраудың дала  данышпандығына толы сараман термесі сарнап, күнде эфирден беріліп, санаға сіңіріліп жатса да артық емес...

Байқалып-байқалмай заулаған  жүйрік уақыт ішінде алмас қылыштай  қиядан тартып шаба білу үшін де көп қайрат,  көп еңбек, ерік-жігер керек екенін  бір кісідей-ақ бастан өткеріп, табандылығыңды да, талантыңды да анық  дәлелдеп шыққандардың бірі өзің ғой, Баян.

Бойға біткен асыл өнердің қанатын талдырмай, қауырсынын жұлдырмай, биік алып жүру жолында қанша ыстығына күйгенің,  қаншама суығына төзгенің  еңбек жолыңда сайрап жатыр. Нәтиже де толып тұр.

«Хабиевтер жанұялық ансамблі»,  «Әжелер шапағаты» қоғамдық бірлестігі, өнерімен өңірдің ажарына ажар қосқан, атақ-даңқымен алысқа танылған,  халықаралық, республикалық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы «Қыз Жібек»  дәстүрлі әншілер ансамблі  – барлығы да таза еңбегіңнің жемісі.

Бәрі неден басталып еді? Өнерге құштарлықты айтам.

Баян Құбайқызы:

«Әр жерде жүйрік бар шығар,

Алқаға түсіп, жүлде алған.

Томағамды ал да топқа сал,

Бәйгемді алмай құр қалман!» деп Сартайдың термесімен сайрап, сол термелермен өз жанымызды да қайрап жүріп жетілдік. Қай бұлақтың да бір бастауы болатыны анық.

Анам, марқұм, әнші еді. Даусы керемет.  Таңертең де, кеште де сүт  тартқанда  сепаратордың үнімен жарысып,  қара өлең  айтып отыратын. Қара өлеңнің тармағы көп. Қазір ойласам,  мамам жанынан да өлең құрап айтады екен ғой. Жастай қиылып, арманда кеткен  бауырын:

«Құдықтан екі шелек су аламын

Біреуін біреуінен кем аламын,

Бауырым, сен есіме түскен кезде,

Күрсініп екі иықтан дем аламын-аай» деп әнге қосатын.

Сол інісі, менің туған нағашым Сатыбалды – аса өнерлі, домбырашы, әнші, ақын, сері кісі болған. Өмірден үйлен­бей өткен, артында мұра болып көп жазбалары мен қара өлеңдері қалған. Осы нағашым мен 7-сынып оқып жүргенде «Менің Баяным өскенде баян тартады» деп айтып кеткен. Білмеймін, қалай болжағанын.

Тағы бір нағашым, Сатқали – қара сөздің шебері, елді аузына қаратқан шешен болды. Қарапайым шопан болса да, кітаптарды қапқа салып алып жүріп оқитын қазыналы жан еді. Сенің әдебиет пен өнер әлеміне жолың атаң мен әжеңе жыр-қиссаларды оқып беруден басталғанын білем ғой әңгімелеріңнен. Ал менің жолым осы нағашыларымның ізінен  жалғасқан  сияқты.

Дариға Ғазезқызы:

– Иә, ата-әжемізге немерелер концертін қойып, «әртіс»  болып ойнаушы едік...

Шын әртістер ат басын бұра бермейтін  ұядай ғана  кішкентай ауылда өскенбіз. Кітап қоры мол кітапхана болған, Құдай сақтап. Сосын сирек те болса,  поштамен газет-журнал келеді қап-қалың сары қағаз мөшектермен. Баспасөзге жазылуда алдына жан салмайтын әкемнің көрегендігіне риза боламын осы күні. Интернет түгілі, телевизоры жоқ ауылда радио тыңдап,  кітап оқып жүріп-ақ рухани қазынадан құр қалмаппыз.

Баян Құбайқызы:

– Концерт қою демекші,  бұрынғы Жалпақтал ауданының Никәләй аула  деген ауылында тұрдық.

Кішкентай клуб болды сонда. Әлгінің есігі де кілттенбей,  ашық жатады.  Мектепке әлі бармаған кезім, бірге ойнайтын қыздарды «Концерт қоямыз» деп жинап алам да, оны көруге өзімнің мамам бастаған шешелерімізді шақырам. Не айтып, не қатырып жатқанымызды Құдай білсін, соған шатырлатып қол соғып, мәз болып отыратын ауыл көрермендері әлі көз алдымда. Талпындырып жүргендері екен ғой сол. Менің әнге, өнерге құштарлығым осылайша басталған. Әкемнің қызмет ыңғайымен жиі көшіп,  біраз ауылдарда  тұруға тура келді. «Ақкөл» совхозындағы орта мектепте алғаш домбыра, баян үнін естіп,  есіл-дертім соған ауды.  Тіпті баянның (осы күні сырнай дейді ғой)  сырлы даусын естісем болды, жылағым келіп, көзімнен жас парлайтын... Шыдай алмай, шығып кететінмін баян  үні естілген бойда. Оның не құбылыс екенін әлі күнге түсінбеймін.

Бір қызығы,  баянды да,  домбыраны да  шұқылап жүріп өзім үйрендім.  Жалпы,  өз бетімше, өз ауаныммен жүретін әдет сол бала кезден қалыптасқан  шығар. Өмір жолымда да, өнер жолында да солай болды. Қазіргі тілмен айтқанда «авторлық бағдарламамен»  өмір сүріп келем.

Домбыраның  «репрессияда» жүрген,  дәстүрлі өнердің аяғы тұсаулы тұрған кеңестер үкіметінің  кезінде  концертке қоспай, сахнаға шығармай, ит қылатын баз бір  басшылар...

Соларға ыза болып, әдейі жанұялық ансамбль құрып алдым да, өз концертімізге  солай жол аштым. Айтсаң, әңгіме көп... Ең бастысы,  рухымызды шыңдай түсті сол қиыншылықтар, көзге көрініп-көрінбей жасалып жататын қиястықтар. Бәрі де болды,  болады да, өмір болғасын.

Күресте жетілдік. Тек қана еңбек арқылы күрестік, әрине.

Дариға Ғазезқызы:

– Сөйтіп қонған арқалы өнердің мегзеуімен асқақ Алатау жаққа, Алматыға аттандың. Тыңдап отырсам,  оқуға түсуіңнің өзі де бір қызық тарих.

Әлдебір періштелер жан-жағыңнан қоршап апарып,  дәстүрлі өнер арнасымен тоғыстырып жібергендей.

Баян Құбайқызы:

– 17 жастағы балауса шақта арман қуып, Алматыға жеттім. Музыкалық білім алу үшін қайда, қандай оқуға тапсыратынды да білмейміз ғой. Опера-балет театрына құжат тапсырыппын.

Сеңдей соғылысқан абитуриенттер. Жұрт фортепьяномен емтихан тапсырып жатыр, домбыра құшақтап жүрген жалғыз мен. Айтатын әнім – «Әдемі қыз». Сонымен, опера-балетке өтпесем де, осы емтихан мені қыран бейнелі  Ғарифолла Құрманғалиев ұстазымның алдынан бір-ақ шығарды. Ол кездегі адамдардың бір-біріне деген аппақ пейілін айтып жеткізу мүмкін емес қой, шіркін. Бұл жерде де  сол баяғы «Әдемі қызды»  айтып бердім аңқытып. Ғарекең тыңдап болып, бетімнен сүйіп, «Болды,  қабылдандың»  деді. Қазір ойласам,  тіпті қабылдау емтиханы тамызда өтіп кеткен, студенттер картоп жинаудан келіп жатса, мен  қыркүйекте  енді жетіп тұр екенмін ғой. Шынында да,  әруақтар қолдаған шығар. Қалай болғанда да,  қаншама қалтарыс-бұлтарыстардан осы өнерге деген бір алапат құштарлықтың алып шыққаны рас.

Ерте тұрмыс құрып, балабасты болып,  өнерден де, оқудан да амалсыз қол үзіп  қалған жылдар болды. Бірақ келе-келе өнерсіз өмір сүре алмайтынымды түсіндім. Балалар бауырын көтерген соң, Орал педагогикалық колледжіне оқуға түсіп, музыка пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықтым. Өзіміздің Жаста (бұрынғы Жалпақтал ауданы, Қараөзен округі) мектептегі үйірме жетекшісі болып жұмысқа тұрдым. Келесі жылы мамандығым бойынша  аз да болса сағат  жүктемесі мен класс жетекшілігін қоса берді. Оған қандай қуандым! Класс оқушыларынан домбырашылар ансамблін құрып, бәріне  концерттік ұлттық киім тігіп, шабыттана кірістім.

Мен ұстаздыққа осылайша бет бұрдым. Өзімді таптым. Мектептің ғана емес, аядай ауылымыздың қоғамдық тынысына құлаштап қойып кеттім. Ауылдың адамдары қандай,  үп еткен жаңалыққа қуана ілесіп, қолдай жөнелуге әзір тұрады. Неше түрлі концерт өз алдына,  тіпті интермедия, пьесаларды құрастырып, театр құрып жіберу­ге шақ қалдық.

Сондағы алып жүрген жалақым 37 сом, «ақшасы аз ба, көп пе деп емес, атқарылған жұмыс бар ма, жоқ па»  деп қараушы едік қой ол кезде. «Жалақысы қанша?» деп алдын-ала сұрап, білуге ұялатынбыз... Бүгінгі күннің баспалдақтары осылай басталған.  Шүкір. Өнер жолында биікке самғаған, жұлдызды шәкірттерім  баршылық.  Жолымды қуып, музыка пәнінің мұғалімі болғандары да бар. Басқа мамандық иелері болып шықса да,  домбыраларын қалдырмай, орталарын  думанға бөлеп жүргендерінің өзіне не жетеді. Сәлем бере келіп,  домбыраны қолға алып бәз-баяғыша әнге басқандарын көргенде еңбегімнің текке кетпегенін көріп,  бір жасап, тебіреніп  қалам. Арман болған үлкен сахнаға да республика, облыс көлемінде ән шырқап, өнер жолында жүрген талантты шәкірттерім арқылы жеттім деп есептеймін.

Дариға Ғазезқызы:

– Үпір-шүпір бес балапаныңды жеткізіп,  оларды да өнерден кенде қылмай өсірдің. Жібегің ғалым, елге танымал айтыскер болып, өнер бәйгесінен талай жүлдені еншіледі. Дидар,  Әділхан, Асылхан, Қарлығашың бәрі де өнерден құралақан емес, өмірден де өз орындарын тапты. Немере-шөберелердің де осы жолды жалғастырып әкететіні қазірден-ақ байқалады.

Менің қайран қалатыным, «Қыз Жібек» ансамбліне өңкей бір дауыстары зор, талантты шәкірттерді қалай табасың бір ғана Жалпақталдан. Бәрі әнші болып кеткен бе бұл елдің?

Баян Құбайқызы:

– Жалпақталда дәстүрлі өнер,  яғни, терме класының қалай ашылғаны өзіңе де аян. 1990 жылы 15 қазан күні Жалпақтал музыка мектебі жанынан  облыста бірінші терме сыныбы ашылды. Тыңнан бастау оңай болған жоқ. Бағдарламасын, әдістемелік жөн-жобасын, бағыт-бағдарын анықтап,  жолға салып алуда көп іздендік. Бірінші сенгенім – халықтың қолдауы,  екінші сүйенішім – өзімнің жинақтаған азды-көпті іс-тәжірибем болды. Ұлттық өнерге сусаған елдің  сенімі мен үміті жігер де берді,  жауапкершілік те жүктеді. Сол кездерде Жалпақталға 40-50 шақырым жерлердегі сонау Көктерек, Сарықұдық, Ақкөл, Жас ауылдарынан балаларын оқуға тасымалдап әкеліп оқытатындар да болушы еді. Мұндай пейілді  көріп тұрып  қалай тыныштық табарсың. Қалай шегінерсің. Ол кезде техникалық құрал да жоқ, тек қана ынта, ықылас-ниетпен  тырбана бердік. Бірте-бірте тәжірибе жинақтала берді. Кейін Асылханым  көмекке келіп,  нығая түстік.

Алдымызға келген баланы  үйрене алмайды деп  талабын қайтарып көрмеппін. 2-3 сыныптан бастап қабылдаймыз ғой, титтей күндерінен. Үйренбейтін бала  болмайтынына көзім жетті осы 47 жыл ұстаздық тәжірибемнің ішінде.

Солақай болып келген бала  домбырасын оңқай тартып шығады. Жаңылтпаш арқылы, терме жаттап айту арқылы тіл мүкістігінен, тұттықпадан құлан-таза жазылып кеткен де шәкірттерім болды. Дауыстары қалай-қалай ашылады дейсің аңқылдап. Таңқаларлық талай керемет жағдайларға  куә болып келе жатырмын. Ең бірінші шарт – баланы жақсы көру. Жұмысқа деген,  шәкіртке деген тартылыс күші болмайынша іс  оңбайды.  Өнер арқылы  тәрбие алған бала жаман болмайды. Ұлтымызға,  адамзатқа тән саф қасиеттердің құлыбы дәстүрлі өнердің өн-бойына жасырылған ғой, дұрысы. Сол құлыпты ашуға дәнекер болып жүргеніміздің өзі бақыт.

Бас бәйгені жеңіп алып, жүздері қуаныштан бал-бұл жанған балалардың  шаттығын көргенде  кешкен бейнет, өткен қиындықты ұмытып кетесің.

Дариға Ғазезқызы:

– Мектептен тыс білім беру мекемесі,  яғни өнер мектептері мен білім мектептерінің жұмыс ырғағын үйлестіре, келістіре жүргізу де оңай емес. Жұмыс аптасының ішінде уақыт таппай,  демалыс күндері, тіпті кешкілік уақыттарда шәкіртке үйден дәріс беріп жүретін кездерің болатынын көріп қалып жүремін. Бүгінгідей баланың жүктемесі  ересектер жүгінен де ауыр болып мұрындарынан шаншылып, үлкен де, кіші де  қапылып  жүретін кезеңде  Қожекең айтпақшы, «Жаңбыр-жаңбырдың арасымен» қалай амалын табуға болады? Бағдарлама көп, бала – біреу. Бәріне үлгіртеміз,  бәрін білгізіп шығарамыз деп үстемелей-үстемелей бастарын қатырып,  тіпті үйрену атаулыдан бездіріп, «ұшындырып»  жіберу де мүмкін ғой. Мектептер эксперимент алаңына,  оқу ісі бағдарламалар  жәрмеңкесіне айналып бара жатқандай көрінетіні бар.

Сапасыз оқулық, санасыз реформалардың бас-аяғын бажайлап, саралаудың өзі қиын.

Оқушыны аяйсың. Олардан сұрап жатқан ешкім жоқ.

«Ақыл – жастан» деген даналар сөзі қашан есімізге түсер екен?

Баян Құбайқызы:

– Қазір біздің сала  да, басқасы да басқаша  бағытқа ойысып бара жатқан сияқты.

Басқа нәрсені ойлаймыз. Ең бірінші – АДАМ тәрбиелеуіміз керек қой.

Дұрыс адам тәрбиелеуіміз керек. Спорт, өнер тәрбиесі балаға ауадай қажет. Өнері бар адамдардың жүрегі басқаша болады, өнерден қор болмайды бала. Цифр қуалаған заман.

Бұрынғы жұмыс ырғағы қайда кетті?  Бала түске шейін оқып, түсқайта өз қалауынша, өз талабына қарай шұғылданушы еді ғой. Қазір, тіпті, балада бос уақыт жоқ. Майысқан сабақ кестелері, аққан факультативтік сабақ. Сенбі күні де мойындары босамайды. Бұл жақсы емес. Мектеп пен қосымша білім беру  орындары өзара келісіп, біріге, үндесе жұмыс істемесе болмайды.

Оңай уақыт емес, заман күрделі. Құртақандай Қазақстан қырық оттың ортасында қалғандай көрінеді кейде маған. Ең аяғы дін де бұзылып,  дүние бүлініп кетудің аз-ақ алдында тұрғандай қорқатыным бар.   Бастарына  бәлен түрлі бүркеу салып,  бөтен жолға түсіп кеткен жастардың бетін қайтіп бері қаратамыз енді?  Меніңше, осының бәрі тәрбие ісін ақсатып, сыңаржақ бағытпен кеткеннің  кесірі. Тәрбие – ұлы іс. Ата-әжелер  мектебі,  әке-шеше,  ауыл-үй,  мектеп,  қоғам болып тәрбиеге сергек қарамасақ, жабылып қолға алмасақ,  бара-бара әбден тұйыққа тірелгенде кеш болуы мүмкін.

Дариға Ғазезқызы:

– Мәңгіден келе жатқан және мәңгілікке баратын бұл тақырыптың қашанда маңызды һәм өзекті екені  кім-кімге де аян. Жаңартамыз, жаңғыртамыз деп жүріп,  бабалар қағып кеткен қадалар мен қағидаттардан айырылып қалмасақ екен. Жалпақталдың төрінде есігін айқара ашқан «Дәстүрлі өнер орталығы» осы олқыны толтыруға өз үлесін молынан қосады деп сенемін. Себебі үйге емес, осы орталыққа жетуге, руханиятқа тынбай қызмет етуге асығып тұратын өзің барсың онда. Аман жүр. Ізденістер мен ізгі істер орталығы болсын. Еңбегің  жансын!

Дариға Мұштанова,  

«Үзіліс» арнайы бетінің

қоғамдық редакторы,

Ы. Алтынсарин белгісінің иегері,

ҚР Білім беру ісінің 

құрметті қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале