24.12.2019, 16:07
Оқылды: 265

Мәжит ағаның мектебі

Адам өмірде мықты мектеп қалыптастыруы үшін өзі де сан тараулы соқпақтардан, түрлі мектептерден өтуі керек-ау деймін. Мәжит Қайырғалиев ағамыз облыстық «Орал өңірі» газетіне қызметке кіріскенге дейін де бірнеше өмір мектебін артқа тастаған еді.

mahzhit

Әуелгі қадамын мектептегі қарапайым мұғалімдіктен бастаған ол оқу ісінің меңгерушісі болды.

Бұрынғы Тайпақ ауданының мәдениет бөлімін алты жылдан аса басқарды. Облыстық кино тарату басқармасының аға инспекторы, Орал қаласындағы «Мир» кинотеатрының директоры қызметін де біраз жыл атқарды. Облыстық газеттің өзінде жиырма жылдай журналист болып, редакция тізгінін 53 жасында қолына алған екен. Бұл – адамның нағыз кемеліне келетін кезеңі. Өмірлік тәжірибесі, көрген-түйгені мол Мәжағамыз бас редакторлық қызметке кіріскенде тәуелсіздіктің таңы жаңа атып келе жатты. Өмір мектебінде шыңдалған ағамыз сол 1991 жылдардағы қиын-қыстау уақытта облыстың бас басылымын құлдыраудан аман сақтап, редакция ұжымын өтпелі кезеңнен аман-есен алып шықты. Сөйтіп, өзінің мықты журналистік мектебін қалыптастырған еді.

Мен осы мектепке дейін ұзақ жол жүрдім... Бухгалтерлік жұмыс, одан соң комбайнер, тракторшы, шопан сияқты сан түрлі кәсіптің басын ұстағаныммен, бала күнгі бір арман жаныма маза бермеді. Жасым отызға жетіп қалса да ақын, журналист, жалпы қолына қалам ұстаған адамдарды әулиеден кем көрмей, қатты құрмет тұтатын едім. Ал қазақ редакциялары мен үшін Меккеден кем емес қасиетті һәм киелі мекен сияқты. Жазған-сызғандарымды алып ең бірінші қасиетті қара шаңырақ «Орал өңірі» газетінің табалдырығын аттағанда, қандай күйді бастан кешіргенімді әлі күнге бейнелеп айтып бере алмаймын. Әйтеуір бір киелі, қасиетті мекенге еніп келе жатқандай бойымды алабөтен толқу билеп, аяғым кібіртіктей бергені есімде. «Орал өңірінің» мысы, айбары  басатыны сондай, «Баспа үйінің» бесінші қабатында орналасқан редакцияның дәлізіне ұзынынан төселген қызыл қалы кілем үстінде еркін адымдауға батылым жетпей, екі шетіндегі жалаңаш еденімен жүретін едім (ол уақытта «Орал өңірі» қаладағы ең үлкен Достық даңғылының бойындағы еңселі 7 қабатты «Баспа үйінде» орналасқан. Бұл қаланың қақ ортасы. Тұрған жерінің өзі айбарлы көрінуші еді-ау). Екі қапталдағы қаз-қатар есіктердің бірде-бірін қағуға тәуекел ете алмай, ұзын дәліздің басына дейін барамын да, қайтадан кірген ізіммен кері шығып кетемін. Бір есіктің алдына тоқтап, кіргім-ақ келеді. Бірақ атқақтай соққан жүрегімді баса алмағандықтан, бөгелмей өте шығамын.

Осылай сан келіп, сан кеттім. «Орал өңірінің» дәлізімен бір өтіп шығу – мен үшін ерлік. Көшеге шыққанда, неге екені белгісіз, біртүрлі көңілім көтеріліп, іштегі журналист, ақын-жазушылармен еменжарқын тілдескен адамдай қанаттанып келе жатамын. Мұның бәрі сонау бала кезімнен «журналист болсам» деген ұлы арманыма өз қатарымнан кештеу қадам басқанымның әсері шығар деп ойлаймын. Нені қатты армандасаң, ол одан сайын биіктеп, одан сайын қадірі арта түседі емес пе!

Талай мықты қаламгерлердің ізі қалған редакцияға еркін кіріп, ешкіммен тілдесе алмасымды ұққаннан кейін, ақыры бір топ өлеңдерімді әдемі конвертке әспеттеп салып, «Орал өңіріне» жолдап жібердім. Арада көп уақыт өтпей он шақты өлеңімнің үш-төртеуі газет бетінде жарқ ете қалғанда, төбем жеті қат көктен де асып кетіп, жерге әзер түстім ғой...

Сөйтіп жүріп редакциядағы жігіттердің ішінен ең алдымен сол кезде облысқа аты шығып қалған ақын Қобылан Қуановпен таныстым. Өлеңдерімнің бір-екі жерінің «мұртын басып», газет бетінде жарқ еткізген сабазыңыз сол екен. Араға біраз уақыт салып Оралда өткен жыр мүшәйрасына ауылдан қатысам деп келіп, белгілі журналист, қазіргі уақытта ел газеті «Егемен Қазақстанның» Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Қазбек Құттымұратұлымен жақын таныстым. Ол сол жыр мүшәйрасында маңдайы жарқырап топ жарып келді. Қазбек бүтін болмысымен журналист болып жаратылған жан ғой, маған аса елгезектік танытып, қолымдағы бар жазған-сызғандарымды алып қалып еді. Көп кешіктірмей «Орал өңірінің» соңғы бетінің жартысынан асырып, жеті-сегіз өлеңімді жарқ еткізді. Айыбым – ауылда жүр демесеңіз, көңілім баяғы өзіме таныс жеті қат көктің үстіне қайта қалықтады.

Содан кейін бірдеңе жаза қалсам, «Орал өңіріне», тура Қазбектің өз атына жолдап жіберіп, аяғымды аспанға көтеріп қойып, газетті күтіп жататын «жаман әдет» таптым. Қазекең де көп сарғайта қоймайды. Арада бір жылдай уақыт өткенде ауыл аралап жүрген миссионерлер жайлы жазған мақалам республикалық «Жас алаш» газетінің бірінші бетінде жарқ еткенде, тіпті айран-асыр болдым. Сөйтсем, Қазбек «Жас алаш» газетінің Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшілігіне ауысқан екен...

Қазекеңмен арадағы таныстығымыз кейін достыққа ұласты. Қазбек адал дос, жақсы азамат ретінде журналистикадағы жолымның қалыптасуына үлкен қолдау көрсетті. Дәлізінен жүруге жүрексінетін «Орал өңіріне» бірге ертіп апарып, редакциядағы қыз-жігіттердің барлығымен таныстырды. Біраз уақыт Қазбектің пәтерінде бірге тұрғанда журналистикаға қатысты оқулықтарды да парақтап шыққан едім, сол кездегі «Хабар» агенттігінің облыстағы меншікті тілшісі, марқұм Азамат Қалымбетовпен де Қазбек арқылы жақын араласа бастаған соң журналистердің аурасына бойым үйренейін деді. Азамат та маған жылы сөзімен жиі дем беретін.

Сөйтіп, әрі досым, әрі алғашқы ұстазымның қолдауымен 2001 жылдың қаңтар айынан «Орал өңірі» редакциясына жұмысқа қабылдандым. Сол кездегі газеттің бас редакторы – ақын, қылқалам шебері, Қазақстанның құрметті журналисі Мәжит Қайырғалиев ағамыз. Шашын артқа қарай жатқызып тараған, үстіне киген костюм-шалбары жаңа ғана ине-жіптен шыққандай тап-таза болып жүретін адамды көргенде, «партия қызметкеріндей өте қатал, талапшыл адам-ау» деген ойға қалып едім. Кейін оның үлкен жүрек иесі екеніне сан мәрте көзім жетті. Өзі жас жігіттердей шалт қимылдайтын ағамыздың мінезі де сондай, бір айтып, бір кеседі екен.

Мен, әрине, ол кезде үлкен қара шаңыраққа қызметке кіріскенімді сезінгеніммен, Мәжит ағаның журналистік мектебіне қабылданғанымды білген жоқпын. Иә, бұл бойымыздағы журналистік қарым-қабілетті, білім-білікті шыңдаған үлкен мектеп болды. Еліміздің батыс өлкесіндегі талай журналист осы мектептен үлкен басылымдарға қанат қақты.

Бала кезден бергі арманына адам кенеттен қол жеткізгенде өңі мен түсін айыра алмай, бір ессіз күйге түседі екен ғой. «Орал өңіріне» алғаш жұмысқа кіргенде, мен тап сондай жағдайда едім. Міндетке қатал Мәжит аға сынақ мерзімін бір айға белгілеген. Тиісті материалдардың бас-аяғын жинай алмай, сең соққан балықтай кіресілі-шығасылы болып жүрген адамға бір ай деген не тәйірі?.. Сол есімді жимаған күйі сан жылдар армандап келіп кеше ашқан қара шаңырақтың есігін қайта жаптым. Шынымды айтсам, өзім бұған аса қайғыра қоймадым. Бәлкім, алдымнан тағы бір үлкен кедергі шығарына іштей дайын болдым ба, әлде алған бетімнен қайтпайтыныма сендім бе, ол жағын дөп басып айту қиын. Есесіне, бұл жағдай қайран дос Қазбекке қатты батты. Батқанда да іші удай ашып, жыларман хәлге түсті. Редакциядағы бір-екі жігітке мен үшін ауыр сөздер айтуға дейін барды ғой. Қазбектің сол кездегі кейпін есіме алсам, әлі күнге көзіме жас үйіріледі. Сол уақыттарда өзіме жұмыстан шығып кеткенім емес, соған Қазбектің күйінгенінен ауыр нәрсе болмаған шығар. «Өзіме де сол керек» дегенді айтып, досымды әзер сабасына түсірген едім.

Содан не керек, алға қойған мақсатқа жету үшін нағыз күрес басталды. «Өмір – күрес» деген сөздің мағынасын сол жолы терең түсіндім-ау деймін. Таңнан таласа тұрып, қалалық газеттерді, басқа да басылымдарды сатып аламын да, соны кешке дейін көшеде жүріп сатамын. Бұл маған өте тиімді болып шықты. Бір жағынан, барлық басылымдарды оқып, жаңалықтардан хабардар боламын, екінші жағынан, тірлігіме қажетті нан табамын. Кейде бір жерлерге барып, тиісті адамдармен жолын тауып сөйлесіп, мақала жазып келемін. Сосын жазған дүниелерімді жеделқабыл «Орал өңіріне» жолдайтын едім. Сөйтіп, бес айдан астам уақыт бойы көшеде газет сатып жүріп «Орал өңіріне» үзбей мақала жазумен болдым.

Обалы не керек, Мәжит ағамыз кейде шарт кетіп, бір кескенімен қайырымы мол, кісілік келбеті биік азамат болып шықты. «Мынау қолынан түк келмейтін біреу ғой, өзіміз сынап көрдік қой» демеді. Жазған-сызғандарымды зер сала оқып, газетке жариялап отырды. Арада бес айдан аса уақыт өткенде бір күні Мәжит ағам шақырып алып: «Сен былай, өзің қара сөздің қадір-қасиетін, киесін білетін жігітке ұқсайсың. Басқа жұмысқа кірмеп пе едің?» деп сұрағанда, тұла бойым діріл қағып, аузыма жөнді сөз түспей, басымды шайқауға ғана шамам жеткені. Нағыз істің адамында сөз қысқа келеді ғой. Мәжит ағам бәзбіреулердей «газеттің жұмыс бағыты осындай, былай істеу керек, ананы-мынаны білу қажет, андай-мұндай нәрселерден абай болған жөн» деген сияқты ұзақ-сонар ақыл айтып жатпады. «Онда алдағы дүйсенбіден бастап жұмысқа кіріс!» - деп қысқа қайырды. Сынақ мерзімін де тағайындаған жоқ. Осы арада арнайы атап өткен дұрыс, Мәжит аға біреуді редакцияға қабылдау жөнінде нақты шешімге келді ме, оған сол сәттен бастап бұрыннан қызмет атқарып келе жатқан адамдай қарайтын еді. Біріншісін «талай жылдан жинаған тәжірибесі мол, білім-білігі жоғары» деп тым көтермелемейді, екіншісін «бұл жаңадан келді ғой, газеттің бағыт-бағдарын біліп түсініп кеткенше қай уақыт» деп сенімсіздік танытып, төмендетпейді. Жаңа келген қызметкерге де редакцияның белді мүшесі ретінде қарайтын. Барлығына бірдей талап қоятын. Кейде ашуланғанда жер-жебіріңе жетіп ұрсып жатпайды, зілмен айтқан екі-үш ауыз сөзінің өзі-ақ жеткілікті. Бірақ қайтымы тез болатын, тіпті ұмытып кететін сияқты еді.

Ешбір адамға көңіліне зіл сақтамайтын. Содан ба, Мәжит аға ұрысты деп өкпелей алмайтын едік. Біздің де көңілімізде ешқандай кірбің қалмайтын. Бәрімізді бірдей кең жүрегімен жақсы көретіні байқалып тұратын. Сірә, мәрттік, кесек мінез деген осындай болады-ау.

Мәжит аға біреудің жұмысына баға беріп, онысын айтып жатпайтын, адамды тіптен мақтамайтын. Бірақ оның іс-әрекетінен, сәл жылы көзқарасынан жалпы жұмыс бағытыңа риза екенін ішің сезеді. Біз байғұстарға сол да жететін. Мәжағаңның жәй бір жылы реңк беріп айтқан сөзінің өзі небір мақтаудан артық еді ғой... Кейін біраз өмір мектебінен өткеннен кейін ойласам, бұл бір нағыз данышпандық екен. Әсілі, журналистерді артық мақтауға өте мұқият болған жөн-ау. Сәл артық кеткен мақтау сөз журналист деген пенденің менмендігін өсіріп, даңдайсытып жібереді екен. Кейбір редакцияларда қаламының оты бар талай жас журналистің мақтаудың құрбанына айналғанын көзіміз көрді. Өзіне тоқмейілсіп, ізденісін тоқтатқан жас аз уақыттан соң-ақ ардагер журналистердің қатарына енгенін байқамай қалады. Жанбай жатып өшу, турасын айтқанда, жанбай жатып өшіру деген осы шығар. Алғашқы арынымен бәрінің назарын аударып, болашақта нағыз мықты журналист болады деген талай жас әріптестің кейін көп торының бірі болып күн кешіп жатқанын көргенде Мәжит ағамның мақтау сөзге өте мұқият болуының себебін түсінгендей боласың.

Ол бас редактор болған кезде облыстағы шағын кәсіпкерлік саласында жұмыс істеп жүрген жандарды көбірек көрсетуге тырысты. Отаншылдық тұрғыдан алғанда, бұл өте дұрыс шешім еді. Себебі нарықтың экономикаға көшкен елімізде кәсіпкерлік әлі де кең қанат жайып кете алмай жатты. Әсіресе, ауылдық жерлерде бұл сала тіптен тұралап қалған-ды. Шағын кәсіп иелерінің өмірінен жазылған мақалалар сан мыңдаған ауыл адамына жаңа іспен айналысуына түрткі болды, оларға ой салды, ынталандырды. Мәжит аға тек кәсіпкерлік емес, басқа салаларды да ұмыт қалдырмай, газет арқылы жанды жерлеріне «шыбық жүгіртіп» отыратын. Ағамыз жұмсаған майданда «ұрыс» сала жүріп, біз журналистің қоғамдағы міндетін анығырақ ұққан едік. Қарап отырсам, Мәжағаңның бұл мектебі бізге көп нәрсе үйреткен екен.

Мәжағаң редакцияның әр мүшесіне құрметпен қарай білді.

Басшының осындай қарым-қатынас ұстанғанынан болар, редакцияда әркімнің бір-біріне деген құрметі, сыйластығы да ерекше еді. Мәжит аға сол уақыттағы орынбасары, белгілі ақын, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері Ғайса-Ғали Сейтақты елдің айтулы ақыны ретінде құрметтеді. Секретариаттың жұмысын ұршықша үйірген тәжірибелі журналист Сырымбек Тұяқов пен оның орынбасары Фазыл Мұштановты газеттің жүрегіндей көрді. Сол кездегі ең жас журналист, ақын Тоқтар Кенжеғалиевтің білімділігін, сауаттылығын жоғары бағалады. Редакция поштасына түсетін жас ақындардың өлеңдеріне төрелік айту тек Тоқтардың еншісінде болатын. Хат бөлімінің меңгерушісі Тамара Елеуова өз міндетіне қоса, редакцияның мәдени-көпшілік, басқа да шараларын өте шебер ұйымдастырып отыратын. Мәжит аға бұл бағыттағы жұмыстардың барлығын Тамара апайға сеніп тапсыратын еді.

Қазіргі уақытта зейнеткер-журналистер қатарына қосылған Есенжол Қыстаубаев пен Тәрбие Смағұлова да «Орал өңірінде» журналистік қарым-қабілеттерін жарқыратып көрсетті. Сол кезде біз осы алдыңғы буынды редакцияның негізгі тіреуіндей көріп, аса құрметпен қараушы едік. Небір күрделі, даулы мәселелерге редакцияның арнайы «спецназы» сияқты қолтығына блокнот-қаруын қыстырып Есенжол аға аттанып бара жатушы еді. Кетерінде қос танауы жүйрік аттардікіндей делдиіп бара жатады, дәл сол делдиген күйі ертеңіне жауды жалғыз өзі түсіріп келгендей қайтып оралады. Кейбір нәрсеге тым әсерленіп кететін ағамыздың арынын Мәжит аға ғана ептеп басушы еді.

Бүгінде танымал жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, қалалық «Жайық үні» газетінің бас редакторы Мира Шүйіншәлиеваға мәдениет саласын меншіктеп, өнер қайраткерлерімен өрелі сұхбат жүргізуіне жол ашты. Газеттің суретшісі Сағын Тапақов ағамыз бізге бір ерекше сырға ие творчество адамындай көрінетін. Мәжит аға осындай «жұмбақтау» адамның да тілін тауып, газеттің жұмысына тиімді пайдаланды.

Басқа-басқа, редакция қатарына шикілеу күйімізде қосылған Сәкен Мұратұлы екеуміздің бойымыздан да Мәжит аға құрметтейтін «бірдеңе» тапты. Бас редакторымыз тарапынан «бұлар не білсін» деген кемсіту немесе сенімсіздік байқаған емеспіз. Бізге де білікті журналистердей сенім көрсетілді. Редакцияға менен бір-екі ай кейін келген Жадыра Елеубаеваға (қыз кезіндегі тегі) да сондай  сенім артылды. Әркімге бір үркектеп қарап жүрген осы бір кішкене сары қызды «аяған» болуым керек, оған жүрегімнен бір орын беріп, 2001 жылдың қараша айында сол жылы орынға біржола «көшіріп» алған едім. Біздің отау көтергенімізге Мәжит ағамыз сонда әкеміздей қуанды. «Біздің редакцияның жас отауы, сендерде не бар?» деп әкелік мейірімін төгіп қараған сәттерін қалай ұмытарсың?.. Редакция алтын ұямыз іспетті еді-ау. Ұжымның сол кездегі бір-біріне деген сыйластығы бойымызға ешуақытта суымайтын жылылық құйғандай. Есіңе алсаң, әлі күнге дейін жүрегіңді жылы сезім баурайды.

Мәжит ағамыздың кадр мәселесінде қателеспегеніне уақыттың өзі куә. Бүгінде Сәкен Мұратұлы «Орал өңірі» газеті бас редакторының орынбасары қызметін ойдағыдай атқарып жүр. Мәжит ағаның мектебінен өткен белгілі балалар жазушысы Бауыржан Ғұбайдуллин бірнеше республикалық белді басылымдарда меншікті тілші болып, кейін «Орал өңірі» газеті бас редакторлығын қолына алып, ұзақ жылдан бері абыроймен атқарып келеді. Ал жан-жақты сауатты, мақалалары салмақты ойларымен ерекшеленетін Тоқтар Ғабдірешұлы бірқатар аудандық газеттерде бас редактор болды. Жоғарыда атап өткенімдей, Мәжит Қайырғалиев ағамыздың шекпенінен шыққандардың көпшілігі бүгінде биік белестерге тұғыр тепкен. Бұл Мәжит аға мектебінің деңгейі қаншалықты жоғары болғанын көрсетіп тұрғандай. Өзім осындай мектепті көргенімді, асыл ағаның бірегей тәлімін алып, оның биік болмысына талпынып өскенімді тағдырдың сыйы ретінде қабылдадым.

P.S. Бір кездері небір мықты қаламгерлердің ізі қалған облыстағы іргелі басылым қазір де өз биігінде. Иә, талайларға от берген «Орал өңірі» оттан да ыстық қой, жақын барсаң, жалынымен күйдіреді, алыс жүрсең, сағынтады. Бітпейтін мәңгілік сағыныш дерсің бір...

Меңдолла Шамұратов

Нұр-Сұлтан қаласы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале