11.11.2026, 15:30
Оқылды: 10

Мұрын бітелуі, тамшыға тәуелділік: қазақстандық дәрігер жиі кездесетін қателерді атады

Жаздың соңы, күздің басында азаматтар маусымдық аллергия салдарынан мұрын бітеліп, тыныс алу қиындап кеткеніне шағымданды. Аллергия маусымы аяқталып, оның орнына адамдар жиі суық тиіп ауыратын кезең келді. Осылайша көпшілікке таныс мәселе де қайта күшейді. Әлеуметтік желіде азаматтар еркін тыныс алу үшін бірнеше жыл бойы тамыр тарылтатын тамшы қолданып жүргенін, енді онсыз тыныс ала алмай қалғанын айтып жатыр.

A woman in a pink hoodie with her eyes closed dabs her nose with a white tissue, expressing distress and discomfort from a cold or seasonal allergy.

Сурет: istockphoto.com

Мұндай препараттарды қашан қолдану керек? Оларды ұзақ уақыт пайдаланудың зияны қандай? Тамшыдан бас тартуға бола ма? Мұрынды қалай дұрыс шаю керек? Tengri Health дайындаған материалда осы сұрақтарға ЛОР-хирург Сергей Ильинский жауап берді.

 Тамыр тарылтатын препараттар неге тұмауды емдемейді?

Мұрын бітелуі - респираторлық инфекциялардың белгілерінің бірі. Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың көбі бұл мәселеден өз бетінше құтылуға тырысады. Мұрнын түрлі ерітіндімен шаяды немесе бірден тамыр тарылтатын спрейлер мен тамшы қолдана бастайды. Кейін олардан бас тарта алмай қалады.

ЛОР-хирург Сергей Ильинскийдің сөзінше, мұндай препараттар мұрын бітелуін басуға көмектескенімен, оның емдік әсері жоқ.

"Тамшылар мен спрейлер суық тиюден де, аллергиядан да пайда болуы мүмкін ісінуді 10-15 минут ішінде басады. Алайда олар ісінудің себебіне әсер етпейді, тек белгілерін уақытша жояды. Сондықтан мұрын қайта-қайта бітеледі".

Сарапшы туралы: Сергей Ильинский - медицина ғылымдарының кандидаты, оториноларинголог хирург, еңбек өтілі - 30 жыл.

Маманның айтуынша, мұндай препараттарды тұрақты қолданбас бұрын алдымен мұрын неліктен бітелетінін анықтап алу керек. Мәселен, оған аллергия немесе басқа да мәселелер себеп болуы мүмкін. Содан кейін мұрын бітелуіне әкеп соққан себепті емдеу қажет.

"Кері әсер": тамшыға тәуелділік қалай пайда болады?

Мұндай препараттар мұрынның шырышты қабатындағы қан тамырларын тарылту арқылы әсер етеді. Соның нәтижесінде ісік басылып, адамның тыныс алуы жеңілдейді.

"Алайда препаратты ұзақ уақыт қолданғанда қан тамырлары оған біртіндеп нашар жауап бере бастайды. Соның салдарынан мұрын ісінуі бұрынғыдан да күшейеді. Мұны "кері әсер" деп атайды", – деп түсіндірді Ильинский.

Ақырында адам спрейді жиі қолдана бастайды.

"Алғашында адам жақсы ұйықтау үшін ұйықтар алдында бір рет мұрнына тамшы тамызады. Кейін күніне үш рет, одан соң әр екі сағат сайын қолданады. Тіпті әр 15 минут сайын тамызатын адамдар бар. Бірақ препараттың оларға көмегі шамалы", – дейді маман.

Осылайша, адам тұйық шеңберге түседі: мұрны бітеледі, препарат қолданады, біраз уақыт тыныс алуы жеңілдейді, бірақ артынша мұрны қайта бітеледі.

Екі жыл бойы тамшы қолданып, мұрын қалқасын зақымдаған: дәрігер тәжірибесінен бір оқиға

Сергей Ильинскийге тамыр тарылтатын спрейді бірнеше жыл бойы қолданып жүрген науқастар жиі келеді.

"Кейбір адамдар жанама әсеріне қарамастан, 10-20 жыл бойы тамшыға тәуелді болып қалады", – дейді дәрігер.

Мұндай препараттарды үнемі қолдану мұрын қалқасының алдыңғы бөлігіндегі шырышты қабат қатты жұқаруына әкеп соғуы мүмкін. Мұрынның осы бөлігі арқылы ауа көбірек өтетіндіктен, шырышты қабат құрғап, оның бетінде қабыршақ пайда болады. Науқас оларды қолымен алып тастай бастайды. Уақыт өте келе мұрын қалқасында тесік пайда болуы мүмкін.

"Бұл - тәжірибемізде кездесетін ең ауыр асқыну. Қарапайым тілмен айтқанда, мұрын қалқасында тесік пайда болады. Медицинада мұны перфорация деп атайды", – деп түсіндірді Ильинский.

Асқынудың даму жылдамдығы әр науқаста әртүрлі. Дәрігердің айтуынша, бұл препараттың ерекшелігіне және адам оны қанша уақыт қолданғанына байланысты. Кейде әсері бірнеше ай ішінде пайда болса, енді бірі жылдар бойы қалыптасады.

Адам тамыр тарылтатын тамшыны екі аптадан артық қолданса, дәрігерлер оған "созылмалы дәрілік ринит" диагнозын қоюы мүмкін. Бұл - тамыр тарылтатын тамшы мен спрейлерді ұзақ уақыт қолдану салдарынан мұрынның шырышты қабаты үнемі ісініп тұратын жағдай.

"Шамамен үш ай бұрын бір науқастың мұрын қалқасынан көлемі екі сантиметр болатын ақауды анықтадық. Бұл - өте үлкен зақым. Алдымен науқасқа тамыр тарылтатын тамшыдан бас тартуға көмектестік, содан кейін ота жасадық", – деп еске алды хирург.

Мұрын қалқасындағы тесіктен Иценко-Кушинг синдромына дейін: бұл жағдай тағы қалай асқынуы мүмкін?

Мұрынның шырышты қабаты зақымдануынан бөлек, тамыр тарылтатын препараттардың басқа да жанама әсері бар.

"Науқас тамшыны сағат сайын қолданса, оны мұрнына тамызумен ғана шектелмей, ішіп жүргендей болады. Мұндай жағдайда препараттың әсері басқа мүшелердің қан тамырларына да таралуы мүмкін. Соның салдарынан бас ауырады, ауа райы өзгеруіне сезімталдық пайда болады, жүрек соғысы жиілейді. Асқазанға да кері әсер етуі мүмкін", – деп түсіндірді дәрігер.

Сергей Ильинский бұл ішімдік немесе темекіге тәуелділік сияқты қалыптасатын тәуелділіктің бір түрі деген пікірде.

Сонымен қатар, маман құрамында гормон компоненттері бар спрейлер мен тамшыны жиі қолданудың қаупі туралы ескертті.

"Жастардың кейбірі бір ғана тамшы түрін қолданғаннан кейін жанама әсерлерге тап болады: салмағы 10-15 келіге артады, Иценко-Кушинг синдромы дамиды. Бұған препарат құрамындағы гормондар әсер етеді", – дейді ЛОР дәрігер.

Анықтама: Иценко-Кушинг синдромы (Кушинг синдромы) - ағзаға ұзақ уақыт бойы кортизол гормонының шамадан тыс мөлшері әсер еткенде дамитын ауру. Оны гиперкортицизм деп те атайды.

Дәрігер тамшының емдік әсері жоқ екенін айтып, оларды уақытында тоқтатуға кеңес берді.

Тамыр тарылтатын тамшыны қатарынан қанша күн қолдануға болады?

Тамыр тарылтатын спрейді қауіпсіз қолданудың белгілі бір мерзімі бар ма? Дәрігердің айтуынша, препаратты қолдану ұзақтығы оның түріне байланысты. Бұл мәлімет дәрінің нұсқаулығында көрсетіледі.

"Тамыр тарылтатын тамшының түрі көп, сондықтан оларды қолдану мерзімі де ерекшеленуі мүмкін. Дегенмен мұндай препараттарды бір аптадан артық қолдануға кеңес бермеймін. Сонымен қатар, оларды күніне үш реттен жиі пайдаланбаған жөн. Неғұрлым сирек қолдансаңыз, кейін одан бас тарту да оңайырақ болады", – деп кеңес берді Ильинский.

Дәрігердің айтуынша, тамыр тарылтатын спрейлерден бас тарту суық тимеген кезде де мұрны бітелетін адамдарға қиынға соғады.

Мысалы, адам сол қырымен жатса, мұрнының сол жағы бітеледі. Оң қырына аунаса, оң жағы бітеледі.

"Мұндай адамдардың қан тамырларының тонусы онсыз да төмен болады. Олар тамшыны ұсынылған мерзімнен ұзақ қолданса, препараттан бас тарту қиындай түсуі мүмкін", – деп түсіндірді Ильинский.

Тамшыдан өз бетінше бас тартуға бола ма?

Дәрігердің айтуынша, адам тамыр тарылтатын спрейсіз тыныс ала алмаса, ең алдымен мұрны неліктен үнемі бітелетінін анықтау қажет.

Тамшыдан бас тарту қаншалық оңай болатыны да осыған байланысты. Ильинскийдің сөзінше, адамның мұрын қалқасы түзу болса, яғни тыныс алуды қиындататын анатомиялық ерекшеліктер болмаса, тамшыдан бас тарту қиын емес.

Мұндай жағдайда бәрі адамның препаратты қолдануды жалғастыру немесе тоқтату туралы шешіміне байланысты.

"Адамның мұрын қалқасы қатты қисайған болса, полиптері болса, мұрын қалқаншалары өзгеріске ұшыраса немесе бала туралы айтсақ, оның аденоиды үлкейсе, онда тамыр тарылтатын препараттан бас тарту қиын болады. Өйткені негізгі мәселе шешілмей қалады. Мұндай жағдайда хирургиялық жолмен түзету қажет болуы мүмкін", – дейді маман.

Анықтама: Полиптер - шырышты қабат немесе тері бетінде пайда болатын қатерсіз тін өсінділері. Олар мұрын қуысында, асқазанда, ішекте, жатырда, қуықта және басқа да мүшелерде кездесуі мүмкін. Аденоид - адамның иммун жүйесінің бір бөлігі саналатын мұрын-жұтқыншақтағы лимфоид тіннің жиынтығы. Олар барлық балада болады, бірақ кейде шамадан тыс үлкейіп, мұрын арқылы тыныс алуды қиындатады.

Сергей Ильинский мұны мысалмен түсіндірді.

Мұрын қалқасы қисайған адам қалыпты тыныс алып, тамшы қолданбауы мүмкін. Алайда оған аллергия қосылып, өсімдіктер гүлдеген кезде мұрны бітелсе немесе ЖРВИ жұқтырып, тамыр тарылтатын препараттарды қолдана бастаса, біртіндеп оларға тәуелді болып қалуы мүмкін.

"Ақырында бірден үш мәселесі бар науқас пайда болады: мұрын қалқасы қисаюы, аллергия және тамшыға тәуелділік. Мұндай жағдайда мәселелерді біртіндеп шешуге тура келеді. Алдымен арнайы ем тағайындап, аллергия белгілерін бақылауға алу керек. Сонымен қатар, тамшыны бірден тоқтату қажет. Алғашқы екі мәселені реттеген соң науқасқа ота қажет пе, жоқ па, соны шешеміз. Тіпті хирургиялық ем қажет болса да, науқас оған дейін тамшыдан бас тартуы керек", – деді Ильинский.

Дәрігердің айтуынша, науқастардың 90 пайызына тамыр тарылтатын тамшыдан бас тартуына көмектесуге болады.

Сондықтан спрейлер мен тамшысыз тыныс ала алмай жүргеніңізді байқасаңыз, ЛОР-ға қаралып, мұрынның бітелу себебін анықтап, тиісті ем алған жөн. Әйтпесе уақыт өте келе ауыр асқыну пайда болуы мүмкін.

Мұрынға арналған спрейлерді қалай дұрыс қолдану керек?

Препаратты дәрігердің нұсқауымен қолданғанның өзінде оны дұрыс пайдалану маңызды.

Сергей Ильинскийдің айтуынша, жиі кететін қатенің бірі - мұрынға арналған спрейді мұрын қалқасына тура бағыттау.

Бұлай жасауға болмайды, өйткені бұл жердегі шырышты қабат өте сезімтал. Ол құрғап, қан кетуі мүмкін.

"Спрей құтысын көздің сыртқы бұрышына қарай бағыттау керек. Бұл маңызды, өйткені мұрынның төменгі қалқаншалары бүйір жақта орналасқан. Біз соның ісінуін басуға тырысамыз", – деп түсіндірді дәрігер.

Кейбір жағдайларда дәрі мұрын қуысының белгілі бір бөлігіне жетуі маңызды. Мысалы, баланың аденоиды үлкейген болса, дәрі жұтқыншаққа ағып кетпей, мұрын-жұтқыншақта қалатындай етіп тамызу керек.

Мұрынды қалай дұрыс шаю керек?

ЛОР-хирург мұрынды өз бетінше күту үшін ең алдымен изотониялық тұзды ерітінділерді қолдануға кеңес берді.

"Науқасты көрмей-ақ ұсына алатын жалғыз әдісіміз - мұрынды шаю. Ол үшін теңіз тұзы қосылған ерітіндіні немесе изотониялық ерітіндіні қолдануға болады. Оны дайын спрей түрінде сатып алуға немесе үйде өзіңіз дайындауға болады", – дейді дәрігер.

Анықтама: Изотониялық ерітінді - құрамындағы тұз концентрациясы ағза сұйықтықтарындағы тұз мөлшеріне жақын ерітінді. Оның кең тараған түрі - натрий хлоридінің 0,9 пайыз ерітіндісі, яғни физиологиялық ерітінді.

Қолданылатын сұйықтық мөлшері адам қандай мәселеден арылғысы келетініне байланысты болады.

Дәрігердің айтуынша, аллергиялық ринит кезінде тыныс алу барысында мұрынға түскен тітіркендіргіштерді шайып шығару жеткілікті. Ол үшін кәдімгі тұзды спрейлерді қолдануға болады.

Анықтама: Аллергиялық ринит - мұрынның шырышты қабаты өсімдік тозаңы, үй шаңы, зең сияқты аллергендермен жанасуынан туындайтын қабыну.

Кейбір аурулар кезінде мұрынды шаю үшін сұйықтықты көбірек қолдану қажет болуы мүмкін.

"Жедел синусит кезінде мұрынды шаюға көп мөлшерде сұйықтық қажет екені дәлелденген. Сондықтан арнайы шаю жүйесін қолданған дұрыс. Мұндай жағдайда бір рет шаюға 400-500 миллилитр немесе бір литр сұйықтық жұмсалады", – деп түсіндірді маман.

Ильинскийдің айтуынша, балаларға дайын спрейлерді немесе физиологиялық ерітіндіні қолданған ыңғайлы. Бұл ретте баланың жасын, процедура кезінде қалай жататынын және мұрны неліктен бітелгенін ескеру маңызды.

Мұрынды қанша уақыт шаюға болады?

Мұрынды шаю ұзақтығы да оның бітелу себебіне байланысты. Кәдімгі вирустық инфекция кезінде адам толық жазылғанша мұрнын шая алады.

Маусымдық аллергия кезінде аллерген әсер ететін бүкіл кезеңде мұрынды шаюға болады.

"Мысалы, Алматыда жусан шамамен шілденің ортасынан қарашаға дейін гүлдейді. Сондықтан тітіркендіргіштерді мұрыннан шайып шығару үшін осы үш-төрт ай бойы мұрынды шаю керек", – деп кеңес берді дәрігер.

Ильинскийдің айтуынша, қыс мезгілінде жылыту маусымына байланысты қала ауасы ластанған кезде Алматы сияқты ірі қалада тұратын кез келген сау адам мұрнын күніне бір рет тұзды ерітіндімен шая алады.

"Тұзды ерітіндіні дұрыс қолданған жағдайда мұрынның шырышты қабатына зиян келмейді", – дейді Ильинский.

Сонымен қатар, дәрігер жиі кездесетін тағы бір қатеге назар аударды. Бұл - мұрынның шырышты қабатын антисептикалық ерітінділермен залалсыздандыруға тырысу.

Шырышты қабатта оның қалыпты жұмыс істеуіне көмектесетін микроағазалар тіршілік етеді. Ал антисептиктерді бақылаусыз қолдану микрофлораның табиғи тепе-теңдігін бұзуы мүмкін.

"Мұрынды қажетсіз, мысалы, аурудың алдын алу мақсатында антисептикпен шаюға болмайды. Өйткені бұл мұрынның шырышты қабатындағы ағзаның қалыпты жұмысына қажет микроағзаларды жояды", – деп түсіндірді маман.

Дәрігер мұрын бітелуін емдеудің бәріне бірдей жарайтын тәсілі жоқ екенін айтты. Барлығы адамның жағдайы мен аурудың себебіне байланысты. Ең бастысы, мұрынға арналған спрей, тамшыны қолдану және мұрынды шаю арқылы мәселені толық шешу мүмкін емес екенін түсіну керек.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале