19.03.2021, 21:20
Оқылды: 405

Наурыз туралы хикая

Ерте заманда, қазақ елін әлсін-әлсін жау шауып, ел бірде олай, бірде бұлай ауып, мал-жандары қырылып, қазақтың басына ауыр күн туыпты. Сондай қайғылы да қасіретті жылдың бірінде Наурыз деген қария өзіне қарасты елін бастап, жаудан қорғануға ыңғайлы, мал-жанға жайлы бір қорыс-қопалы аймақты қыстайды.

F8BA4952-31B5-4CB4-96AE-614D42249127

Құдай оңдап сол жылы азаматтары шабуыл жасаған жауды жеңіп, мал-жандары қыстан аман-есен шығып, ел-жұрты мәре-сәре болады. Наурыз қария үлкен есепші, ғылым тілімен айтқанда, астроном екен. Ол күн мен түннің теңелген, жер бетінің бусанған уақыты 22 наурыз күні ерте тұрып, елін аралап:

- Бүгін – ұлы істің басталар күні. Күн мен түннің теңелген, бота боздап, қой қоздайтын қасиетті күн. Жан-жануар, өсімдіктердің өсіп-өнетін, Жер-анадан қуат алып, ерекше күйге енетін күн. Сондықтан барлық үй той жасаңдар! Бұдан былайғы атар таң, көрер жылдарымыз бүгінгідей қуаныш, мерекемен басталар болсын! Ұрпақтарымыздың көңілін қайғы-қасірет торламасын! – деп әмір беріпті. Сонда  қарияға кемпірі:

- Ау, шал! Еліңе арықшылық уақытта той жаса дедің, қысылып қыстан әрең шыққан жұрт тойды несімен жасайды? - деген екен. Оған қарт күліп:

- Той қызығы байлық пен қарын тойдыруда емес, қайта көңіл көтеріп, рухани азық алуда. Көппен бірге көңілді отырып ішкен бір ұрттам қара су мен бір аяқ көженің нарқы-есерлікпен өткізген қырық күндік сауық пен қырық жыл жиған байлықтан артық. Ал енді кемпір, отырмай сен де қабыңның түбін қақ, - депті. Қаптан бір кәрі жілік пен бірнеше кесек ет шығыпты. Оны көрген қария кемпірін мақтап:

- Жарайсың, кемпірім! Тұп-тура бір тойдың етін сақтапсың, дереу қазанға сал! Қазанның төрт құлағына төрт жапырақ май қой, оның біреуін пысқанда өзің же, біреуін үлкен балаңа, біреуін күйеу балаңа, біреуін немереңе бер, кәрі жілікті қарияларға тарат. Қалған еттерді турап, көжеге салып жібер және көжеге арпа, бидай, тұз, құрт (айран-қатық) сияқты жеті түрлі дәм қосылсын! Кәрі жілік-бабалар дәстүрін жалғасын; дән – өсіп-өркендеуіміздің белгісі болсын; су мен тұз ұрпақтарымыздың дәм-тұздары жарасып, мәңгі тату-тәтті өтуіне дәнекер болсын; айран-қатық – айрандай ұйып, басымыздың өмірлік бір болып, ақкөңіл, адал ниетте болатындығымыздың куәсі болсын; ал қазан құлағына қойып пісірген төрт жапырақ май - төрт түлігіміз сай, бай-бақытты тұрмыс кешуіміздің өмірлік бастамасы болсын. Бүгінгі осы той тамағынан дәм татқан үлкен-кіші, кәрі-жасқа түгел бір-бір жас қосылып, осы той әр жылы дәл осы күні әрбір отбасында міндетті түрде өткізіліп отырсын! – деген  екен. Сөйтіп, Наурыз қарттың елі қап түбінде қалған еттерін түгел қазанға салып, ұлан-асыр той жасап, жадап жүдеген көңілдерін көтеріпті. Ел қарияға алғыстарын жаудырып, той қызығын әлденеше күнге жалғастырады. Әне-міне, дегенше жаз шығып, күз келіп, көзді ашып-жұмғанша қыс өтіп, тағы бір көктем келіпті. Ел-жұрт Наурыз қарияның ұйғарымы бойынша көктем тойына ерекше әзірленеді. Қария жан-жаққа ат шаптырып, маңайындағы алыс-жақын елдің бәрін тойға шақырыпты. Тойға шақырушының бірі Алаша ханға барып:

- Тақсыр, сізді ауылымызда өтетін тойға шақыруға келдім, - депті.

Хан одан:

- Ау, бұл қай уақытта жасаған той? Той деген жаз бен күзде жасалмаушы ма еді? Ол кімнің тойы? - деп таңдана сұрапты. Тойға шақыруға келген жігіт не дерін білмей, сасқалақтап:

- Наурыз деген қарияның тойы, Наурыздың тойы, - деген екен.

Сол күні ауа райы аса жайлы болса керек. Хан шапанын жамылып далаға шықса,  төбесінен қиқулап қаздар ұшып өтеді. Көзіне дала төсінде тебіндеп келе жатқан жасыл өркендер шоқтай басылады. Сонда хан көкірегін кере дем алып:

- Бұл өміршең, өлмес той болып, ғасырдан-ғасырға жалғасқалы тұр екен, - деп сүйсіне тіл қатыпты. Сөйтіп, сол той: «наурыз тойы», жеті дәмді біріктіріп жасаған көже «наурыз көже», той өткен ай «наурыз айы» аталып кетіпті.

Наурыз – қазақ күнтізбесі бойынша Жаңа жыл, яғни көктем мерекесі. Дала төсінде қой қоздап, бота боздап тың тіршілік басталатын береке мен мерекенің айы. Наурыз әрбір қазақ отбасы үшін ерекше қастерлі, аса  қасиетті күн саналады. Себебі  наурыз асынан дәм татқан адам тағы бір жасқа шықты деп есептеледі. Наурыз күні адамдар арасындағы өкпе-реніш, өштік-қастық түгел кешіріліп, қам-қайғы ұмытылып, кәрі-жас шат-шадыман бейнеде барын киіп, тәтті-дәмді, жылы-жұмсағын қазанға салып пісіріп, көпшілікке дәм татқызып, барлығы мереке шаттығына бөленеді. Кездескендер бір-бірімен қуана амандасып:

- Жасыңыз құтты болсын, өміріңіз ұзақ болсын! Ұлыс басты болсын, төрт түлік ақты болсын! Ұлыс береке берсін, пәле-жала жерге енсін! - деген сияқты игі тілектер айтысып, бір-бірін шынайы құттықтап, ерлер қос қолдап амандасып, төс соғыстырады, ал әйелдер бір-бірімен құшақтасып, беттеріне беттерін тигізеді. Сөйтіп, Наурыз күні үлкен-кіші, кәрі-жас мәре-сәре шаттыққа бөленеді.

Наурыз батасы

Наурыз мерекесі күні кәрі-жас, ер-әйел, бала-шаға үй-үйді қыдырып жүріп,  «наурыз көже» ішіп, бір-бірімен кездескенде: «Ұлысың оң болсын, Ақ мол болсын, Жасыңыз құтты болсын! Өмір жасың ұзақ болсын! Көктем көңілді, ұрпақтар өмірлі болсын! Ұлыс береке берсін, пәле-жала жерге енсін!» - деген игі тілектер айтысып, бір-бірін құттықтап, әр үйге кіріп көже ішіп, дастарқан жаярда:

 Басымызға бас қосылсын,

Жасымызға жас қосылсын.

Жанымызға жан қосылсын,

Малымызға мал қосылсын!

Ұлыс-шуақ болсын,

Құдай қуат берсін.

Маңайымыз суат болсын,

Жайқалған құрақ болсын!

Жылымыз қызырлы болсын,

Мерекеміз дүбірлі болсын!

Жылқымыз үйірлі болсын,

Сиырымыз бүйірлі болсын.

Қойларымыз қоралы болсын,

Көлдеріміз қоғалы болсын,

Мәртебелері жоғары болсын!

Өрісіміз көкті болсын,

Ұлдарымыз отты болсын.

Қыздарымыз текті болсын,

Беделді бетті болсын!

Аллаһуакбар! – деп Наурыз батасын жасайды.

 Ел аузынан жинаған Мақсот Берген,

КСРО және ҚР Денсаулық сақтау саласының  үздігі,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале