6.01.2020, 16:27
Оқылды: 993

Оралда Қадыр Мырза Әлидің туғанына 85 жыл толуына орай әдеби кеш өтті

«Аңыз ақын – абыз ақын» осындай атаумен ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Тарлан» сыйлығының иегері, ақын Қадыр Мырза Әлидің туғанына 85 жыл толуына орай Орал қаласында әдеби кеш өтті. Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада ұйымдастырылған жиын «Асыл сөздің алдаспаны» атты бейне-роликпен ашылды.

qadyr (3)

Шарада ақынның аталас інісі Бақтияр Құсайынов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айтқали Нәріков, «Қадыр қорының» құрылтайшысы Мақсот Берген Қадыр Мырза Әли туралы естеліктерімен бөлісті.

-Қадыр ағамыз құмырсқадан бастап пілге дейін өлең арнаған ақын. Оның өлеңдерін еңбектеген сәби мен еңкейген шалға дейін жатқа біледі десек артық болмас. Мен Сырым ауданының азаматымын. Қадыр оқыған мектепте білім алдым. Оның өлеңін алғаш 1957 жылы бесінші сынып оқып жүргенде «Балдырған» журналынан оқыдым. Кейін есейе келе «аға» деп қасына еріп жүріп, шығармашылығына қанықтым. Бірде радиода «Абай не туралы өлең жазбады?» деген сауалнама жүргізілді. Сонда жауабын ешкім таба алмаған соң диктор қазақтың бас ақыны Абайдың ешқашан ана туралы өлең жазбағанын айтты. Осы орайда Қадырдың жазбаған тақырыбы жоқ дейді. Бірақ ол тың игеру тақырыбына өлең арнамады. Басшылықтан қанша тапсырма берілсе де жеріміздің құнарсызданып, эрозияға ұшырағанын көзімен көргесін бұл тақырыпқа жыр жазбаған, - деді «Қадыр қорының» құрылтайшысы Мақсот Берген.

Ал Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айтқали Нәріков Қадыр Мырза Әлидің қалың елге ақын ретінде танытқан көлемі алақандай ғана «Ой орманы» атты өлеңдер жинағы екенін айтып, ақынмен алғашқы кездескендегі әсерімен бөлісті. Аталас інісі Бақтияр Құсайынов кеш иесінің отансүйгіштігі туралы баяндады.

Шара соңында Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Айбар Хайырханов Қадыр Мырза Әлидің сөзіне жазылған «Өз елім», «Атамекенім» әндерін орындады.

                                                                           Гүлсезім Бияшева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің

 Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале