14.11.2023, 12:30
Оқылды: 67

Оралда тағы бір бизнесмен кісі қолынан қаза тапты

Бұл туралы ақпарат алдымен әлеуметтік желіде тарап кетті. Instagram желісіндегі бір парақша белгілі кәсіпкер Сергей Губердің фотосын жариялап «Ол өте жақсы адам еді, сіз біздің есімізде қаласыз» деген жазба салды.

Полиция ЖП

Осы фотодан кейін әлеуметтік желіде Сергей Губерді Орал қаласындағы «Сарыарқа» кафесінде өлтіріп кетті деген қауесет тарады.

Біз БҚО полиция департаментіне хабарласып, мән-жайды анықтадық.
Белгілі болғанындай 11 қараша күні сағат 10:05-те облыстық көпбейінді ауруханаға 1969 жылғы ер адам түрлі дене жарақатымен жеткізілген.

- 11 қараша күні облыстық ауруханада алған дене жарақатынан 1969 жылғы азамат қайтыс болды. Марқұмның денесі сот медициналық сараптамасына жіберілді. Жедел іздестіру шаралары кезінде осы қылмысты жасады деген күдікпен 1981 жылғы Орал қаласының тұрғыны ұсталды. Ол бұрын сотталмаған. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс ашылып, тергеу басталды,- деп мәлімдеді БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік Сергей Губерді кеше туыстары жер қойынына тапсырыпты. Ол қаладағы бірнеше ірі бизнес нысанының негізін қалаған ірі кәсіпкерлердің бірі болған.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр тамыз айының басында Орал қаласында белгілі кәсіпкер Еркін Мұханғалиевті өлтіріп кеткені туралы жазған едік. 

 

Жанат Көшкінбай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале