27.12.2022, 18:59
Оқылды: 57

Оралдағы мамандандырылған ХҚО автодромында жаңа GPS жүйесі іске қосылды

Мемлекеттік корпорация Орал қаласындағы мамандандырылған ХҚО автодромын жаңарту жұмыстарын жүргізді. Мұнда практикалық емтихан тапсыру үшін GPS жүйесі орнатылды. 

IMG-20221227-WA0080

Енді практикалық емтихан барысында бұрынғыдай магнит датчиктері пайдаланылмайды, барлық дерек спутник арқылы жеткізіледі.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Надир Құрымбаевтың айтуынша, бұрын автокөлік жүргізу барысындағы ережеге сәйкес берілетін баллды есептейтін құрылғы ескіріп, қайта-қайта істен шыға беретін. GPS технологиясы барлық ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді, емтихан тапсырушының қай жерде қателескені және себебі ситуациялық орталыққа бірден жолданады.

«Бұрын датчиктер бампердің астына орнатылған болатын, егер көлік соғылса, ол бірден істен шығатын. Енді қажетті жабдықтар салонның ішіне қойылды. Сондықтан жеңіл соқтығыс болса да, көлік қозғалысы туралы ақпарат еш ақаусыз алынады», – деді Надир Құрымбаев.

Жаңа жүйенің нәтижесінде мамандандырылған ХҚО автодромы күніне шамамен 30-40 курсантты қабылдайды деп жоспарлануда.

Анықтама үшін: 2022 жылы Орал қаласындағы мамандандырылған ХҚО арқылы 76 мың мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде 35 661 көлік тіркеліп, 39 669 жүргізуші куәлігі берілді.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы БҚО бойынша филиалының баспасөз қызметі

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале