23.01.2024, 16:45
Оқылды: 36

«Отағасымен өткен күндер сағынышқа айналды»

Олар 1960 жылдардың орта шамасында танысыпты. Сол кездегі Тайпақ ауданының Өлеңті ауылында алғаш танысқандары әлі күнге дейін есінде. Екеуі де өрімдей жас 17-18 жастағы кездері болса керек. Баян, домбырада ойнап, ән салатын ұзын бойлы, көрікті, келбетті жігіттің өнеріне Қатира апай да сүйсіне қарайды.  Әнші жігіт те би билеп, көзге түскен сұлу қызды бір көргеннен ұнатып, қамқорлап, құрмет танытып жүреді. Дегенмен биші қыз ата-анасының «Әртістерден аулақ жүр» деген сөзіне бола, өнерлі жігіттің сезіміне бірден жауап бере қоймайды.  Әйтсе де, сезім деген құдірет, өнерге деген құрмет екеуін табыстырады. Кейіпкеріміз Қатира Құрмекешева жұбайы Батыркерей Құрмекешевті сағына еске алып, бірге өткен күндері туралы естеліктерімен бөлісті. Олар бір шаңырақ астында 55 жыл бірге тұрып, бес бала сүйіп, тәрбиелеп өсірген.

b1db2af1-4b0f-4009-a10f-117ca88aedcc

– 1969 жылдың наурыз айының аяғында екеуміз отау құрдық. Жұбайым екі ұлдың үлкені. Кішісі мен келін болып түскенімде екі жаста болды. Аралары он жеті жыл екен. Сол жылы Батыркерей Алматыдағы музыкалық студияға оқуға түсті. Екі-үш айдан соң, мені Алматыға өзімен бірге  алып кетуге келді. Сол қаладағы  оқу орындарының біріндегі хорео-графия факультетіне түсірмек ойы бар. Бірақ қайын атам: «Барсаң, өзің бар. Қатира үйде қалады» деп кесіп айтты. Ол заманда үлкендердің айтқаны заң еді ғой. Мен барғым келіп, қипақтағаныммен: «Өзің барып, оқуыңды бітіріп кел, үйде қалып, үлкен кісілерді қарайын» дедім. Ол кездегі тәртіп күшті. Бірақ жұбайым ұзақ ойланып, бармай қалды. Кейіннен құжатын Оралдағы музыкалық училищеге тапсырып, емтихансыз оқуға түсіп, бітіріп шықты. Осы күні ойлап қарасам, Батыркерей өнерді жақсы көргенімен, отбасын бәрінен де биік деп санады. Сол заманда мені жалғыз қалдырып, тастап кетпей, сыйлағаны, маған деген құрметі екен ғой. Биыл  25 қаңтарда 75 жасын атап өтеміз деп жүргенімізде, ауырмай-сырқамай өмірден өтіп кетті, – деп кейіпкеріміз Қатира апай өмірден өткеніне жүз күн болған жұбайын сағынышпен еске алып, әңгімесін бастады.

Құрмекешев (6)

Батыркерей Құрмекешев 1949 жылы Тайпақ ауданының Қырыққұдық ауылында дүниеге келген. Кішкентай кезінен өнерге құштар болып өседі. 1973 жылы Орал музыкалық училищесін бітірген соң, Алмалы ауылында музыка пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастайды. Кейіннен ауылдағы мәдениет үйінің жетекшісі, Орал қаласындағы Желаевтағы астық өңдеу комбинатында мәдениет саласында қызмет етіп, сол жерден зейнетке шығады. Өрімдей жас кезінен ерекше дарынымен көзге түскен Батыркерей Құрмекешев түрлі байқауларға қатысып, өнерімен ел қошеметіне бөленеді. Мәскеудегі Қазақстан күндерінде ән салып, көрермен көзайымына айналып, түрлі марапатқа ие болады. Жас кездерінде Батыркерей ағай мен  Қатира апай қол ұстасып, бірге жүреді. Малшылардың қыстағына барып, бірге өнер көрсетеді. Ол ән салады, Қатира апай билейді. Екеуі де жап-жас. Өнерге де, сезімге де адал еді. Қазір отағасымен өткен күннің бәрі сағынышқа айналған.

– Ата-енем жақсы адамдар болды, жарықтық. Енем қаталдау, сұсты адам еді. Қайын атам елпілдеген, әңгімешіл, ақкөңіл. Ылғи мені қамқорлап, көмектесіп жүретін. Ол кезде үйге  от жағамыз. Атам тезекті ішке кіргізіп, оттың күлін алып, дайындап қоятын. Қонаққа кетсек, балаларды да сол кісі алып қалады. Енем ауырғасын ба, балалардың шуын жаратыңқырамайды. Екеуінің де бәтиқасын алып, ақ жуып, арулап, қолымыздан аттандырдық. Енем өмірден өтер алдында әлденені сезді ме екен, шашын тарап, орамалын байлап жатқанымда: «Айналайын, саған жиі мейірім шуағын төге алмадым-ау. Енді үш күн ғұмыр берсе, балаларды алып қалып, сені қыдыртар едім» деді. Үлкен қызым әжесінің одан кейінгі  ұл атасының баласы болып өсті. Енем бауырына басқан тұңғышына шаң тигізбейтін. Аппақ қылып киіндіріп, көзінен таса қылмайтын, марқұм. Ата-енем осындай адал адамдар болды. Өкініштісі, кішкентай қайын інім 12 жаста болғанда бірінен соң бірі өмірден өтті. Қайын інім біздің бес баламызбен бірге алтыншы бала болып, қолымызда өсті, – деген Қатира апай ескі альбомды парақтап, «Ағаңды қарашы, қандай әдемі жігіт болған» деп суреттегі толқынды шашы желбіреп, ән салып тұрған шалының жас кезіне сағынышпен қарады.

164bff56-919d-4cc1-b026-4097bb7b0a99

Тоқсаныншы жылдардың басында Батыркерей Құрмекешев Орал қаласына отбасымен көшіп келеді. Желаев астық өңдеу комбинатының басшылығы қала шетіндегі алтыншы шағынауданнан үш бөлмелі үй алуына көмектеседі. Сөйтіп, Құрмекешевтердің қаладағы өмірі басталады. Қатира апай жұбайының алаңсыз жұмыс істеуі үшін бар жағдайды жасайды. Әр кезде бірінші орынға отбасын қоятын Батыркерей ағай да шиеттей бала-шағасының еш нәрседен тарықпай өсуіне бар күшін салады.

– Жұбайым тапқан табысын түгелдей үйге әкеліп беретін еді. Тіпті арасында тойда тапқан табысын да жасырмай, қолыма әкеліп ұстататын. Әрі қарай үй шаруасын өзім реттеймін. Оның табысын берекелі жұмсауға тырысамын. Қонақ та шақырамыз, қонаққа да барамыз. Балалардың керегіне де жұмсаймын. Ол үйге алаңдамай, жұмысын жасады. Бала тәрбиесіне әкеміз қатал болды. Ешқайсысына жекіп, зіркілдеп ұрыспайды. Бірақ бір қарағанынан-ақ, балалар өздерін жинап алатын. Сондай сұсты адам болды. Сөйте тұра, ол ұл-қыздарын жақсы көрді. Бәрінің қалауын орындауға тырысты. Өзінің өнерін жалғап, ән салған Асхатын (Құрмекешев) жанынан тастамай, ертіп жүрді. Жаңадан көрініп жүрген кездерінде әкелі-балалы болып, шығармашылық кешімізді өткізсек деп армандайтын. Ол күнге екеуі де жете алмады. Асхат Құрмекешев ел-жұртқа енді таныла бастаған шағында 2008 жылы жол апатынан дүниеден өтті. Осы баламыздың қазасы отбасымызды есеңгіретіп кетті. Қатты уайымнан жұбайым инсульт алып, ұзақ ауырды. Жалпы Батыркерей балаларына бар жағдайды жасауға тырысты. Өмірден өткенінше  ұл-қыздан көрінген немере-жиендерді бағып, соларға қарайлаумен өтті. Біз келін мен қыздарды жүмыстан қалдырып көрген емеспіз. Екеуміз бөлініп, кезек-кезек қайсысының баласы иесіз қалды, соны барып бағып, қасында отырамыз. Немере-жиен деп бөлмейміз. Бәрі де өз балаларымыз, өз ұрпағымыз ғой. Бала қараусыз қалмау керек. Бізге бала-келін, қыз-күйеу балаларымыз риза болар деп ойлаймыз, – деп сөзін сабақтаған Қатира апайдан «Отбасын сақтау үшін қандай қасиет қажет?» – деп сұрадық.

– Отбасын сақтау үшін ерлі-зайыптылар бір-бірін түсініп, кешіру керек. Қит еткенді кек сақтап, кешіре алмаса қиын болады. Жұбайым шығармашылық адамы болғасын серілігі де болды. Арасында жігіттермен қыдырып, кешігіп жатса, үйге қонбай қалып жатса, кешіріммен қарадым. Өзі де ақталып, жағдайды түсіндіреді. Мен де оны тізбелеп, дендетіп, ұрысқа айналдырмай, «Біреуге ілесіп кетпей, үйге келсең болар» деп әзілдеп қоя саламын. Қазіргі жастардың түсінігі бөлек қой. Дегенмен әр адам қалай да отбасын сақтауға тырысуы керек,  – дейді Қатира апай.

Кейіпкеріміз шаңыраққа түскен келіндеріне үй жинау, тамақ пісіру, қонақ күту бәрін өзі көрсетіп, жаймен түсіндірген. Ең бастысы, тазалыққа ерекше мән береді. Одан соң келіндеріне «Үйлеріңе келген адамды жарқылдап қарсы алыңдар. Қонақ табағыңа емес, қабағыңа қарайды» дегенді жиі айтады екен. Жұбайы Батыркерей ағай да келіндерін маңдайынан сүйіп қарсылап, біреуінің алдынан шықпай сыйласып өтіпті өмірден.

Соңғы жылдары Батыркерей ағай өмірден өтпес бұрын қаладағы үйлерін сатып, ұлдары мен немересіне бөліп береді. Өздері қала шетіндегі Трекин ауылынан үлкен үй алып, тұңғыш ұлдарының қолына көшеді. Батыркерей ағай ауылдағы «Абзал ағалар», Қатира апай «Көңілашар» әжелер ансамблінде ән салады. Қолдары қалт етсе, қаладағы немере-жиен, шөберелеріне барады. Сондай күндердің бірінде Батыркерей ағай аяқастынан құлап, комаға түсіп кетеді. Кейіпкеріміз сол бір қайғылы күнді еске алды.

– Күздің күні ғой. Күн жылы болды. Себезгілеп жаңбыр жауып тұрды. Ойымызда түк жоқ. Таңғы асымызды ішіп, жуынып шайынып, ол ансамбліне дайындыққа бармақ болды. Мен қалаға немерелерге барайын деп жиналып жүрдім. Ол сыртқы коридорда тырнағын алып отырды. Сосын сыртқа шығып кетті. Бір кезде түнгі ауысымнан келген келінім: «Папа сізді шақырып жатыр» деп жүгіріп келді. Сыртқа шықсам, жүресінен отыр екен. Түсінбей қалдық. Сөйлей де алмайды. Келін мен 17 жастағы немерем жаймаға салып, ішке кіргізді. Келінім жанталасып ауылдан, қаладан «Жедел жәрдем» шақырды. Мен барып басын ұстасам, қан түйіршіктері сыртына  шығып кеткен. Маңдайы жанып тұр екен. Солай, ауруханада ес-түссіз 13 күн жатып, ес жинамастан кете барды. Қазір «Неге сыртқа бірге шықпадым екен» деп өкінемін. Бірақ білмейсің ғой алда не боларын. Шалым бала-шағасының қамын ойлаған, сол жолда өнерін сарп еткен өте жақсы адам еді. Бір жылдары бала-шағамыз, қайын ініммен отбасылық ансамбль құрып, өнер көрсеттік.Елу бес жыл бірге тұрдық. Өмір болғасын бәрі де болады ғой. Түрлі сәттер өтті басымыздан. Қиын кезде бір-бірімізді қолдадық. Жақсы күндерде бірге қуандық. Менің де қанша ғұмырым қалғаны бір Аллаға аян. Ең бастысы, ұрпағымыз аман болса екен, – деп әңгімесін  аяқтады  Қатира апай.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале