27.02.2019, 17:32
Оқылды: 1107

Райм мен Артур: «Оралды, «Меховая, 8» деп әнге қосатын ыстық ұямызды тастап кетпейміз»

Талантымен көпшілікті таңдандырып, жетістіктерімен тыңдармандарын қуанышқа бөлеп жүрген жастар баршылық. Солардың қатарында өңіріміздің мақтаныштары – Райм мен Артурды ерекше атап кетуге болады.
WhatsApp Image 2019-01-28 at 22.27.37 (5)

Бұл жігіттердің аз ғана уақытта бағындырған биіктері жетерлік. Есімдері де, әндері де ел аузында. Кей жетістіктерін тілге тиек ете кетсек, Youtube желісі Райм мен Артурдың орындауындағы «Дискотека из 90-х» әнін 2018 жылдың ең танымал музыкалық бейнежазбасы деп атады. «Жыл таңдауы – 2018» ұлттық музыкалық жүлдесінде жігіттердің дәл осы әні «Жылдың басты әні» аталымын, «Лучший» әні «Үздік ән» аталымын иеленіп, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев жүлдені арнайы табыстады. Eurasian Music Awards (ЕМА) жүлдесінде Райм мен Артур «Жыл жаңалығы» және «Интернет дауысы» аталымдарына лайықты деп танылды. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысында әр саладағы үздік жастарды насихаттау, олардың дара жолын үлгі ету мақсатында жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан «Жыл үздігі – 2018» жүлдесінің «Жыл жаңалығы» аталымы да жігіттердің қанжығасында.

Бүгінде шығармашылыққа дендеп кіріскен жігіттер кезекті бейнебаяндарын түсірумен айналысуда. Оған қоса түрлі түсірілімдер, мерекелік шаралар мен жоспарлы концерттері бар. Сол себепті көзбе-көз жүздесудің реті түспегенмен, жігіттермен «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» әлеуметтік желі арқылы сұхбаттастық.

 

- Ең алдымен, жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан уақыт бөліп, сауалға жауап жолдағандарыңызға рақмет! Райымбек пен Артурдың бала кездегі арманы қандай еді? Әңгімені сол тәтті шақтың әдемі естеліктерінен, отбасыңыз, бауырларыңыз туралы ой бөлісуден бастасақ...

Райм: - Мен қарапайым отбасында тәрбиелендім. Ата-анам мен екі інімді басты байлығым деп санаймын. Бала күнімде ғарышкер болғым келген, аспанға, ғарыш кеңістігіне ғашық баланың бірі болдым.

Артур: - Бала кезімнен бастап-ақ арманым сахнаға шығып, көпшіліктің алдында өнер көрсету болды. Есейе келе, осы бағытта нақты мақсат құрдым. Өнер жолына деген талпынысымды қолдап, әлі күнге дейін жігерімді жанып, менің тілеуімді тілеп отыратын ең қымбатты адамдарым – әжем мен анам. Қандай жетістікке жетсем де ең алдымен осы адамдардың ақ батасына, аппақ тілектеріне қарыздармын.

 

WhatsApp Image 2019-01-28 at 22.27.37 (2)

- Ән айтуға, жалпы, өнер саласына қай уақыттан бастап қызығушылық таныттыңыздар? Осы жолдағы алғашқы жетістіктеріңіз қандай?

Райм:  - Жалпы, өнер саласына басқан алғашқы қадамым ретінде «DD records» студиясына келген шағымды айта аламын. Осы студиядан жанашырлық сезініп, қолдау таптым. Бұл жерде ән жазуға кәсіби тұрғыда да мүмкіндік мол болды. Соның арқасында шабыт оянып, біраз іс атқарылды. Ең алғашқы жетістігім – өз ортамды адаспай табуым.

Артур: - Өзім әнді кішкене кезімнен бастап айтып келемін. Өнер жолына алғашқы қадамым сол кезден басталды деп есептеймін. Осы жолдағы ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерімізге көрермендер куә. 2018 жылы бірнеше аталым бойынша марапатқа ие болдық. Киелі сахнада Қазақстанның «менмін» деген өнер саңлақтарымен бірге өнер көрсету бақыты бұйырды.

 

- Өнер жолындағы ұстаздарыңыз, сіздерді қолдаушылар туралы айтсаңыздар.

Райм: - Өнер жолындағы ұстазымыз – жоғарыда аты аталған өнер студиясының негізін қалаушы Данияр Рахметжанов ағамыз. Ал біздің өнерімізге «DD records» өнер ұжымына топтасқан команда мүшелері қолдау білдіреді. Бір-біріміздің жетістігімізге қуанып, қолдан келгенше бір-бірімізге қолұшын созып жүрміз.

 

WhatsApp Image 2019-01-28 at 22.27.37 (3)

 

- Егер өнер жолын таңдамаған жағдайда қандай мамандық иесі болар едіңіздер?

Райм: - Әнші болмағанымда, ағылшын тілі бойынша білімімді жетілдірер едім. Мұғалім болмасам да, шетелдерді аралап, өзімнің көңіліме аса жақын саяхаттау, ел мен жер тануды қолға алар едім.

 Артур: - Өнерден бөлек, мені құқық қорғау саласы қызықтырады. Өнер жолында болмасам, бәлкім полиция қызметкері болар ма едім, кім білсін?!

 

- Райм мен Артур дуэтін бір мезетте танымал еткен «Самая вышка» әнінің шығу тарихын әңгімелеп берсеңіз.

 Райм: - Бұл ән кездейсоқ жазылған болатын. Арнайы тапсырыспен немесе алдын ала жоспарлау арқылы жазылған  жоқ. Аяқасты туып, көпшіліктің көңілінен шыға білді. Қазір біздің төлқұжатымызға айналғандай бұл әнді тыңдармандар қандай шараға барсақ та міндетті түрде орындауымызды сұрайды.

- Райм мен Артурдың бірігіп орындайтын репертуарында жалпы саны қанша ән және бейнебаян бар?

 Артур: - Біз бірігіп ән айтумен қатар өзара жеке шығармашылықпен де айналысамыз. Бірге айтатын онға жуық әніміз бар. Соның ішінде «Самая вышка», «Лучший» әндеріне бейнебаян түсірілді. Он шақты күн бұрын жарыққа шыққан «Сәукеле» атты жаңа бейнебаянымызды Youtube желісінде 3 миллионнан астам адам қарады.  

 

- Репертуарларыңыздағы әндердің сөзі көбінесе орысша-қазақша аралас. Кей тыңдармандар тарапынан сын пікірлер айтылып қалып жатады. Бұған не дейсіздер?

 Райм:  - Туған тілімізді шұбарлау туралы жаман ойымыз жоқ. Екі тілде аралас жазылған әндер негізінен әзіл бағытында жазылған. Кезінде біздің ата-аналарымыздың жас кезінде ерекше жақсы көрген «Дос-Мұқасан» тобының орындауындағы «Он алты қыз», «Водовоз» әндері болды ғой. Сол секілді біздің әндер де біраз адамның, соның ішінде жастардың көңілінен шығып жүр. Бұл – қатып қалған стиль емес. Алдағы уақытта қазақша әндерді көптеп жазуды жоспарлаудамыз.

Артур: - Әндеріміздің екі тілде қатар орындалуының арқасында қазіргі кезде ТМД елдері мен Ресей Федерациясында да біздің шығармашылығымызға қызығушылық танытушы жастар қатары артып келеді. Біздің орындауымыздағы бірқатар туынды осы елдердегі түрлі музыкалық чарттарда жүктелімі көп әндер қатарынан табылған.

WhatsApp Image 2019-01-28 at 22.27.37 (6)

 

- Райымбек, былтырғы жылдың соңында жеке концертіңіз өтіп, жаңа альбомыңыз жарыққа шыққандығынан хабардармыз. Альбом туралы айтып өтсеңіз.

 Райм:  - Альбом – менің аз ғана жүріп өткен жолымда басымнан өткен жайттар, сындар мен сынақтар, өмірдің әр сәті тоғысқан еңбек. Алғашқы альбомым 2016 жылы жарық көрді. Данияр ағамның бастама көтеруімен жазылған кезекті альбомымда түрлі стиль, бірнеше жанрдағы қазақша және орыс тіліндегі 14 ән топтастырылды. Музыканы өмірімнің маңызды әрі ажырамас бөлшегі санағандықтан, альбомның атауын «О²» («Оттегі») деп таңдадым.

 

- 2018 жылы «DD records» өнер орталығы алғашқы концертін қайырымдылыққа арнағанынан хабардармыз. Осы концерт жайында айтып өтсеңіздер.

 Райм: - Қайырымдылық мақсатында бір емес, екі бірдей концерт өткіздік былтыр. Екі концертте де халық өте көп болды, ғимараттың ішіне сыймаса да сырттан ән тыңдағандарды көрдік. Алдағы уақытта да қайырымдылық кештер өткізіп, көмекке мұқтаж жандарға қолұшын созсақ деген ойымыз бар.

 

- 2018 жыл сіздер үшін несімен есте қалды? Биылғы жылға жоспарларыңыз қандай? Естуімізше, Қазақстан бойынша концерттік тур болады екен, бұл қаншалықты рас?

 Артур: - Біздің тағдырымызға өзгерісімен, жақсылығымен келген былтырғы жыл ерекше болды біз үшін. Алдағы уақытта жоспар мол, оның барлығын уақыты келіп, жүзеге асқан кезде көресіздер. Қазақстан бойынша концерттік турды жоспарымызға енгізіп қойғанбыз.

 

- Жалпы, жұмысты реттеумен, қаржылық мәселелермен кім айналысады? Продюсер бар ма сіздерде?

 Райм: - Продюсеріміз – Рахметжанов Данияр ағамыз. «DD records» командасының жұмысымен түгелдей дерлік сол кісі айналысып, реттейді.

 

- «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» деген сөз бар халқымызда. Көпшіліктің көз алдында жүргеннен кейін сезімін білдіріп хат жазатын, хабарласатын қыздар көп шығар? Өмірлік жарым осындай болса екен дейтін аруды сипаттап бере аласыз ба?

 Райм: - Өмірлік жарымның анама ұқсағанын қалаймын. Менің анашымдай мейірімді жан жолықса, одан артық ештеңе керек емес.

Артур: - Тек қыздар ғана емес, шығармашылығымызға қызығушылық танытатын көптеген адам әлеуметтік желі арқылы хат жолдап жатады. Біздің тілеуімізді тілеп жүретін жанашыр жандарға алғысым шексіз. Ал болашақ жарыма қояр нақты талабым жоқ. Бұйырған күні көңілімнің кілтін табар жан жолығарына сенемін.

 

- Өзге қаладан қаламақысы өте қомақты жоба ұсынса келісер ме едіңіздер?

 Райм: - Қанша ақша ұсынса да, өзіміз өсіп-өнген Оралды, өзіміз «Меховая, 8» деп әнге қосып жүрген ыстық ұямызды, әнші ретінде қалыптасуымызға алғашқы қадамнан бастап сеп болған ұжымды тастап кетпейміз. Осы кезге дейін Алматы, Астана қалаларынан түрлі ұсыныс түсті. Талаптары қанша жерден тартымды болса да көңіліміз қаламайды. Мегаполиске үдере көшпей, Оралдың өзінде-ақ орта қалыптастыруға болады деп есептейміз.

 

- Өздеріңіздей өнерлі, әнші болуды армандап жүрген іні-қарындастарыңызға қандай кеңес берер едіңіздер? Жалпы, өнер жолындағы адамның басты тірегі, ұстанымы қандай болуы керек деп ойлайсыздар?

 Райм: - Өнер жолында талап етілетіні – талант қана емес. Бұл жол талмай-тынбай тер төгуді, жанкешті еңбекті талап етеді. Атым танылды екен деп астамсып кетпей, қарапайым қалпыңды сақтай білу аса маңызды. Қолымнан келмеді деп, сағыңды сындырма, тынымсыз еңбек түбінде жемісін береді деп сендіргім келеді іні-қарындастарымды.

Артур: - Өнер жолы – нағыз шыңдалу жолы. Бұл жол әлсіздікті көтермейді дегенді естігенмін, солай екендігіне көзім жетті. Ең бастысы, рухың мықты болуы керек. «Әнші боламын деп армандадың ба, сол арманға жеткенше шаршама! Қандай қиын болса да, арманыңды аяқасты етпе!» дер едім өнерге ынтық жандарға.

Сұхбаттасқан Аяужан Кереева,

© zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале