1.12.2022, 10:00
Оқылды: 70

«SAGRIS» – серпінді жоба

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «БҚАТУ ғалымдарының халықаралық жоба аясындағы жұмыстары» тақырыбында конференция өтті.  

d562203b-4b86-44ab-bcd2-51f38fbd4ace

Жиында аталған университеттің ғалымдары «SAGRIS» – тұрақты ауыл шаруашылығы мен болашақтың агрожүйелері саласында жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді жетілдіруге қатысты халықаралық жоба жөнінде баяндады. Олар шетелдік жоғары оқу орындарымен тәжірибе алмасу барысында көрген-білгендерін ортаға салды. Университеттің стратегиялық даму және талдау басқармасының басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Ирина Богдашкинаның айтуынша, «SAGRIS» жобасының ауқымында еліміздегі 4 жоғары оқу орнының ғалымдары шетелдерге барып, тәжірибе жинақтауда. Жоба шеңберінде Чехия, Польша, Қазақстан, Ресей және Германияның ғалымдары бас қосып жүр.

Техника ғылымдарының кандидаты, доцент, БҚАТУ  агротехнология институтының директоры Марат Оңаев Германиядағы ауыл шаруашылығының әлеуеті мығым екенін байқағанын айтты.

–  Қазіргі таңда бізге магистранттар мен докторанттарды халықаралық стандарттарға сай және озық тәжірибеге сүйене отырып даярлау керек. Осыған сәйкес материалдық-техникалық базаны және әдебиеттерді жаңарту да маңызды. Жоба аясында  4 модульден тұратын бағдарлама әзірленді. Германияға барған сапарымда малды баптап, сүтін алып отырған шағын шаруашылықтың толықтай аутоматтандырылғанын көрдім. Ол жақта ғалымдар ауыл шаруашылығындағы бар мүмкіндікті тиімді пайдалануда. Мәселен, биогаздан алынатын энергияны жыл бойы жинап, халыққа қолжетімді бағада сатады. Сонымен қатар экотуризм ұйымдастырылады. Осындай жаңа деңгейдегі цифрландыруды біз де қолға алуымыз қажет, – деді Марат Қайырлыұлы.

Айта кетейік, «SAGRIS» жобасы халықаралық сапа стандарттарына сәйкес ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлаудағы мәселелерді шешуге бағытталған. Сондай-ақ бұл бағдарлама мен жобалар болашақтың орнықты ауыл шаруашылығы мен агрожүйелері саласындағы мамандардың білімін аймақаралық және халықаралық деңгейде арттыруды көздейді. БҚАТУ-дың ІІ курс докторанты Асхат Жұмабаев ғылыми ізденіс кезінде көп дүниеге көз жеткізгенін айтты.

– Жыл басынан бастап еліміздің Астана, Қостанай, Орал және Ресейдің Новосибирск қалаларында өткен апталық семинарларға қатыстым. Ол жерде докторанттардың ғылыми ізденісіне жол ашатын заманауи мүмкіндіктер айтылды. Практикалық тұрғыда Новосибирск қаласында төрт түліктің кәдімгі қи тезегінен газ өндіріп, оны халықтың игілігіне жаратып жатқанын көріп келдік. Тағы бір айта кететін жайт, су тапшылығының алдын алу немесе ылғалды сақтап қалудың ғылыми тұрғыда шешімдері бар. Алдағы мақсат – жиған азды-көпті тәжірибемізді жүзеге асыру, – деді докторант Асхат Қонысбайұлы.

Аманжол Рахымжанұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале