21.07.2022, 10:30
Оқылды: 95

Сембіғали Смағұлов: «Мәдениеті жоғары халықтың болашағы жарқын»

– Ақ Жайық өңіріне қош келдіңіз! Туған жеріңіз, өскен ортаңыз, келген сапарыңыздың мақсаты деген дәстүрлі сұрақтардан бастасақ.

IMG-20220721-WA0008

– Иә, рақмет! Орал қаласына осыдан 7-8 жыл бұрын өзіңіздің арнайы шақыруыңызбен республикалық «Тарих және мәдениет» көрмесіне келіп едім. Енді, міне, «Сұлулық әлемді құтқарады» атты суретшілердің халық­аралық симпозиумының өтуіне байланысты қасиетті топыраққа екінші рет табаным тиіп отыр. Туған жерім – Жезқазған облысының Тоғанбай ауылы. Тегіме келсем, әкем Жалаңтөс батырдың ұрпағы, анам болса Тәттімбет күйшінің ағасы Құттымбеттің бесінші буындағы баласы. Өзім малшының баласымын. Интернатта оқыдым, жазғы демалыстарда өзге балалар велосипед теуіп, балық аулап жүргенде біз өрісте қой бақтық. Сондағы негізгі ермегім кітап оқу болды. Төртінші сыныптың өзінде мен Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» кітабын толық, түсініп оқыппын. Әкеме қолғабыс етіп, он жылдан астам уақыт табиғат аясында жүру менің тұтас өміріме жететін азық беріпті. Қазақ қаламгерлерінің кітаптарын, шетел жазушылары аудармаларының түгелге дерлігін сонда оқып тастаппын. Құдайға шүкір, кітап оқудың арқасында әлі күнге дейін шығармашылықта тоқырау дегенді білмей келемін. Өзінен-өзі бәрі құйылады да жатады...

Институтқа түсіп, жоғары білім алып жүргенде Мартин Хайдаггер, Хорхе Луис Борхес, Артега, Фридрих Ницшелерді оқыдым. Қызығы, орыс тілділерге қарағанда қиын да күрделі шығыс тілдерін еркін де түбегейлі меңгердім.

– Кітапты көп оқыдым дедіңіз, ал сурет өнеріне қалай бет бұра бастағаныңыз қырмандарымызды қызықтырары кәміл.

– Қой жайып жүргенде кітап оқумен қатар, жылқылардың (аттардың) нобай, долбарларын да көп жасайтынмын. Үйге келіп оны жинаулы төсек астына жасырып қоятынмын. Сөйтіп жүргенде немере әпкем суретшілердің әулетіне тұрмысқа шығып, келесі жылы құдалар біздің жайлауға келді. Құдаларға ретін тауып, көрпенің астындағы екі-үш суретімді көрсеттім. Олар таңғалып, ме­ні мақтамасы бар ма?! «Бұл баланың суреттерінде композиция, колорит бар, баланың бағын байламай, Алматыға сурет училищесіне жіберіңіздер» деді.

Өздерімен бірге мені суретшілер дайындайтын курсқа Қарағандыға алып кетті. Сол жерде бір жыл сурет салудың негізгі техникаларын меңгеріп, келесі жылы Алматыға барып, барлық сынақтан сүрінбей жоғары баға алып, оқуға түстім. Қызығы, Қазақстандағы ең атақты суретшілердің балаларымен бір топта оқыдым. Белгілі график суретші, линогравюра тәсілінде жасалған Махамбет бейнесінің авторы, ұстазымыз Мақұм Қисамединовтың баласымен дос болдым. Ол баласын жылда «Сенің қасыңда жүріп, ел көрсін, атқа мініп, қымыз ішсін» деп ауылға маған ілестіріп жіберетін.

Асауды ұстау

60-жылдары Салахитдин Айтбаев, Шаймардан Сариев, Тоқболат Тоғысбаев және басқа да ағаларымыз қазақтың сурет өнері айдынына жаңа толқын әкелді. Орыстың көзқарасынан шықпай келе жатқан шеңберді бұзды. Біз солармен, сабақ берген Бах­тияр Табиевтермен жақсы араластық, пленэрге шыққанда оларды ұстазым Кенжебай Дүйсенбаев ылғи ілестіріп келетін. Біз олардан көп тәжірибе алдық. Олар кейіннен біздің әр қадамымызды қадағалап, тіпті уайымдап, бағыт-бағдар беріп, жол сілтеп жүретін болды.

– «Орыс тіліне шорқақтау болып, оқуымды Мәскеуде жалғастыру бұйырмады» деп қалдыңыз, оған өкінішіңіз жоқ шығар қазір?

– Қазақ тіліне көп көңіл бөлінуі керек. Біздің тіл әлемдегі ең шұрайлы тілдердің жоғары санатында тұрады.

Мәскеуге бармай, өзімізде оқығаныма қазір қатты қуанамын. Қазақ тіліне қарыздармын. Біздің тіл – ауылдық тіл емес, біздің тіл – универсумдық тіл. Арасында ескі әдетіммен кітапханаларға кітап оқуға баратыным бар. Сонда көргенім мен ойға түйгенім, кітаптың безендірілуі, яғни ішіндегі иллюстрациялардың жасалуы кемшін. Соған байланысты соңғы жылдарда «Қырық өтірік», «Аяз би» және басқа да ертегілерді безендіруді қолға алып жүрмін.

– Қазіргі қазақ отбасындағы бала тәрбиесіне де көп көңіл бөлінуі керек... Дәстүрлі ән-күйлер жаныңызға жақын ба?

– Жалпы, дүниенің бәрі қызда, әйел баласында, оның тәрбиесінде жатыр. Менің суретші болып қалыптасуымда анамның да рөлі бар. Менің шешем – алтын құрсақты ана. Отбасымыздағы балалардың барлығы дерлік домбыра тартады. Домбыра ойнамайтын ағам отырып алып хиссаларды жатқа айтады. Сондықтан маған өнер, жоғарыда айтқан Тәттімбеттерден трансформацияланып жеткен дүние. Бұны мен кәдімгідей сеземін. Өйткені бір сәт құлағыма сол атамыздың «Сылқылдағы» келсе, бір кезде Құрманғазының адуынды, қуатты «Адай», «Сарыарқа» күйлері келеді. Жақсы күйлер көп шығар, бірақ өзіме ұнайтын күйлердің азғантай шоғыры бар. Төлеген Момбековті, Әбікен Хасеновтің «Қоңырын», замандас досым Секен Тұрысбековтың 1-2 күйін тыңдағанды жаным қалайды.

– Секе, сізді «Қазақ елі» монументінің авторы ретінде мұқым ел таниды. Қалай басталды, жасалу барысына қысқаша тоқталсаңыз?

– Қазақ гобелен өнерінің негізін қалаған Құрасбек Тыныбековтың «Дала балладасы» атты туындысында қанатын жайған самұрық құс бар. Одан кейінгі самұрық құсты мен жасадым. Монументті салу Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы, соған байланысты еліміздегі ең беделді ғалымдар, жазушылар, суретшілер, сәулетшілердің басын біріктіріп, үлкен жұмыс тобы құрылды. Олардың ішінде Әбіш Кекілбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Мырзатай Серғалиев, Қойшығара Салғарин, Ақселеу Сейдімбековтер болды. Монумент үлкен ұжымдық жұмыстың нәтижесінде дүниеге келді.

Самұрық – Иран мәдениетінен түркі дәстүріне келіп қонақтаған құс. Сондықтан оны жан-жақты сараладық. Әрине, пікірталастар болды. Негізгі мақсат – символ елдің ертеңіне жұмыс істеуі керек. Қазіргі біздің самұрығымыз таранған, салтанат құрған Қазақ елін күллі әлемге паш ететін елдің символына айналды.

– Бұрынғы бір әңгімеңізде түнде қағаз, қаламымды жаныма алып жатамын дедіңіз, соны тарқатыңқырап айтып көріңізші?

– Иә, мен үнді философтарының йоганың қыр-сыры туралы жазған кітаптарын оқимын. Солардың ілімдеріне қызығамын. Жатарда жаныма қағаз, қарындашымды қоямын. Түнде көз алдыма небір күрделі композициялар келеді, соның нобайын қағазға түсіріп аламын. Ертесіне соны жіберіп алмас үшін тартылған кенептің алдына келемін, жақындаған сәтте, салынатын бейне көріне бастайды. Кейде студенттерге шеберлік дәрістерін өткізгенде әлгі бейнелер келмей, басқа түстер немесе басқа бейне сұрап тұрады, тапжылмай, терге малшынып, ұзақ отырып қалатын сәттерім болады. Егер маған көрінген бейнені тыңдамай, өзімнің ойлағанымды салсам – сөзсіз сәтсіз туынды болып шығады. Шынымды айтсам, кейде өзімді суретші емес, жай ғана құрал ретінде сезінетін кездерім болады.

Кеңес кезеңінде өнерде неліктен тоқырау болды деп ойлайсыз? Өйткені ол кезеңде суретшілерге ықпал етіп, тапсырыспен өз дегенін салғызатын болды. Суретшілерді жиып алып, оқиғаны суретшіге тәуелді етіп қойды. Ал Еуропада керісінше, суретші оқиға болып жатқан жерді зерттеп, өз жүрегіндегі композицияларды салады.

– Кипр жобасы жайлы мәлімет бере отырсаңыз. Соңғы кездегі ұйымдастырылып жүрген симпозиум, көрмелер жайына тоқталсаңыз?

– Кипр астанасы Никосия қаласының гүлденуіне атсалысып жүрген миллиардер, бизнесмен Суат Гюнсель деген азаматпен осы сурет өнері арқылы таныстым. Ол өз елінде 30 миллион долларға мешіт, 4 емхана, 20 мың студент оқитын университет салдырған жомарт кісі. Баяғыда мәдениеті мен өресі биік, байлығы мен дәулеті жетіп артылатын ақсүйектер өздеріндегі жоқты, жүрегіндегі тапшыны рухани әлемнен, ғылым мен өнерден іздеген екен. Көрме жасағандарға жақын болып, театр-сахна иелерімен табысқан. Суат мырза да тура солай, енді түркі әлеміндегі ең үлкен музей салуды қолға алыпты. Ол кісі бұл музей түркі өнер дүниесінің орталығы болғанын қалайды екен.

Мен Кипр аралына, Никосияға арнап «Құт иесі» атты мүсін жасадым. Бұл мүсін – жаратылыстың негізгі қарама-қайшылықтары, оң мен теріс зарядтардай, күн мен түндей, жарық пен көлеңкедей, алар дем мен шығар демдей ажырамас қос ұғымның бір парасы, Еркек пен Әйелдің фәнидегі таусылмас та үзілмес үйлесіміне бағышталған. Табиғаттың тұқым беруші, қоры, құты, қасиеті – Еркек пен ұрпақ әкелуші, бала өсіруші – Ұмай ана, Жер ана сынды образдарды жұптаудан туған шығарма.

Мен сол Кипрда ұйымдастырушы ретінде қазақ суретшілерінің кураторы болдым. Еліміздің түкпір-түкпірінен талантты суретшілерді сонда шақырып, кең сипатта көсіліп композиция жазуларына ықпал еттім.

Елімізде симпозиум әр облыс орталығында бірнеше мәртеден өтті. Орал қаласында не себепті өтпейтініне таңғалып жүретінмін. Иә, рас, көрме, симпозиумдар қомақты қаржыны талап етеді ғой. Бірақ елдің мәдениеті мен өнерін дамыту үшін қандай қаржыны да табу керек. Мәдениеті жоғары халықтың болашағы жарқын болады. Жаңа Қазақстанға жаңа леп әкелетін өңір басшысының жас орынбасары Бақытжан Хаберұлын көріп, жүрегім жылыды, көңілім марқайды.

– Сөз соңында суретші болуға талаптанып жүрген жас буынға қандай ақыл айтар едіңіз?

– Маған қонған суретшілік қасиет – Құдайдың құдіретті сыйы. Әрине, жас кезде әр нәрсені байқап көресің, сенімсіздік те болады. Егер жоғарыдан келген қабілет болса, қандай кедергі болмасын, жеңесің. Қиындыққа қарамастан, бойыңа дарыған қасиетті жоғалтып алмай, сурет салуды тоқтатпаған адам нағыз суретші болады. Мен мұны өзімнің шәкірттеріме әрдайым айтып отырамын. Атақты суретші Ван Гог ағасына жазған хатында: «Егер сенің ішкі жан дүниең суретші бола алмайсың деп айғайласа, достым, ешнәрсеге қарамастан қылқаламыңды қолыңа ала бер. Күндердің бір күнінде ол дауыс жоғалады» деп жазыпты. Міне, ауылдан шыққан мен секілді қойшының баласы бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде көрмелерін ашып, симпозиумдарға қатысып, шеберлік сағаттарын беріп жүр.

Жас кезімде суретшілер одағында қызмет атқарғанда, келген жұмыстарды сынайтын кездеріміз де болған. Біреуінің жұмысы нашар болса, екіншісінің білімі жоқ дегендей. Сол кезде арамыздағы ақсақал Әбдірашит Сыдыханов: «Сембіғали, менің жасым алпыста. Ал сен отыздасың. Сондықтан ақылымды тыңда. Ешқашан біреуге «Сен суретші емессің» деп айтпа. Егер адам қолына қылқалам алып, сурет салудан ләззат алса, демек ол суретші» деді. Ғұлама суретшінің осы сөздерін өміріме ереже етіп ұстандым.

Сұхбаттасқан Қуандық Мәдір,

«ҚР БҚО Суретшілер одағы» ҚБ-ның төрағасы

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале