8.07.2026, 12:45
Оқылды: 3

Шалқар көлі туризмі қайтсе дамиды?

Ақ Жайық өңірінің інжу-маржаны саналатын Шалқар көлі бұл күндері мыңдаған туристің сүйікті демалыс ор-нына айналды. Алайда су айдынының туристік әлеуеті толық пайдаланылмай отыр.

шалкар13

Шалқар көлі – облыстағы ең ірі әрі терең су айдыны. Емдік қасиеті бар минералды суы, көркем табиғаты мен қолайлы  жағырапиялық орналасуы оның  өңірлік туризмнің маңызды  орталығына айналуына мүмкіндік береді.  Аумағы 205 шаршы шақырымды құрайтын, тереңдігі 13 метрге дейін жететін көл өзінің көркем табиғатымен тартымды. 1994 жылдан бері мемлекеттік биогидрологиялық қорық мәртебесіне ие болып, кейінгі жылдары мәртебесінен айырылып, кәсіпшілік балық аулау шаруашылығына берілді. Мұнда облыс тұрғындарымен қатар көршілес өңірлер мен Ресей Федерациясынан да ат арылтып келетін кісі қарасы көп. Алайда туристер саны артқанымен, көл жағалауындағы инфрақұрылым өгей баланың күйін кешуде.

Құтқарушы алыста, полицей мен медбике атымен жоқ...

Облыстық деңгейдегі үлкенді-кішілі жиындарда Теректі ауданы әкімдігінің өкілдері  туризм дамытуға инвестор тартудамыз деп есеп бергендерімен, одан еш нәтиже шықпады. 2021 жылы туристік қызметті дамыту үшін көл жағалауынан үлкен жер телімі жеке кәсіпкерге берілгенімен, нақты жоба іске асырылмады. Соның салдарынан жер телімі қайтадан мемлекет меншігіне қайтарылды. Осы жағдай өңірдегі, соның ішінде Шалқар көлі орналасқан Теректі ауданындағы инвестициялық саясаттың тиімділігіне қатысты сұрақтар туындатады. 2024 жылы Шалқар көлі жағалауынан коммуналдық жағажай ұйымдастыру мақсатында Шалқар ауылдық округі әкімінің аппаратына 6,5 гектар жер телімі тұрақты пайдалануға бөлінді. Бірақ төртінші деңгейлі бюджеті жылына 3,5 млн теңгені құрайтын ауыл әкімдігі жағажайды дамытуға қауқарсыз. Округ орталығы Сарыөмірден 3,5 шақырым жердегі жағажайға электр желісін  тартуға 35 млн теңге керек. Жабайы демалыс орнында ауыз су және шайынатын су атымен жоқ. Оған Сарыөмірден су құбырын тартуға қаражат тапшы. Жағажайды жарықтандыру, сумен қамту, арнайы демалыс орындарын салу, қауіпсіздік және санитарлық жағдай мәселелері әлі де өзекті күйінде. Көлге шомылушылар қауіпсіздік шараларымен толық қамтамасыз етілмеген,  құтқару бекеттері жоқтың қасы. Төтенше жағдайлар қызметінің құтқару бекеті олардың өз базасында орналасқан. Одан жағажайға дейінгі аралық бес шақырымды құрайды. Демалушылар бір қиындыққа тап болса, олар сонау шеттен жеткенше, жамандықтың алдын алу кеш болады. Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құтқару бекетімен қатар учаскелік полиция қызметкері, алғашқы дәрігерлік көмек беретін мамандар болуы тиіс. Сарыөмір ауылдық округінің әкімі Шынтемір Тілешжанның айтуынша (суретте), сенбі, жексенбі күндері демалушылар саны үш мыңға дейін жетеді. Сондықтан бұл күндері полиция қызметі күшейтілген режімде жұмыс істегені дұрыс. Қауіпті аймақтарға суға түсуге болмайды деген белгілер және шомылатын орынды тормен қоршап, бейнекамералар қойылса, артық етпейді. Одан басқа санитарлық жағдайды жақсарту, актив мобильді (билайн, теле2 байланысы бар) байланысы мен интернет сапасын арттыру қажет.

– Қалталы кәсіпкерлер Шалқар жағажайын дамытуға қаражат салғысы келмейді. Әрі кеткенде ай жарым шомылу маусымынан инвестицияның қайтарымы болмайды деп үмітсіздікке байланады.  Жылда жағажайға 100-130 шақты киіз үй тартылған су табанына, көлдің қайраңына тігіледі. Бұрын су мол кезде қабаққа қойылатын. Округ әкімінің сөзінше, киіз үй тігуші ауыл тұрғындарына жеке кәсіпкер болып тіркеліңіз, салық төлеңіз деп талап қою қисынсыз.  Олар әрі кеткенде демалыс күндері 10-15 мың теңге табыс табады. Басқа күндері келушілер аз. Олар өз айналасын, ал жағажайды қоғамдық  жұмысқа тартылған он шақты  азамат тазалайды.  Кезінде пластмасса ыдыстар салатын торлы жәшіктер де қойылған мұнда. Бірақ кей демалушы жәшіктің ішіне қауын, қарбыз, тамақ қалдықтарын төгіп, жарамсыз еткен. Киіз үй тігушілер екі адам болып бірігіп әжетханалар салады. Бірақ тұзды жер болған соң, онысы ұзаққа бармай, құлап қалады. Биоәжетханаға арнайы қымбат сұйықтық керек.  Көлдің су кеткен табанын  жыңғыл басуда. Келушілер сол бұтасындардың тасасын әжетханаға айналдырған. Сондықтан 2,5 шақырым жерді ағаштан тазартуды қалар едік. Одан басқа былтырдан бері маса көбейді. Улау жұмыстары мүлдем жүргізілмейді. Мұны округ бюджеті есебінен атқару қиын, – деді Шынтемір Тілешжан.

шалкар12

Жолы шаң, ғимараты ескі, рухы нық

Суға шомылуға келгендерге көрсетілетін қызметтердің басым бөлігі жергілікті тұрғындардың жеке бастама-сымен ғана ұйымдастырылады. Алайда жағажайда ең бастысы, ауыз су болмайтындықтан, келушілер іргедегі Сарыөмірге сабылады. Онда 3-4 дүкен бар. Бірақ ауылдың ең басты жолы ойқыш-ойқыш болып, қою шаңы бұрқылдап жатыр. Лайсаңда ми батпаққа айналады. Осы ауылда төрт ауданның оқушыларының жаздық демалыс лагерьлері орналасқан.  Ең құрығанда осы орталық көшенің 3 шақырым 100 метр жолын тегістеп, асфальттап қоюға қаржы қарастырылса дейміз. Округ кәсіпкерлері өз есебінен жолдың жобасын жасақтағанмен, мерзімі өткен жоба қағаз жүзінде қалды. Енді тағы да 1,5 млн теңгеге жоба жасақталуда. Туристер келетін ауылға басымдық берілгені жөн.

Одан басқа Шалқар ауылдық округі әкімдігінің ғимараты өткен ғасырдың 60-жылдары салынған. Жаңбыр жауса, төбесінен су қоса шүмектейді. Сыртқы қабырғалары қаусап тұр. Жаңа ғимарат салынады дегелі де үш жыл өткен. Сарыөмірде 1360 адам тұрады. Тұрғындар мал өсіреді. Ауылға газ, таза су құбыры тартылған. Екі пәтерлік екі үй салынып қойғанмен, иелеріне табыстауға «Отбасы банк» асығар емес. Соңғы жылдары округке «Дипломмен ауылға!» бағдарламасымен үш маман жұмысқа келген. Мал өсіріп, сонымен күнелтіп отырғандар  оның бағымын ұйымдастыруға салғырт. Өйткені ауылдан бақташы табу қиын. Тракторшылар қат. Бұзауын ілестірген сиырлар күрежол үстінде күйіс қайырып жүргенін көресіз. Мұны да ескерген жөн. Төртінші бюджет есебінен Сарыөмір ауылына бес миллион теңгеге 15 бейнекамера орнатылған. Демеушілер есебінен 250 мың теңгеге радио дыбыскүшейткіш (радиорупор) жабдығы сатып алынып, іске қосылған. Округ орталығында Қазақ радиосы саңқылдап тұр.

Сарыөмір ауылы мектебінің 1971 жылғы түлектері іргедегі Сасай тауының басына жарты киіз үй құрылысын салған. Сол жерге орындықтар қойылған. Бірақ тау басына жаяу көтерілу қауіпті. Сондықтан Көктөбедегі басқыштарға ұқсатып, жоғары шығатын   баспалдақтар орнатса, туристер айналадағы сұлулықты көзбен көрер  еді... Сонда бұл орын да туристер үшін тартымды жерге айналар еді.

шалкар

Өңірде ішкі туризмді дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген азамат, БҚО туризм ассоциациясының төрағасы Айболат Құрымбаев облысқа ат басын тірейтін туристердің Шалқарға шомылуға ынтық екенін айтады. «Шалқарға экскурсия ұйымдастырып жүрмін. Сарыөмір ауылындағы мектепте Хамза Есенжанов музейіне, Ғиният Дауылбаев деген суретші ағамыздың үйіндегі сурет галереясына барамыз. Сасай тауына шығамыз, Мәдениет үйіне апарамын. Жергілікті өнерпаздардың концертін көреміз. Содан кейін көлге бет түзейміз. Осындай қызметтер үшін ақысын төлеймін.  Көп болмаса да, тұрғындар пайда тапсын деген ой ғой менікі. Сарыөмір тұрғындары қызмет көрсеткендеріне ақы алуға үйренсін деп төлеймін. Ауылда бұлақ көп, соны неге көрсетпеске?!  Осының барлығына туристік өнім ретінде қарауымыз керек. Шалқар көлі суының сараптамасы әлі күнге жасалмаған. Соны жасауымыз керек. Бұл судың шипасы қандай ауруға ем-шипа, қандай науқастарға суға түсуге болмайды деген мәселелер анықталмаған. Көлдің ар жағында Әлжан соры деген жер бар.  Оның да қандай ауруға ем-шипа болатыны зерттелмеген. Округ әкімінің және сауда орындарының, таксидің, төтенше жағдай қызметінің және басқасының телефондары жазылған тақтайша  жағажайдағы көрнекі жерде ілулі тұруы тиіс. Су кодексі талабына сүйенсек, Шалқардың қасына көлікпен кіруге болмайды. Ал бізде көлік те көл суына «шомылып» тұрады, – деді Айболат Құрымбаев (суретте).

Қорықша мәртебесін қайтарған жөн

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, география ғылымдарының кандидаты, профессор Қажымұрат Ахмеденовтің (суретте) сөзіне сүйенсек, Шалқар көлі тұз күмбезді үрдістердің әсерінен қалыптасқан. Мұндай су айдынына Ресейдегі Басқұншақ және Атырау облысында Индер, Бөкей ордасы ауданында Аралсор көлі жатады.

ХІХ-ХХ ғасырдың шегінде Шалқар суының көлемі қазіргі кездегідей шамада болған. 1903 жылы 194 шаршы шақырымды құраған.  Ал 2019 жылғы университет ғалымдарының зерттеуі бойынша 190 шаршы шақырым, 1977 жылы 197 шаршы шақырым  болған. Көлдің суы 1995 жылы ең жоғары шегіне 238 шаршы шақырымға жетті. Табиғи заңдылыққа байланысты көлдің суы бірде көбейіп, бірде азайып тұрады. Мұның өзі осы аймақтың табиғи климаттық жағдайына байланысты екені түсінікті. «Шалқарды тек бір-екі жыл зерттеумен шектелмей, ұзақмерзімдік зерттеу қажет.  Бұрынғы мәліметтермен салыстыра отырып, зерттеген дұрыс. Қазіргі кезде көлде су азаю үрдісі байқалуда. Оған дүниежүзілік климаттық өзгерістер, ауа температурасының +1 градусқа өсуі, ылғалдың, жауын-шашынның азаюы әсер етеді. Тек Шалқар емес, өңірдегі су айдындары тартылуда. 2008 жылғы жер сілкінісі де су көлемінің төмендеуіне салқынын тигізді. Көл табанындағы тұз күмбездерінде кетіктер пайда болып, содан су жұтылуы мүмкін. Оны геолог, гидрогеолог, сейсмолог мамандар зерттеуі керек. Тек судың емес, биоалуантүрліліктің  азаюына адами фактор да ықпал етеді. Шолақ Аңқаты өзеніне су қоймасы салынды. Бұрын көлдің жағалауында қамыс өсетін, балық уылдырық шашатын орындар болды. Судың тар-тылуы кесірінен қоға-қамыс біткен қурады. Содан балықтың, құстардың мекендейтін орындары жоғалды.  Мысалға, бұрындары Шалқар көлі маңында Қызыл кітапқа енген 12 құс (бірқазан, қара дегелек, қарақұс, қал-бағай, тарғақ және т. б.) болса, соның төртеуі (сұңқылдақ аққу, аққұйрықты су бүркіті, қарабас өгіз шағала, дала қыраны) қалған.

Көл суының құрамын  зерттегенімізде, құрамындағы тұз мөлшері­нің өскені анықталды. Бұрын көл суының бір литрінде 3,7 грамм тұз болса, 2019 жылы  оның шамасы 12 грамға жеткен. Бұл тұздылық теңіз суының құрамына сәйкес келеді. Көл тұз күмбезінің үстінде орналасқан. Сонымен қатар Шалқарға Есен Аңқаты, Шолақ Аңқаты өзенде­рінен тұщы судың құйылуы және Солянка өзеніне судың шығуының азаюы да судың тұздануына соқтырған. Алдағы уақытта су құрамындағы тұз шамасы артады деген болжам жасап отырмыз. Күндердің күнінде, бірнеше ғасырдан кейін Шалқар да Индер көлі секілді тұзды кен орнына айналуы кәдік»,  – деді Қажымұрат Ахмеденов.

шалкар3

Ғалымның сөзінше, Шалқар туризмін дамыту алдында ғылыми негіздеме жасау үшін көлге толықтай зерттеу  жүргізілуі тиіс. Бұрын Шалқар көлі гидрологиялық қорықша болды. Қазір ол қорықша тізімінен алынып, кәсіпшілік балық нысанына айналды. Табиғат пайдаланушылар инвестиция салып, табиғатты сақтасын деп жоспарланған. Бір жылдары көл суы көгіс тартып, жұртты шошытқанымен, артынан табиғи жолмен тазарды. Шалқардың бел­гілі аумағын ғана демалыс орны, жағажай ету керек. Көл айналасының биоалуандылылығын сақтаған жөн. Сондықтан аулайтын балығы жоқ көлге республикалық деңгейдегі қорықша мәртебесін қайта берген жөн. Сонда  оған штат беріліп, ерекше қорғалатын аймаққа айналдырамыз. Әйт­песе, Шалқардың биоалуандылылығын құртамыз. Ғалым жағалаудағы жыңғылдарды кесіп, отаудың дұрыс емес­тігін айтады. Өйткені жыңғыл сусыған құмды ұстап, көлді қорғайды.

Балығың қайда тулаған?

Шалқар көлі мол балық қорымен де ел-жұртқа танылды. Өткен ғасырдың кей жылы көлден 80 тоннаға дейін  балық ауланғаны қариялардың жадында. Шалқардың табаны қиыншылық жылдары базарда қымбатқа бағаланатын. «Балық шаруашылығы ғылыми зерттеу орталығы» ЖШС Батыс Қазақстан филиалы директоры Артур Түменов 2008 жылғы жер сілкінісінен кейін көлдің суы едәуір көлемде кемігенін айтады. Оның акваториясы  22 мың гектардан 16 мың гектарға дейін тартылған. Қазіргі кезде су деңгейі сол көлемде сақталған. Аталған орталықтың зертхана меңгерушісі, магистр Дмитрий  Пилин (суретте) көлді зерттеу қорытындысы туралы әңгімелегенде, судың тартылуымен су айдынының гидрологиялық  режімі  өзгергеніне екпін түсірді.

шалкар5

«Көлге екі өзен Шолақ Аңқаты мен Есен Аңқатыдан су бұрынғыдай құйып жатыр. Алайда Солянка өзенінен бұрынғыдай су ағыны жоқ. Сондықтан көлдің тұзы ешқайда ақпай, өзінде қалуда. 2024 жылы су тасқыны кезінде өзендер қар суымен молынан қоректенді. Содан да көлге су жақсы  құйылды. Шалқар суы  құрамындағы тұз бір литрге шаққанда 10 грамнан келді. Ал бұл көрсеткіш 2025 жылы  11 грамм болса,  жыл санап тұздану процесі күш алуда. Кей жылдары тұз судың литріне 14 грамнан болды. Осындай тұздану үрдісіне байланысты ихтиофаунаның өзгеруін аңғардық. Қазіргі кезде Шалқарда бұрын болған балықтың 12 түрінен тек төрт түрі қалды. Олар: алабұға, қаракөз, мөңке, шархай майшабағы. Көксерке, шортан, табан, қызылқанат және басқалары жоғалған.  Судың тұздылығы артуына қарай кішкентай шархай майшабағы жиі ұшырасады», – деді Дмитрий Пилин.

Шалқарды зерттеген ғалымдар судың сапасы өзгеруін көлдің минералдануымен байланыстырады. Өйткені бұрынғыдай құйылатын көп су жоқ. Қардың аз түсуі, жауын-шашынның сиреуі көлдің деңгейінің төмендеуіне әсер етуде. «Көл табиғи жолмен қалпына келмейді. Көлге  жасанды жолмен су келетін болса, жағдай түзеледі» деген тұжырымға тоқталған ғалымдар.

БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, 2022 жылы Шалқар көлі кәсіпшілік балық шаруашылығымен айналысу үшін 10 жылға табиғат пайдаланушы «Алтын-алма тур» ЖШС-ға (кәсіпкер Александр Елькин) берілген. Ол 2026 жылы 93300 дана тұқы шабағын айдынға жіберді. Көлге табиғат пайдаланушы тұқы, бекіре жібергісі келеді.  Аталған басқарма басшысының орынбасары Дархан Закарин Шалқар көлін сақтау бағытында жұмыстар қолға алынғанын айтады. «БҚО Теректі ауданындағы Жайық өзенінен су алумен Жайық-Шалқар каналын реконструкциялау. Түзету» жобасы жасақталып, құрылыс жұмыстары басталған. Ондағы мақсат – Теректі ауданының жайылымдарын суландыру және Шалқар көлін  Жайық өзені суымен қоректендіру.

Мердігер «Павлодар өзен порты» АҚ ұзындығы 94,4 шақырымды құрайтын су арнасын механикалық тазарту жұмыстарын жүргізуде. Жобаны бастауға 2024 жылы жергілікті бюджеттен 476,2 млн теңге бөлінген. Биыл республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге қаралды. Жайық-Шалқар суландыру арнасының қайта құрылуы – төтенше жағдайлардың алдын алып, Шалқардың су деңгейін және биоалуандылылықты сақтауға, елді мекендерді сумен қамтамасыз етуге қызмет етеді.

Шалқарды дамыту жоспары қандай?

Елімізде 2026-2029 жылдарға арналған курорттық аймақтарды дамыту жөніндегі Жол картасы қабылданған. Облыстық дене шынықтыру және спорт  басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов Шалқар көлін дамытудың да жол картасын дайындау қолға алынғанын айтты. Көл жағалауы жер телімін Теректі ауданы коммуналдық меншігінен дене шынықтыру және спорт басқармасына беру жұмысы басталды. Мұның дұрыс шешім екендігі сөзсіз. «Жол картасы­на сәйкес Шалқардың су құрамы мен Әлжан соры топырағының құрамын зерттеу, суын молайту  жолдары қарастырылады. Шомылу маусымында көл жағасына жүзден астам киіз үй тігіледі», – деді Б. Сәбитов. Жоспарға сәйкес көл жағалауында санитарлық тораптар, душ кабиналары, киім ауыстыратын орындар, спорт алаңдары, аутотұрақтар мен демалыс аймақтары салынады. Сондай-ақ көлдің шипалық қасиеттерін зерттеу және туристік брендін қалыптастыру жұмыстары қолға алынбақ.

шалкар11

Әрине, мұндай жақсы жаңалыққа қуанып қалдық. Тек тігілетін киіз үйлердің сыртқы бейнесіне, жабынына назар аударған жөн. Қазір жағажайдағы киіз үйлердің көбі ретсіз тігілген және сұрықсыз, алба-жұлба боп қайыршы кейіпте тұрғаны көп. Соның барлығын реттеп, бірдей түске келтірген жөн. Сонымен қатар балалар ойнайтын және футбол, волейбол алаңдары, жергілікті тұрғындар мал өнімдерін сататын сөре, жаздық сахна орнату жағын да ұмытпасақ.

шалкар10

Шалқар көлі – тек табиғи мұра ғана емес, облыстың экономикалық дамуына ықпал ететін маңызды ресурс. Сондықтан оның туристік әлеуетін тиімді пайдалану үшін мемлекеттік құрылымдар, инвесторлар және жергілікті қоғам бірлесе әрекет етуі қажет.   Суы шипалы көлдің әлеуетін тиімді пайдалану туризм саласының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өңір экономикасының нығаюына оң әсерін тигізеді. Сондықтан көлді кешенді дамыту кезеңі басталады деп білеміз.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале