23.06.2026, 15:30
Оқылды: 12

Тегін оқыту курсы өтті

Жақында шаһардағы М.  Өтемісов атындағы БҚУ-да «Мемлекеттік тіл – ресми іс жүргізудің негізі» атты тегін оқыту курсы өтті.  Өңірімізде жылма-жыл өтетін осы дәстүрлі іс-шараны облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырып келеді. 

фото Нұрым

Аталмыш курсқа облыстағы түрлі мекемелердің мамандары мен білім ұяларындағы педагогтер, сондай-ақ облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты мекеме қызметкерлері қатысты. Шеберлік сағатына қатысушылар 9-12 маусым күндері түрлі тақырыпты қамтитын сабақтарға қатысып, мемлекеттік тілді дұрыс қолданудағы кәсіби білігін шыңдады. Іс-шараның салтанатты ашылуына облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының тіл саясаты және ономастикалық жұмыстарды үйлестіру бөлімінің басшысы Света Ғаниева қатысып, бұл курс санқилы сала мамандары үшін тәжірибе алаңы екенін айтты.

– Курстың мақсаты – мемлекеттік тілде іс-қағаздарды жүргізудің нормативтік талаптары бойынша білімді жүйелеу, кеңсе құжаттарын сауатты әзірлеу дағдыларын дамыту. Ресми жазудың бірыңғай стандарттарын қалыптастыру, сондай-ақ кеңсе қызметкерлерінің күнделікті іскерлік қарым-қатынаста қазақ тілін кәсіби деңгейде қолдану құзыреттілігін арттыру. Бүгінде курсқа облыстағы түрлі мекеменің 20-ға жуық қызметкері қатысуда.

Мекеме қызметкерлерінің дайындаған құжаттары мұрағатта сақталады. Осы орайда құжаттарды грамматикалық және стилистикалық тұрғыдан сауатты әзірлеу мәселесі ерекше маңызға ие. Былтыр аталмыш басқарманың ұйымдастыруымен денсаулық саласының мамандары білім-білігін жетілдірген еді. Алдыңғы жылы мәдениет қызметкерлерінің шеберлік сағатына қатысуына ұйытқы болдық. Курсқа қатысатын сала мамандары әр жыл сайын осылай өзгеріп тұрады. Алдағы уақытта осындай игі іс-шараларды көптеп ұйымдастыру жоспарда бар, – деді С. Ғаниева.

Алғашқы күні М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың аға оқытушысы Айгүл Ниетова «Ресми стиль және құжаттарды жазуда ескерілетін емле қағидалары» тақырыбында дәріс оқыды. Содан кейін Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архиві ведомстволық архивтермен жұмыс бөлімінің жетекші сарапшысы Самал Қабдолла құжаттама жасау, құжаттарды дайындау және рәсімдеу тәртібі жөнінде тың ақпараттармен бөлісті.

Облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының музей жетекшісі Қазбек Айтқалиев (суретте) мемлекеттік тілді кәсіби деңгейде қолдануға қатысты тың білім мен тәжірибе жинағанын  жеткізді.

қазбек айтқалиев өзі

– Бұл шеберлік сағатының мекеме қызметкерлеріне берер білімі мол. Мекемелердегі іс-қағаздарды мемлекеттік тілде дұрыс жүргізу жөнінде құнды деректерге қанықтым. Құжаттар мен бұйрықтардың қазақ тілінде жазылу тәртібі мен ережесін үйрендік. Дәріскерлер хаттама әзірлеу тәртібі мен аударма жұмысында жиі кездесетін олқылықтарды жан-жақты саралап түсіндірді. Екі күнге созылған осы мазмұнды шеберлік сағаты болашақта да жалғасын тауып, игі нәтижелерге жол ашарына сенім мол. Мұнда алған біліміміз мекеме жұмысымен ғана шектеліп қалмай, күнделікті өмірде де кәдеге жарап, тілдік сауатымызды арттыруға септігін тигізеді, – деді курс қатысушысы.

М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың аға оқытушысы Айгүл Ниетова (суретте) қазіргі кезде аударма мәселесі өзекті болып тұрғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, орыс тіліндегі мәтіндерді қазақ тіліне аудару барысында сөзбе-сөз тәржімалау дағдыға айналған. Оған қоса, тәржіма ісінде жасанды интеллектінің көмегіне жүгіну тілдік және грамматикалық кемшіліктерді өршітуі мүмкін.

қазбек айтқалиев

– Кейде бұқаралық ақпарат құралдары жариялаған материалдарда сөз қолданысындағы қателіктер кездесіп жатады. Мәселен, жаңалықтарда «жол-көлік апаты орын алды», «өрт оқиғасы орын алды» деген тіркестер жиі қолданылады. Ал «орын алу» деген жарыста немесе байқауда белгілі бір нәтижеге қол жеткізу. Сонда екі көлік соқтығысып, жарысқа түсіп, жүлделі орын алып жүр ме? Әрине, жоқ. Сондықтан сөзді орнымен қолдану – тіл мәдениетінің маңызды талабы.

Дәріс барысында дәл осы мәселе талқыға түсті. Сонда курс қатысушыларының бірі «Айгүл Серікқызы, бұл дұрыс, мен мұны теледидардағы жаңалықтардан көргенмін» деді. Егер мұндай қателіктерді жаңалық жаршысы жіберсе, ол көрерменнің тіл мәдениетіне де әсер етеді.

айгүл Ниетова

Мемлекеттік тілде ресми іс-қағаздарды жүргізуде кемшін тұстарымыздың бар екені рас. Аударма жасаған кезде әр азамат мына қағиданы ескерген жөн. Алдымен ана тіліңнің грамматикалық заңдылықтарын негізге алу қажет. Бүгінгі курс қатысушыларының білім деңгейі жаман емес. Олардың жіберетін қателіктерін талдай отырып, сауаттылығын жетілдірдік, – деді спикер.

Курс соңында сабақтарға толық қатысып, білімдерін арттырған мамандарға арнайы сертификаттар табыс етілді. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйытқы болған шеберлік сағаты дәстүрлі үрдісінен жаңылмай, жалғасын таба бермек.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале