23.06.2026, 15:15
Оқылды: 22

«Тіл заңнамасының орындалуы: талап пен жауапкершілік»

Бүгінде мемлекеттік тілдің қоғамдағы мәртебесі мен азаматтарға өз құқықтарын түсіндіруге бағытталған іс-шаралар тұрақты жүргізіліп келеді.  Мұнда Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының арқалаған міндеттері зор. Осы орайда аталмыш басқарманың тіл саясаты және ономастикалық жұмыстарды үйлестіру бөлімінің басшысы Света Ғаниеваны әңгімеге тарттық. 

Света Ғаниева

– Света Қадырбайқызы, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен азаматтардың құқықтары жөнінде айтып өтсеңіз?

– Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабы, 1-тармағына сәйкес, «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі». Ата заңымыздың 14-бабы, 2-тармағы бойынша тегіне, ұлтына, тіліне байланысты ешкімді кемсітуге болмайды. Осы баптарға сүйене отырып, мемлекеттік тілді елемеу немесе қолданбау – азаматтарды тілдік белгісі бойынша кемсіту болып табылады.

Мемлекеттік тіл – тек тіл емес, ол – ұлттың бет-бейнесі, елдігіміздің тірегі. Қазақстан қоғамында мемлекеттік тілдің барлық салада қолданыс аясын кеңейту мәселесі аса өзекті болып отыр.

– 2025 жылы «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені жалпыға аян. Мұның мемлекеттік тілдің мәртебесіне берер пайдасы қандай?

– Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіл саясатын іске асыруда жергілікті атқарушы құрылымдарға нақты міндеттер қойылған. Соның бірі – «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР кодексінің 75-бабында көзделген әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы істерді қарау және әкімшілік жазалар қолдану.

2025 жылдың 10 қаңтарынан «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР кодексінің 729-бабы жаңа 2-1 тармақшамен толықтырылып, жергілікті атқарушы құрылымның тілдерді дамыту саласындағы бөлімше басшысы мен оның орынбасарларына әкімшілік жаза қолдану құқығы берілді. Жаңа өзгерістерге сәйкес, тілдерді дамыту саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелер 75-бапта көзделген әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша іс жүргізуді жүзеге асырып, хаттама түзу құқығына ие болды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті 2025 жылдың 13 қаңтарында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Аталған заң 2025 жылдың 14 наурызында күшіне енді. Заң аясында «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» және «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» заңдарына тілдерді дамыту саласындағы құзыреттерді кеңейтуге бағытталған өзгерістер енгізілді.

«Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» заңның 25-3-бабының 1-1 тармақшасына сәйкес, облыстық маңызы бар қала мен аудан әкімдері маңдайшаны орналастыру туралы хабарламаларды қабылдауды және қарауды жүзеге асырады.

– Тіл туралы заңның талабы қандай?

– «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР заңының 21-бабында барлық деректемелер мен көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде – сол немесе жоғарғы жағына, орыс тілінде – оң немесе төменгі жағына орналасуы тиіс. Екі тілдегі мәтін бірдей өлшемдегі әріппен жазылады. Орфография нормалары мен теңтүпнұсқалы аударма міндетті шарт болып табылады.

ҚР ӘҚБтК 75-бабына сәйкес мемлекеттік тілде жазылуға тиіс көрнекі ақпарат пен деректемелерді өзге тілде немесе тек бір тілде ұсыну – әкімшілік құқықбұзушылық болып табылады. Тұтынушы тарапынан ресми арыз-шағым келіп түскен жағдайда, уәкілетті құрылым ретінде облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы әкімшілік хаттама түзіп, шара қолдануға құқылы.

Шағымдардың басым бөлігі көрнекі ақпарат пен деректемелердің орналасу тәртібінің бұзылуына байланысты. Яғни жарнама тақталары, маңдайшалар, прейскуранттар мен мәзірлер.

Қойылатын талаптар қарапайым. Анықталған бұзушылық дерегі алғаш рет тіркелсе, ескерту беріледі. Егер бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл салынады.

Біз әкімшілік шара қолданудан гөрі, алдын алу шараларына басымдық береміз. Бұзушылық анықталған соң кәсіпкерге бір айлық мерзім беріліп, осы уақытта нысан назарда болады. Бұзушылықтар жойылғаннан кейін түзетілген көрнекі ақпарат «дейін/кейін» картотекасына енгізіліп, бақылаудан алынады.

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, кәсіпкерлердің көпшілігі түсіндіру жұмыстарынан кейін заң талаптарын ерікті түрде орындауға дайын. Әкімшілік іс жүргізу барысында да заңдылық сақталады. Құқықбұзушыға оның құқықтары толық түсіндіріліп, түсініктемесі алынады және барлық материал әкім-шілік құқықбұзушылықтың бірыңғай  тізіміне  енгізіледі.

– Соңғы үш жылдағы сандық деректерге көз жүгіртейікші. Өңірімізде сіз сөзіңізге өзек еткен «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР заңының талаптарын бұзған кәсіп иелеріне қандай шаралар қолданылды?

– Сауда орындарындарының әкімшілеріне көрнекі ақпарат (хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар) дайындау және орналастыру бойынша тегін әдістемелік және аударма қызметтерін көрсету мақсатында «Мемлекеттік тіл – бизнесте» жабасы іске асырылып келеді. Аталмыш жоба аясында соңғы үш жылда бір мыңнан астам (2023 ж. – 347, 2024 ж. – 352, 2025 ж. - 470) кәсіпкерлік субъектілерге әдістемелік көмек көрсетілді.  Сонымен қатар жоба аясында «Қазақ тілін үйренуге және дамытуға арналған цифрлық ресурстар», «Кәсіпкерлер назарына!» атты жаднамалар, «Тілашар», «Банк, медицина, сауда саласында және қоғамдық орындарда тілдесуге арналған қалта сөз-діктері», барлығы бір мыңға жуық әдістемелік материалдар таратылды.

Тіл туралы заңнама – мұрағат сөресіндегі дүние емес. Ол іс жүзінде жұмыс істейтін, орындалуы тексерілетін, бұзушылыққа жауапкершілік туындайтын тірі норма. 2025 жылғы өзгерістер осы жүйені жергілікті деңгейде  нығайтты.

Көпшілік қоғамдық орындарға келген әрбір адам – жай ғана тұтынушы емес, өз құқығын, өз тілін құрметтейтін азамат. Ол өз ана тілінде қызмет алуға құқылы. Бұл – Конституциялық міндет.

Көрнекі ақпараттар – қарапайым көрінетін нәрсе. Бірақ дәл сол ас мәзірі, хабарлама, түбіртек немесе жарнама арқылы мемлекеттік тілге және тұтынушыға деген көзқарас болып саналады. Қазақша сөйлейтін тұтынушы – ол жай ғана клиент емес, тілі ескерілген, құқығы тең  азамат. Ал бұл – кәсіптің ең басты капиталы.

– ҚР ӘҚБтК 75-бабындағы тіл заңнамасын бұзған азаматтарға салынар айыппұл көлемі қандай?

– Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 75-бабына сәйкес, лауазымды адамның тіл білмеуін уәж етіп құжаттарды қабылдаудан бас тартуы үшін ескерту немесе 10 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған, ал бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 20 АЕК айыппұл салынады. Деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру талаптарын бұзғаны үшін ескерту беріледі, ал бір жыл ішінде қайталанса, шағын кәсіпкерлікке – 5 АЕК, орта кәсіпкерлікке – 10 АЕК, ірі кәсіпкерлікке – 25 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Сондай-ақ тіл таңдау құқығын шектеу немесе азаматтарды тілдік белгілері бойынша кемсіту жағдайында лауазымды тұлғаға 10 АЕК айыппұл салынып, бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 20 АЕК айыппұл көзделген.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале