21.04.2022, 10:15
Оқылды: 292

Төлеген мұғалімнің тәлімдері

Ұсақ толқындары алтын теңгедей жылт-жылт етіп, сабырмен, сыбырлай ағатын Сарыөзен­нің жағасын бағзыдан қоныс етіп отырған Көктерек атты ауыл бар. 1969 жылдың күзінде осы ауылдағы орта мектептің 9-класына оқуға келгенмін. Аты Көктерек болғасын, ну орман болмағанмен, топ тоғай бар шығар деп ойладым ба екем, алғаш келгенде айналаны шолып қарай беріппін. Өзеннің сонау бір иінінде, арғы бетте шоқтанып жалғыз терек өсіп тұрды. Одан басқа не терек, не тал жоқ, тып-тықыр. Бір қызығы, бұл ауылдың Көктерек атануы сол дара терекке байланысты болып шықты. 

InShot_20220420_231528766

Аңыз бойынша осы жерде шомылуға келген сегіз қыз суға кеткен екен дейді. Кейін сол сегіз қыздың белгісіндей осы терек  жартылай суда, жартылай  жерде, ғайыптан пайда болғандай өсіп шығыпты әлгі иінге. Бұтасын сындырса,  бұрқ етіп қан шығады, оған қарамай кесіп үйіне әкетсе, алған кісі оңбай кетеді екен. Сондай-сондай қорқынышты әңгімелердің бірлі жарымы әлі күнге шейін бар ел аузында.

Сол Көктеректе туып, сол Көктеректен әкесі Ділжан майданға аттанғанда  іште  қалғаннан бүкіл өмірі осы  ауылда өткен  менің бүгінгі кейіпкерім, ұстазым, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мұғалім Сейткереев Төлеген Ділжанұлының педагогтік портретін жасап,  кейінгіге тарту ету көптен бері көкейде жүрген ой еді.

... Жаңағы айтқан,  мен 9-сыныпқа келгенде ол кісі институтты бітіріп, еңбек жолын жаңа бастап жатқан жас маман екен. Әкесі сол майдан сапарынан оралмаған, орта құрсақ, сынық көңіл  балалық шағы, сынаққа толы студенттік жылдары туралы көп ештеңе айтпай кетті бізге мұғалім. Жалпы көп сөйлемейтін. Бірақ тұйық емес. Қоғамшыл,  көпшіл мінезі істеген ісінен, шаншыла қараса да,  сұрша жанарынан жан шуағы сібірлей білініп тұратын. Математика және сызу пәндерінің мұғалімі, ел  іші «Спорттың жеңіл атлетика, соның ішінде жаяу жүріс (ходьба) түрімен айналысқан» дейтін. Ашаң жүзді,  ақсары ағайдың  бір иығын алға сала, сәл қырындай ұшып бара жатқандай жүрдектігін қызық көретінбіз. Ал ауылдың шалдуар тентектері кәдімгідей ығысып, бас ұрып тұратын «Төлегеннен бәрібір  құтылмайсың» деп. Сонда ол кісі бірде-бір рет балаға дауыс көтеріп, яки түртпектеу дегенге бармайды, жеке әңгімелеседі,  ең  «қисық», «бұзықтармен» тіпті дос болып алады. Сосын да құрметтей, мойындай және өзімсіне айтатын мұғалімнің есімін.

Иә, Төлеген мұғалімді мойындау сол кезден басталған. Елжандылығын, адамгершілігін, парасатын,  еңбекқорлығын, шеберлігін... бәрін мойындаған. Мойындаған да атын атамай, бәрі  «Мұғалім» деп кеткен.  Ауылдың үлкені де, кішісі де, оған шәкірт болғаны да, болмағаны да. Төлеген мұғалімнің  әйгілі қолтаңбасы, ең әуелі  мектептің маңдайшасынан бастап, ішкі-сыртқы көрнекі тақталардағы жазбалардан  көрінді.  Ол кісі салған оқтай түзу қаріптер ерекше көз тартып, бара-бара көп жазудың ішінен айтпай танитын ауыл, аудан «брендіне» айналды. Қабырға газеттері,  мерекелік ұрандар... қойшы,  әйтеуір, Төлеген мұғалімсіз қоғамдық  жұмыстар  жүрмейтін.

Мектептен асып, совхоздың  бүкіл машиналарын тізіп қойып, борттарына номерлерін өз қолымен жазып шықты бір жылы көктемде. Техосмотрға дайындық кезі болатын. «Бір қолдан шыққан қандай!» деп ауыл керім қуанды соған. Кейін бірдеңе болса, Төлеген мұғалімге «түрткізіп алу» дәстүрге айналды. Біз, оқушылар, мақтан ете бастадық ұстазымызды.

Мұғалімге ұқсауға тырысып, спортқа,  жазу-сызу,  суретке еліктегендер қанша?! Ал мені қабырға газетінің жұмысына  баулыды. Соның ішінде сын тақырыбына. Әжуә,  шарж шумақтар жаздыратын  күл­кілі тақырыптық суреттердің астына.

Төлеген мұғалім  сол күнде мектеп директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары еді.  Бірақ бастықпын деп кабинетте отырғанын көрмеппін. Өзіміз «Ленкомт» деп атайтын  кабинетінде жұмыс қайнайтын да жататын. Тушь, гуашь, неше түрлі плакат пен қалам, қаламұштың не бір шұрайы, үлкенді-кішілі алуан пішіндегі  сызғыштар... қоғамдық жұмыстардың бас штабы сияқты, бөлек бір әлем, бөлек тыныс.

Әкесін зарыға күтіп өскен буынның өкілі болған соң ба, 9 мамыр мерекесіне дайындыққа ерекше мән беретін. Бәріміз  «Жас ізшілдерге» («Юные следопыты» деген болды) айналып, соғыс ардагерлерінің  үйді-үйін аралап кетеміз. Қолымызда блокнот. Әңгіме, дерек, фотосурет, берсе, тәбәрік дүниелер (фляга,  ремень дегендей)  жинаймыз.  Бұл жұмысқа енді мектеп оқушыларын түгел жабады десе де болады.  Сөйтіп жүріп  тарихқа,  өлкенің өткеніне, шежіреге құрмет тәрбиесін беретін арна жасап шыққан екен, бүгін ойласам.

Кейін мектеп бітірген соң да Төлеген мұғалімнің шәкірттері соғыс деректерін жинау дағдыларын тастаған жоқ. Әскерге кеткендері, әскерден алысқа оқуға аттанғандары со жүрген жерлерінен  ерекше тарихи жәдігер  тапса,  Төлеген мұғалімге базарлыққа алып келетін. Ал мұғалім қарапайым да қамқор, шаршауды білмейтін жігерлі қалпында туған  ауылға тапжылмай қызмет етті.  Сол мектепте ұзақ жыл  директор  бола жүріп те  өлкенің тарихын тырнақтап түгелдеуден тынған жоқ. Ақыры, Көктерегінің қақ төрінен тарихи-өлкетану музейін ашып,  өзі сол музейге қызметке ауысты.  Директор да өзі,  жидашы да өзі,  ұйымдастырушы-менеджер де өзі – бәрі өзі.

Оо, бұл күнде республикаға даңқы жеткен Көктерек музейінің  болмысы бөлек, қолтаңбасы айрықша. Жаны бар жұмыс деп осындайды айтатын шығар... Бес мыңға тарта жәдігердің ішінде не жоқ дейсіз... Тұсына тоқтай қалсаң сайрай жөнеледі әрқайсысы.

Жылдар өтті. Өтіп те жатыр.  Дерегін ұстап қалмаса, уақыт атты асау арғымақ жалын да сипатпай, көз ұшында жоғалып кете бармақ.

Міне,  Төлеген мұғалімнің көзіндей болған музейдің  баға жетпес қымбаттығы осында. Уақыт қазынасы ол. Ал мен үшін – ұстаз ұлағаты қонақтаған  қасиетті орын. Үні құлағыма келеді. Қыранша баулыған тәлімгерлік тәсілдері есіме түседі. Әр табысыма өзімнен бетер  қуанып,  мерейленіп кететін кездері көз алдыма келеді.

Тәсіл демекші,  тоғызыншы класта (ол кезде «сынып»  деген сөз жоқ)  оқып жүрген кезім. Үлкен үзіліс кезінде редколлегия мүшелері «Ленкомтта» жинала қалып, бірнәрсені жедел талқылаудамыз. Ұзын коридордың екінші басындағы балалардың шуылы тым күшейіп, алаңдата берген соң,  мұғалім мені жұмсады тынышталдырып келуге. Барып келдім. Шуыл саябырсыды.

– Не дедің? – деді мұғалім.

– Төлеген мұғалім шуламасын деп жатыр дедім.

– Екіншәрі менің атымнан сөйлеме,  өз сөзіңді тыңдата біл.  Сені хабаршы деп емес,  бүкіл  пионер дружинасының председателі деп жұмсап отырмын ғой мен, –  деді қадап тұрып ұстаз. Сол сөз өмір бойы құлағымда қалды. Жауапкершілік тапсырмасы сияқты.

...Қараөзеннің көпірінен өтіп,  Жалпақтал тасжолымен Көктерекке қарай бұрылғаннан  бастап  ауылды көргенше асықтыратын  бір алып-ұшпа сезімді бастан кешетін жалғыз мен емес  шығармын. Әр бұдыр, әр шойқылын түгендеп, өзіңе ғана белгілі көңіл көзімен шола қарап келе жатасың  айналаға. Ойға-қырға, сосын алға. Әне, Көктеректің төбесі көрінді. Әне, «Хош келдің!»  деп қол бұлғаған қошемет тақтасы.  Ол да Төлеген мұғалімнің әйгілі шрифтісімен жазылған... Қорым тұсынан дұға етіп,  бет сипап күбірлей өтіп бара жатасың. «Көркейткен көркін көп терек, Ауылым – Көктерек!»  деп  жыр сыйлап кеткен Төлеген мұғалімнің рухы сөйлеп тұр мұнда.  Елдікке, кеңдікке, ізгілікке, әулиедей аппақ ниет та­залығына  шақырып тұр.

...Көктерек орнында. Терегі де, дерегі де,  қорегі де мол ауыл.  Ал сөзімнің басында әңгіме болған жар басындағы жалғыз терек тамырын су шайып,  өз-өзінен ағарып, әбден қураған соң,  діңінің  бір бөлігі музейге әкеп қойылыпты, тарихы жазылып. Оны да жасап кеткен сол Төлеген мұғалім.

Туабітті идеолог,  адам жанының тамыршысы еді менің Ұстазым.

Дос пікірі

Төлеген Ділжанұлының курстасы, Орал қаласының құрметті азаматы, КСРО білім беру ісінің үздігі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Өтебай Құспанұлы  Құспанов:

– Біз 1959  жылдың абитуриенттері едік.  Орал педагогикалық институты, физика-математика  факультетінің математика және сызу бөліміне құжат тапсырып,  Сталин көшесі, 137 мекенжайындағы  (қазіргі Назарбаев даңғылы) жатақханаға орналастық.  Ол кезде жатақхана екінің біріне тие бермейді, «Жетім, я бір жалғызбасты адамның баласы» деген   анықтамалық қағазы барларға ғана  берілетін тәртіп бар. Аман-есен институтқа түсіп, сол жатақхананың бірінші қабатындағы 8-бөлмеден басталатын  бірнеше бөлмеде біздің факультеттің жігіттері бес жыл бойы бір үйдің баласындай болып қатар тұрып, қатар  оқып шықтық.

Төлеген – адамға жылыұшырап, жақсылық жасауға асығып тұратын, жүрегі нәзік, көркем мінезді жігіт. Көзқарасымыз, ой-пікіріміз  үйлесіп, әңгімеміз жарасып, абитуриент кезден-ақ  дос болып кеттік. Студенттік шақтардың қызығы мен шыжығын да қатар жүріп бастан өткердік. Ол кездегі жастардың оқуға құштарлығы, жауапкершілігі бөлек. Стипендия алу үшін тырысатынымыз тағы бар...

Оқулық тапшы, оқу залына барып оқуға да толған кезек. Әсіресе сессияға даярлық кезінде  бөлмедегілер кезектесіп таңғы сағат сегіз жарымда барып қалғанымызға орын алып қоямыз. Кезек демекші, біз студент болған 1959-1964 жылдар ғой, басында керемет молшылық көрдік.

Молшылық дейтінім, студенттік асханада дастарқанымызда тұз, бұрыш сияқты дәмдеуіштер, сосын нан тегін  болатын.

Ал ол орта құрсақ студенттерге кәдімгідей  қолдау еді. Сөйтіп жүргенде тегін нан беру тоқтады да қалды. Кебек қосылған нанның өзіне зәру болдық. Тапшылық басталды. Ең болмағанда, екі бөлке нан әкеліп алу үшін бөлмедегі жігіттер күніне біреуіміз сабақтан кешіксек те, дүкенге барып, нан кезегіне тұратынбыз. Стипендия алатындары да, алмайтындары да, ауылдан сәлем-сауқат, құрт-май, соғым кезінде ет сияқты жәрдем келетіндер де, келмей­тіндер де бар. Соның ішінде Төлегенге сәлемдеме жиірек келеді. «Сенікі-менікі» жоқ, бәрін ортаға салып, қылдай бөлісіп, қиындықты тең көтерісу, пейілді кең ұстау ортақ салт болып қалыптасқан-тын. Спортпен шұғылдандық. Қасымыздағы жолдастарымызды да тартып, институттың спорт клубының белді мүшесі болып алдық. Сөйтіп жүріп 1962 жылы сәуір айында мен, Төлеген және сыныптас, курстас досым Темешев Телағыс үшеуіміз «Буревестник» спорт клубының Алматыдағы республикалық конференциясына қатыстық. Жас баламыз ғой, ол кезде «Қазақстан», қазір «Жетісу» қонақүйіне, бір-бір орындық жеке нөмерге орналасып, бір-бірімізбен телефонмен сөйлесіп,  мәре-сәреміз. Бәрі таңсық. Таңғы Алатаудың күннің жарығымен алғаш көрініп келе жатқанын көргенде қатты қуанатынбыз. Сол сапар біздің достығымызды бұрынғыдан бетер нығайтты.

Біздің топта оқитын үш азамат – Төлеген Сейткереев,  Кәрім Өтеғұлов, Қайырғали Дүйсенғалиев және қатарлас топтан  Құсайынов Мерғали институттың ғана емес, облыстың жеңіл атлетика бойынша құрама команданың негізін құрады деуге болады. Спортзалдың  алдындағы үлкен көрнекі тақтада бұлардың жеткен  жетістіктері ілулі тұратын.

Біздің бөлім математика және сызу мамандығына оқытатын, соның ішінде сызудан кәдімгі дұрыс білім негізін беретін.  Оқыған бағдарламамыз құрылыс, я ауыл шаруашылығының механизация  факультеттеріндегіден артықтау болмаса,  кем болмайтын. Сызудың неше түрлі күрделісін оқып, екінші курста мемлекеттік емтихан тапсырып шықтық. Төлеген осы сызудың да жүйрігі, талайға көмегін тигізіп, өткелден өткізіп жіберуден жалықпайтын. Ұйымдастырушылық, адамгершілік қасиеті ерекше. Факультеттің бүкіл жазу-сызу, әшекейлеу жұмыстарын  атқаратын да сол Төлеген. Тіпті дипломдарымыз да сол Төкеңнің тасқа басқандай қолтаңбасымен толтырылды.

Біз бірінші курста оқып жүрген кезде  ұлдар тұратын бөлмеге үшінші курста оқитын қыздар бөлмесі  қамқорлаушы (шефство) болып бекітілді. Сондай тәжірибе болған.  Сол шефтеріміздің бірі Роза Лұқпанқызы Көжекова кейін облыстық партия комитетінің үшінші хатшысы болып  жүріп Көктерекке тап болмай ма.

Сол сапардан келгенде «Ау, ана Төлеген Сейткереев деген халық мұғалімі болып кетіпті. Ел атын атамай, «Мұғалім»  дейді екен. Халық сөйтіп мойындап отырған адамға заңды атағын неге бермейміз» деп оның «Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мұғалім» деген құрметті мәртебеге ие  болуына мұрындық болды.

Достыққа адал, шынайы адами қасиеті айрықша,  ғажап азаматтығына талай рет куә болғанмын. Үйлену тойымызға шақыру билетінің дизайнері де – Төлеген, көлік апатына түсіп, ауыр халде ауруханада жатқанымда бір қозының етін сөмкеге салып алып, артымнан іздеп келген де, өз қолынан пісірген сорпаны аузыма тосып,  қасыма қонып кеткен де,  бұрындары бізден жасырып келген ақындық қабілетін  көрсетіп, қайрат беретін жыр сыйлаған да осы Төлеген досым болатын. Риясыз көңілдің адамы еді ол. Сексеннің сеңгіріне өзінің саржелісіне салып, ызғытып аман жеткенде ғой деп армандаймыз,  сағынамыз, жоқтаймыз. Амал не...

Төлеген Жайық өлкесіне өзіндік өшпес із қалдырды, алақандай ауылында республикаға танымал музей ашып, оны  облыстық өлкетану музейінің филиалы дәрежесіне жеткізіп, өзгеге үлгі боларлықтай өнегелі іс тындырып кетті. Сол жұбаныш. Елін елжірей сүйген, қалтқысыз қызмет еткен ердің есімін халқы да жадынан  шығармайды  деп  сенемін.

Дариға Мұштанова,

«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,

Ы. Алтынсарин белгісінің иегері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале