31.12.2019, 9:34
Оқылды: 303

Тыныштық жылының нышаны

Әр жылдың наурыз айының 22 жұлдызы – қазақтар үшін жаңа жыл, жылдың басы. Ал тышқан осы жыл санаудың және жыл қайырудың басы.

jana jyl
– Білген адамға мүшелдік жыл санау осы тышқан жарықтықтан басталады. Түйенің басына шығып, ұясынан шығып келе жатқан күнді де алғаш көрген тіршілік иесі осы тышқан. Құдай оны пысық, еңбекқор етіп жаратқан.

Тарихқа үңілсек, тышқан жылы Қарахандар мемлекеті құрылып (940 жыл), Қазақ хандығының іргесі беки бастады (1456 жыл). Әйгілі Абылай хан Цин империясына қарсы күресті бастап (1756 жыл), сұлтан Қайыпқали Есімұлы Бөкей Ордасындағы қазақтардың басын біріктіріп, отаршыл Ресей империясына қарсы атқа қонды (1828 жыл). Кеңестік заманда қазақ өнерінің Мәскеудегі алғашқы онкүндігі ұйымдастырылып (1936 жыл), әлемге танымал «Медеу» бірегей спорт кешені пайдалануға берілді (1972 жыл).

Тәуелсіздікке қол жеткізген тұста бейбіт өмірге қадам басып, 1996 жылы ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартқа қол қойдық. Жалпы, тышқан жылы дүниеге келген тарихи тұлғалардың қатарында батырлар Қанжығалы Бөгенбай (1684 жыл), Жанқожа Нұрмұхамедұлы (1780), Махамбет Өтемісұлы (1804), әнші, сазгер Әміре Қашаубаев (1888 жыл) бар.

Жалпы, тышқан жылын ата-бабаларымыз молшылық пен берекенің, бейбітшілік пен тыныштықтың жылы деп санаған. Халықтың бұл сенімі көбіне ақталып та отырған. Өйткені тышқан жылы қиыншылық, жаугершілік, аштық бола бермеген екен. Тарихты осылай екшей келе алда келе жатырған тышқан жылынан күтер үмітіміздің мол екендігін жасырмаймыз, – дейді М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек Ғиззатов.

Келе жатқан 2020 жылды нумерология ілімі бойынша қарасақ, 2 + 0 + 2 + 0 = 4 болып шығады. Бұл жылдың басты саны – «4». Нумерологияда «4» саны үміт, шыдам, беріктік, қайрат, іскерлік және тұрақтылық қасиеттерімен сипатталады.

Тышқан жылының табиғи белгісі – су. Бұл жылы туғандардың мінезі тік, алғыр, бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін мол жауапкершілікке ие болады. Әділ, кең пейілді, жомарт жүректі және өзін-өзі тәрбиелей біледі. Әркіммен тез тіл табыса алатын қасиетінің арқасында жора-жолдастары жетерлік. Бірақ жүрек түкпіріндегі сырын бөлісетін нағыз досқа мұқтаж. Алға қойған мақсатына жетпей тынбайтынына көпшілік тәнті.

Ал қызғаншақтық, шыдамсыздық пен қырсықтық тышқан жылы туған адамдарда жиі кездесетін жағымсыз қасиеттер.

Бұл жылы туған адамдардан көбіне-көп жақсы саудагер, актер, жазушы, сыншы және публицист шығуы мүмкін.

Тышқан жылы жарық дүниеге келген есімі әлемге танымал тұлғалардың қатарында Вильям Шекспир, Лев Толстой, Вольфганг Амадей Моцарт, Луи Армстронг, Джордж Буш, Ив Сен Лоран, Чарльз ханзада, Жан-Клод Ван Дамм, Жан Рено, Скарлетт Йоханссон, Криштиану Роналду, Марк Цукерберг және т.б. бар.

Қазақстанның халық әртісі, мемлекеттік сыйлық иегері, композитор Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның халық әртісі, театр және кино актері Тұңғышбай Жаманқұлов, отандық танымал әншілер Бейбіт Кушқалиев пен Нұрлан Әлімжанов, танымал тележүргізушілер Гүлмира Дайрабаева мен Гүлнәз Әлімгерей, «Jambyl» телерадиоарнасының директоры, танымал тележурналист, жерлесіміз Мейіржан Әлібекұлы да тышқан жылы туған.

Тышқан – өте тез өсіп-жетілетін өсімтал жануар. Кеміргіштер тұқымына жататын бұл жануардың әлемде 400-ден астам түрі бар екен.

Қарапайым тышқандардың өмірі шамамен 6-9 айға созылады, кейбірі 1 жылға дейін, ерекше түрлері 3-5 жылға дейін өмір сүруі мүмкін. Кейбір ғалымдар тышқандардың егеуқұйрықтардан пайда болғанын айтады. Біздің елімізде тышқандардың осы егеуқұйрық деп аталатын түрі ең көп кездеседі. Оларды кейде қаптесерлер деп те атайды.

Алғашқыда тышқандар Солтүстік және Оңтүстік Америкадан басқа барлық құрлықта өмір сүрген.

Ал қазір олар адамдар арқылы Жер шарына тарап кетті, аралдарда да өмір сүреді. Барлық климаттық белдеулер мен аймақтарда: тропикалық, жапырақты, қылқанжапырақты ормандарда, шалғында, шалшықта, жазықтықта, жартылай шөлді аймақтарда, тауда кездеседі. Тышқандар болмаса, қырандар, жапалақтар, түлкілер болмас еді, себебі олардың басты азықтары – осы кеміргіштер.

Кеміргіштер өте сезімтал, ақылды хайуандар санатында. Олар жаңа жағдайларға тез бейімделе алатын қасиетімен де ерекшеленеді. Кеңістікте керемет бағдар жасай алады, өздеріне қажет жолдарды тез есте сақтап алады. Тағы бір қызығы, әлемде әрбір секунд сайын 30 тышқан өмірге келеді. Салыстырмалы түрде айта кетейік, әлемде әрбір секунд сайын бір ғана адам жарық дүниеге келеді екен.

Тышқан сөзі санскрит тілінде «ұрлау» деген сөзден шыққан.

Олар әрдайым осы атауына сай тіршілік қылып келеді. Тышқандар тіпті желім мен сабынды да ұрлап жейді. Мұны тышқандардағы метаболизм деңгейінің жоғарылығымен түсіндіруге болады. Олар ылғи да әйтеуір бір азықпен қоректеніп тұру керек. Тышқандар тамақ талғамайды.

Тышқандарға қатысты қызықты ақпарат көп. Мәселен, ежелгі Мысыр елінде тек мысықтарды емес, тышқандарды да бальзамдаған екен. Олар тышқаннан жасалған тағамдарды асқазан ауруларына қарсы қолданған. Тышқандар өте батыл келеді, кейде олар өздерінен бірнеше есе үлкен жануарларға шабуыл жасайды. Сөйте тұра, олар биіктіктен өте қорқады. Мысалы, тышқанды биік үстелдің үстіне қойсаңыз, өз бетімен төменге түсе алмайды. Ешқайда қаша алмай, айналшықтай береді.

Барлығымыз тышқандарды ірімшікті жақсы көреді деп ойлаймыз.

Алайда британдық ғалымдар мұны жаңсақ ақпарат деп отыр. Кеміргіштер қант мөлшері жоғары тағамдарды ұнатады екен. Мәселен, дәнді дақылдарды, жемістерді жейді. Ал ірімшіктің иісі мүңкіген тағамдар оларды шошытады екен.

Иерусалим университетінің ғалымдары болса, тышқандардың адамдарға қатты ұқсайтындығын айтады. Егер тышқанның қаңқа суретін адамның бойындай етіп үлкейтіп қараса, адам мен тышқан буындарының ұқсас екендігін байқауға болады екен. Сүйектердің саны да бірдей дегенді айтады. Олар адам гендерінің функциясын тышқандар арқылы зерттеудің оңай екенін де мәлімдеді. Мұрындарының жанындағы кішкентай талшық (мұрт) арқылы заттарды сезіп, қараңғыда жол тауып кетеді. Кішкентай ғана құлақтары өте жақсы естиді.

Нострадамус түс жоруы бойынша тышқан адамның түсіне енсе, соғыс, аштық, алапат сынды жамандықтың болатынын білдіреді. Өлі тышқан – отбасындағы қаржылай қиындық. Түсінде жарқанат анталаған адам өңінде үлкен қиындықтарға тап болады. Ал түсіңізде жарқанатты қолдан тамақтандырсаңыз, қауіпті жағдайлардың алдын алу үшін сабырлық танытуыңыз керек.

Миллер түс жоруы бойынша – түске кірген тышқан отбасылық келеңсіздіктер мен достардың шынайы еместігін көрсетеді. Тышқанды өлтірсеңіз, қиындықтарды жеңіп шығасыз. Оған қашып кетуге мүмкіндік беру – күмәнді нәтижемен күресу. Мұсылманша түс жору бойынша, тышқан берекесіздік пен жалғыздық дегенді білдіреді, кейде түсінде тышқан көрген адам өңінде қымбат затын жоғалтады деп те жориды.

Динара Жұмабекқызы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале