29.03.2024, 14:45
Оқылды: 64

Ұстаз ақынды ардақтады

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында бір керемет кездесу өтті. Кеш кейіпкері – биыл 70 жасқа толған «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Ақжайық ауданының құрметті азаматы, ақын, ұстаз, жұбантанушы Үзілдік Елеубаева. «Елеулі есімдер» жобасы аясында ұйымдастырылған мәнді-мағыналы жүздесуде өмірінің бақандай 42 жылын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаз бұған дейін осындай іс-шараның Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада және Ақжайық ауданында өткенін тілге тиек етті. Оған қоса Қадыр сарайының ұжымына алғысын жеткізіп, өмір жолы, шығармашылығы туралы сөз қозғады.

рафхат халелов узилдик (8)

– Үзілдік апамыз елім деп еміренетін, жерім деп тебіренетін жан. Ақжайық ауданында қызмет атқарған кезімде ақынның ауыл-аймақтағы мәселелерге бейжай қарамайтынын аңғардым. Қашанда қарапайым тұрғындарды толғандырған көкейкесті мәселелерді ат үстіндегі азаматтарға айтып, әлгі шаруалардың түбегейлі шешілуіне ұйытқы болып жүрді. Қазіргі кезде де көпшіліктің жанайқайын билік өкілдеріне жеткізіп келеді.

рафхат халелов узилдик (7)

Қадірлі Үзілдік Елеубайқызы, сізді мерейлі 70 жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Өзіңізге зор денсаулық, отбасыңызға бақ-береке тілеймін! Әлі талай тұшымды туындыларды қағазға түсіріп, өзекті тақырыптар төңірегінде шабыттана толғанатыныңызға сенемін! Немерелеріңіздің қызығын көріңіз! Шаттыққа толы шақтарыңыз көп болсын! – деген облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тілек Ғабдушев кеш иесіне сый-құрмет көрсетті.

Өз кезегінде Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Бақберген Әбуов те ұстаз ақынды аудан басшылығы мен аудан халқы атынан құттықтап, Үзілдік Елеубайқызына сый-сияпат табыс етті. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Талап Таймасұлы қаламгердің жуырда жарыққа шыққан «Бозторғайымын даламның» кітабына енгізілген өлеңдері жайында ой-пікірін ортаға салып, «Тоғыс» атты авторлық жинағын тарту етті. Кеш барысында еңбек ардагері Ғиззат Ихсанов және еліміздің еңбек сіңірген әртісі, әнші-термеші Сәуле Таудаева да ардагер ұстазға ізгі ниет-тілегін арнады. Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Бауыржан Ғұбайдуллиннің құттықтаухатын аталған филиал басшысының орынбасары Марлен Ғилымхан табыстап, ақынға гүл шоғын ұсынды.

рафхат халелов узилдик (6)

Кездесуде «Әже сәлемі» квартеті және Омар Хибашев, Ербол Ақбасов, Әсет Қуанғалиев, Алтынбек Базаров секілді өнер иелері ана, өмір, туған жер тақырыптарындағы әндерді шырқады.

рафхат халелов узилдик (5)

Айта кетейік, Үзілдік Елеубайқызы 42 жыл бойы ұстаздық қызметті абыройлы атқарды. Мұғалімдік туралы мақала-материалдары көптеген басылым беттерінде жарияланды. Шәкірттері жыл сайын жетістіктерге жетіп, биік белестерді бағындыруда. Өзі құрастырған «Жұбантану» курсының бағдарламасы білім ошақтарының кәдесіне жарап келеді. Тынымсыз ізденісі, қажырлы еңбегі бағаланып, бүгінге дейін медальмен, алғысхаттармен марапатталды. Ардагер ұстаз өңірімізде ұйымдастырылған әдеби-мәдени іс-шараларға белсене қатысып, біртуар тұлғалар шығармашылығын әлі де  өскелең ұрпаққа жүйелі насихаттап келеді. Сондай-ақ «Жұбан Молдағалиев энциклопедиясын» дайындауға зор үлес қосты. Оның «Ауылда менің ғұмырым», «Халық батыры – Жұбан», «Бозторғайымын даланың» атты кітаптарын парақтаған жандар ерекше әсер алатыны сөзсіз.

 Әлкеш Қалқаман,

Фото: Рафхат Халелов

«Орал өңірі»

рафхат халелов узилдик (1) рафхат халелов узилдик (2) рафхат халелов узилдик (3) рафхат халелов узилдик (4) рафхат халелов узилдик (10) рафхат халелов узилдик (11) рафхат халелов узилдик (12) рафхат халелов узилдик (13) рафхат халелов узилдик (14) рафхат халелов узилдик (15) рафхат халелов узилдик (16) рафхат халелов узилдик (17) рафхат халелов узилдик (18)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале