7.10.2021, 12:27
Оқылды: 140

Ұстаздардың ұстазына арналды

Оралдағы Достық үйінде Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, педагогикалық ғылымдар академиясының, халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы аналар кеңесінің төрағасы Шалқыма Құрманалинаның 75 жасқа толуына арналған кездесу өткізілді.

3C2E9D14-C70E-46D7-B725-E60B78A06609

Кездесуде елімізге танымал оқу орны - Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждін 23 жыл басқарған ұстаздардың ұстазы, Орал гуманитарлық-техникалық колледжінің құрылтайшысы Шалқыма Хайроллақызының сіңлісі Әсима Құрманалина сөз алып, мерейжасқа толған әпкесінің бала кезінен кітап, газет оқуға құштар болғандығын, білімпаздығының, іскерлігінің арқасында елге елеулі, халыққа қалаулы қайраткерлік дәрежесіне жеткендігін баян етті.

D4BB2ECC-9773-4A68-8C37-9D56E97A9E64

      Бұдан кейін мерейтой иесінің жұбайы, ұзақ жылдар облыстық электр жүйелерін басқарған өңірімізге белгілі азамат Жетібай Отарбаев зайыбымен алғаш танысқан күннен бастап қазіргі дейінгі өмір жолдарынан деректер келтірді.

      –Шалқыма екеуміз бір мектепте оқыдық. Мектепті күміс медальмен бітірді. Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Жарқамыс ауылына келін болып түсіп, ата-ененің, ауыл үлкендерінің батасын алды. Төрт қыз тәрбиелеп өсірдік. Екеуміздің әке-шешеміз ерте қайтыс болып, жастай қалған бауырларымызды қанатымыздың астына алып, көмек көрсеттік. Бүгінде қыздарымыздан, бауырларымыздан тараған жиен, немере-шөберелеріміздің қызығын көріп отырған жайымыз бар, - деді Жетібай аға өз сөзінде.   

F9E2A5E7-AB2F-41D3-ABC4-3D791248571B   

     Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов мерейтой иесін құттықтап, жүрекжарды жылы лебізін білдірді.

     –Облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы сізді қабылдап, құттықтауын айтты. Жастық шағыңызда жастар ортасының сәні болып, студенттік мерекелік кештерді ұйымдастырып, басқарғаныңыз, отырыстарда әдемі әндер шырқағаныңызды ел аузынан естіп, біліп жатырмыз. Педколлежде қатардағы қызметкерден бастап директор дәрежесіне дейін көтерілдіңіз. Сонау тоқсаныншы жылдардағы қиын шақта колледжді басқаруды қолға алып, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру жолында жан аямай еңбек еттіңіз. Өзіңіз директор болған жылдар колледждің ең жарқын, жарқыраған кезеңі болды деп мақтанышпен айта аламыз. Ауылдан арман қуып келген ұл-қыздар қаланың нақ ортасында орналасқан оқу орнынан сапалы білім мен саналы тәрбие алды. Жастар сіздің алдыңызды көріп, ұлағатты ұстаз болуды қиялдады, басым көпшілігі сол армандарына жетті де. Аталған колледж оқытушыларын темірдей тәртіппен топтастырып, орасан ұйымдастырушылық, іскерлік қасиеттеріңізбен танылдыңыз. Еңбек жолын енді бастағалы отырған жас ұрпаққа бойыңызға біткен өнегелілік, білімпаздық ерекшеліктеріңізді үйретіп, сіңіре білдіңіз. Олар да сізден алған үлгі-өнегелерін бұл күнде ризашылықпен айтуда. Ұзақ ғұмыр сүре беруіңізге тілектеспін,-деді Бақытжан Хаберұлы.  

8668BC92-4E70-4C9F-A961-E2FA00BB7A23 

Ұлағатты ұстаз, іскер басшы Шалқыма Құрманалинаның 75 жас мерейтойына арналған «Өмірі - өнеге, өнегесі - өмір» атты кеште Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков, облыстық мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер Ляна Тұрсынова, Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бөлім басшысы Жанар Жұмағазиева, облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева және басқа да облысқа белгілі көптеген азаматтар сөз сөйлеп, мерейжас иесінің ұстаздық, басшылық тұлғасына кеңінен тоқталды. Ұстаздардың ұстазына арнап, онымен бірге колледжде қызмет істеген әріптестері мен бүгінде еліміздің білім беру, ғылым, мәдениет саласын дамытуға үлестерін қосып жүрген колледж түлектері де игі тілектерін жеткізді. Кештің өне бойында Айбар Қайырханов, Гүлмира Өтегенова сынды әншілер мен колледж студенттерінен құралған ұлт аспаптар ансамблі қазақ-кеңес композиторларының шығармаларын орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

                      Нұрымбек Жапақов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале