7.12.2021, 9:30
Оқылды: 234

«WEB-RABIS» бағдарламасымен жұмыстанудамыз

Кітапханалар жылдан-жылға ұлт руханиятының көкжиегін кеңейту, кітап деген құндылықтың бағасын арттыру мақсатында жұмыс істеуде. Білімді әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу – мемлекеттік саясаттың негізгі ұстанымдарының бірі. Ел болашағы – білімді ұрпақ қолында.

2

Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы да кітап оқу үрдісін жаңғырту бағытында біраз жұмыс атқарды. Бүгінде бұл мәдениет ошағы облысымыздағы ең ірі балалар кітапханасы болып табылады. Кітапханада 9 бөлім жұмыс істейді. Оның алтауы тікелей оқырмандарға қызмет етеді. Кітапхана қорында 200 мыңнан астам кітап, аудио және видео мәліметтер, электронды кітаптар бар.

60 жылдық тарихы бар мәдениет ордасы жылдан-жылға заман ағымына сай ақпараттық ресурстардың мүмкіндігі артқан орталыққа айналып келеді. Кітапхана 2017 жылдан бастап Қазақ-стан Кітапханалық одағының мүшесі. 2016 жылғы 20 желтоқсандағы №827 ҚР Үкіметінің қаулысымен кітапханаға жерлес жазушы Хамза Есенжановтың есімі берілді.

44

2006 жылы Қазақстандағы АҚШ елшілігінің қолдауымен кітапханада «Америка бұрышы» ашылды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылына орай Хамза Есенжановтың өмірі мен шығармашылығын насихаттауға арналған «Хамзатану» орталығы іске кірісті. Хамзаның оқырмандарына ақпараттық білім беру бағытында заманауи «BILIM» орталығы өз қызметін ұсынуда.

Жыл сайын кітапханаға 20 мыңға жуық оқырман келеді. Жуырда Maker Space шеберханасы ашылды. Бұл жоба ғылым, технология, инженерия, өнер және математика (STEAM) саласындағы қызметті кеңейтуге бағытталған. Жоба – әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілетті болуға, жоғары технологиялық ресурстарға, инновациялық бағдарламаларға, іскерлік байланыстар мен тәжірибелі тәлімгерлерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. 3D принтер, роботтық техника, электроника, ғылыми тәжірибелер, гаджеттер, STEAM-ның басқа да заманауи құралдарымен жабдықталған зертхана есігі жастарға да, ересектерге де ашық. Жас оқырмандарға арналған «Ақ торғай» арт-кеңістігінде іскерлік кездесулер, шеберлік сағаттары қызықты өтеді. Бұл іс-шараларға оқушылар қалмай қатысады.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығында кітапхана түрлі жобалар аясында ауқымды жұмыстар атқарды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Уральск-времен связующая нить» (Орал қаласы жайлы тарихи, өлкетанулық ақпарат береді), «Ақжайықтанушылар», «Батырлар жыры», «Бесік жыры», «Әдеби Орал өңірі: есімдер мен тұлғалардың мозаикасы», «Әдеби – өлкетану» жобалары іске асырылып келеді.

Жас оқырмандарға ұлттық құндылықтарымызды насихаттау бағытында «Аталар сөзі», «Әкелеріміз айтатын әңгіме», «Әжемізді тыңдасақ», «Ерліктің жыры – елдік-тің ескерткіші», «Мен қазақ қыздарына қайран қалам», «Ақ Жайық өңірінің оқырман отбасы», «Біз өмірді таңдаймыз!», «Хамза қырандары», «Кітап – достық көпірі», «Соғыс туралы кітап оқимыз», «Көше аттары батырлар есімімен», «Қала көшелері сыр шертеді» жобалары жылдан-жылға дамуда.

«Ашық аспан астындағы оқу залы» жобасы аясында «Атриум – оқу территориясы», «Егер сіз кітап оқымасаңыз, біз сізге барамыз», «Алақай, жаз!» бағдарламалары аясында лагерь балаларына арналған түрлі қызықты іс-шаралар өтеді. Сонымен қатар кітапхана облыстық әдістемелік орталық ретінде облысымыздағы 30 қалалық, ауылдық, аудандық кітапханаларға жетекшілік етеді. Үш коворкинг орталық, 8 модельді балалар кітапханалары ашылып, заманға сай жұмыс істеуде.

10 жыл қатарынан дәстүрлі түрде оқырман отбасылар арасында байқау ұйымдастырылып жүр. Жеңімпаз жанұялар республикалық «Мерейлі отбасы» байқауында да көзге түсті. Ресей Федерациясындағы байқаудан да жүлдемен оралды.

Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы бастамасымен облысымыздағы кітапханалар арасында  «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында «Қайырымдылық марафоны» ұйымдастырылды. Кітапхана тек мәдени-әдеби іс-шараларды өткізіп қана қоймай, арасында қайырымдылықпен де айналысады.

«Кітап оқу – биікке самғар жол» халықаралық конференция мен «Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған кітаптар» танымдық конференциясында айтылған ойлар кітапханашыларға тың идеялар сыйлады. «Үздік оқырман көшбасшы» облыстық форумы, «Кітап – достық көпірі» ұлттар әдебиеті облыстық шығармашылық байқауы, «Қазақстанның оқырман ұрпағы - 2021» жалпыұлттық акциясы жоғары деңгейде өтіп, кітапхана оқырмандарының санын арттырды.

Әдістерді меңгеру, іс-тәжірибе алмасу, инновацияны шебер енгiзе білу, стратегиялық жоспарлау, жоба жұмысын кең қолдану, дербес зерттеулер жүргізу, жаңа кiтапханалық технологияларды меңгеру бағытында «Кітапхана және кітапханашының сандық трансформациясы: КБЖ-78.3» атты өлкеміздегі кітапхана директорларына арналған қазіргі заманғы онлайн форсайт-сессиясы өтті.

3

Қызметтің креативті түрлерін ұсыну, жас мамандардың біртұтас команда моделін қалыптастыру мақсатында оздырылған «Заманауи кітапханашы: 5D. Қайта жүктеу» атты облыстық тимбилдинг кітапхананың жас қызметкерлеріне арналды.  Сонымен қатар сан алуан облыстық мәнерлеп оқу, әдеби байқаулар, ақын-жазушылардың шығармашылығын дә-ріптеуге арналған іс-шаралар, акциялар жалғасын табуда.

Соңғы жылдары кітапханалардағы өзекті міндет – ақпараттық ресурстарды қағаз тасымалдаушылардан сандық форматқа көшіру. Кітапхана осы бағытта белсенді жұмыс жүргізуде. Цифрландыру үшін «WEB-RABIS» республикалық аутоматтандырылған кітапханалық бағдарламасымен жұмыстануда.

Қоғамдағы өзгерістерге сай кітапханалық қызметтің заманауи әлемдік үрдістері кітапханалар жұмысына енгізіле бастады. Кітапханалық-ақпараттық қызмет көрсету және олардың ауқымын кеңейту жұмыстары басталды. Жұмыстың инновациялық түрлеріне ерекше назар аударылуда. Сонымен қатар қазіргі таңда кітапханалық мәселелер, балалар әдебиетін жинақтау, кітапхана қорының толықтырылуы, шалғай ауылдардағы ғаламтор мәселелері, заманауи коворкинг орталықтары мен модельді кітапханаларды ашу бағытында біраз жұмыстар атқарылды. Дәстүрлі кітапханаларды заманауи бағытта дамыту, кітапханаларды цифрлық жүйеге енгізу мәселелері алдағы уақытта шешімін табады.

1

Тек облыс ғана емес, жалпы Қазақстан бойынша кітапханалардағы ең басты мәселе – балаларға арналған әдебиеттердің жеткіліксіздігі. Кітапханалар жаңа әдебиеттермен толықтырылып отыр. Алайда қазақ жазушыларының балаларға арналған қазақ тіліндегі туындылары аз. Болашақта балаларға арналған кітаптар көптеп басылып, оқырманға жол тартса, нұр үстіне нұр болар еді.

Эльвира Аманғалиева,

Хамза Есенжанов атындағы облыстық

балалар және жасөспірімдер

кітапханасының директоры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале