23.10.2021, 10:46
Оқылды: 249

Зенит зауытының 80 жылдығы аталып өтті

Оралда «Зенит» зауытының 80 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Әскери қорғаныстық бағыттағы кемелер құрастыратын  кәсіпорын ұжымын, ардагерлерін облыс әкімі Ғали Есқалиев құттықтады.

169E369A-C096-4633-9F9A-A8F4CEB11DD9

– Мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде зениттіктердің үлесі зор. Биылдың өзінде өндіріс көлемі өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есе өсті. Жақында Қорғаныс министрлігінің, шекара қызметінің қолдауымен зауытқа ауқымды тапсырыс берілді. Тапсырыс бойынша 2-3 жылға жұмыс болады. Су ығыстырымдылығы 720 тонна болатын алып кеме құрастырылады. Мұндай кемені жасауға кәсіпорынның әлеуеті жетеді. Зауытта еңбек әулеттері жұмыс істейді. Сіздердің ізденістеріңіз бен қажырлы еңбектеріңіздің арқасында жыл санап су құралдарының техникалық сипаттамасы, электрондық жабдықталуы жақсарып келеді. Бұл  – үлкен прогресс. Баршаңызды мерейтоймен құттықтаймын, алдағы уақытта еліміздегі үздік өндіріс орындары қатарынан табыла беріңіздер,  – деді облыс басшысы.

B98CA5A9-C32A-4557-A7F6-68313FD9E209

Отан соғысының І дәрежелі орденді «Орал «Зенит» зауыты» АҚ-ның бас директоры Вячеслав Валиев қонақтарды, зауыт ардагерлерін, ұжымды мерейтоймен құттықтады. «Құмдай сырғып өткен 80 жыл ішінде зауыт тарихында ерлік пен еңбектің талай өнегесі қалды. Сонау 1941 жылдан бері кәсіпорын заманның қиындығын да, қызығын да бастан өткерді. Соғыстың қаһарлы жылдары өндіріс ошағының Оралдағы ғұмыры басталды.  Ол есімі аңызға айналған, 42 жыл бойы директор болған Петр Атоянның басшылығымен ірі кәсіпорынға айналды. Содан бері зауытта көп нәрсе өзгерді, өзгермегені – адамдарға деген қамқорлық қана. Мыңдаған оралдық үшін зауыт екінші отбасына болды. «Зенит»  жай жұмыс орны ғана емес, ол    жас мамандар тәжірибе жинақтайтын, аға толқынның қолдауын сезінетін өмір мектебі. Осындай ұрпақ жалғастығының арқасында ерекше зауыттық дәстүр қалыптасты. Оны зауыттықтар қастерлейді, кейінгі толқынға үйретеді. Еңбек әулеттерi – біздің мақтанышымыз. Кейбір  әулеттің еңбек өтілі 100 жылдан асып кетті. Олардың арасындағы Батырғазиевтер, Әжіғалиевтерге – 182, Бедолныйлар, Столниковтарға – 158, Дәулетияровтарға, Мартасовтарға  – 155, Черновтарға, Васьковтарға  – 152, Маланиндерге 116  жыл болған.  Өткен жылдар ішінде зауыт қаламен бірге дамыды, өсті. Ұжым өтпелі кезеңнің қиындықтарын татулықтың, бірліктің арқасында жеңді. Жеңіп қана қойған жоқ, еліміздің кеме жасау саласының көшбасшысына айналды. Тәуелсіздігіміздің 30 жылы ішінде   мемлекетімізбен бірге өркендеген кәсіпорын 34 кеме жасап шығарды. Тағы 80 жыл өткеннен кейін біздің немерелеріміз, шөберелеріміз зауытты сақтап,  мақтан тұтып, даңқын арттыра берсе деймін»,    деді Вячеслав Валиев.

E21701DB-E612-4E53-951E-05E4CAB318CD

Бұдан әрі залдағылар зауыттың тарихы, тыныс-тірлігі жайындағы фильмді көрді. Мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отырған өндіріс орнының тарихы Ленинград қаласынан бастау алады. Ол 1931 жылдың қазан айында өнертапқыш Владимир  Бекауридің басшылық етуімен «К.Е. Ворошилов атындағы машина жасау зауыты (№231 зауыт)» деп аталған «ОСТЕХБЮРО» құрамына кіретін «Двигатель» зауытының негізінде құрылады. 231-ші зауыт радио арқылы басқарылатын миналар, торпедаларға арналған құрылғылар және авиация үшін түрлі құрал-жабдықтарды шығарды. 1941 жылы қыркүйек айында Ленинградты жаудың қоршауына байланысты зауыт Орал қаласына көшірілді. Адамдар мен 194 жабдық орналастырылған 35 вагоннан тұратын алғашқы эшелон Оралға қаласына 1941 жылдың 10 қыркүйегінде келіп жетті. Ленинградтық мамандардың жоғары біліктілігінің, ұжымның жанкешті еңбегінің арқасында сол жылдың 8 қазанында-ақ майданға алғашқы қару-жарақ партиясы жөнелтілді. Торпедалар мен миналардан басқа соғыс жылдары зауыт майдан үшін кеме компрессорларын, жарғыштарды, фосфорлы-кальцийлі патрондарды, индукциялы соққы аспаптарын, «Обри» аспаптарын, авиациялық снарядтарды, ВЕХ детальдарын және жалпы тізімі 16 атаудан тұратын басқа да қажетті жабдықтарды да шығарған. Тек қана 1941 жылдың аяғына дейін майданға 28,5 мың әр түрлі жарғыштар, 4000 фосфорлы-кальцийлі патрондар, бірнеше мың авиациялық аспаптар жөнелтілді. Зауыт майданға тек қару және ақшамен ғана көмектесіп қойған жоқ. Ұлы Отан соғысы майдандарында талай зауыттықтар қан кешті. Олардың сұрапыл шайқастағы батылдығы және ерлігі жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды. Ұлы Отан соғысының ұрыс даласынан 68 зауыттық оралған жоқ, олардың есімдері зауыттағы Даңқ және еске алу обелискісінде мәңгілікке сақталып, олардың құрметіне мәңгілік алау жағылады.

7C736C6E-579D-439A-A37B-06BB865A0303

Салтанатты жиында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Андрей Линник, Аветик Амирханян зениттіктерді мерейтоймен құттықтап, алғысхат табыс етті. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің бастығы, полковник Әлібек Каюпов, шекара қызметінің шекараны қорғау департаменті жағалау кұзеті басқармасының бастығы, І ранг капитаны Сабыр Хасанов, «Қазақстан инжениринг» ұлттық компаниясының өкілі, контр-адмирал Ратмир Комратов және жергілікті машина жасаушы компаниялардың басшылары да мерейтой иелеріне ізгі тілектерін білдірді.

Кеш барысында кәсіпорын ардагерлерінің хоры, «Антре» би мектебінің және басқа да өнерпаздар өнер көрсетті.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале