22.09.2022, 9:46
Оқылды: 371

Жаңа тарифті бекітті

Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары үкіметтің 2022 жылғы 1 ақпандағы қаулысымен бекітілді. Осы  кешенді жоспарға сәйкес Орал қаласында барлық қаржыландыру көзінен жалпы сомасы 118 млрд. 280 млн. теңгеге 50 жоба іске асырылады. Бұл туралы аталмыш кешенді жоспардың орындалуын талқылаған қалалық мәслихаттың 19-шы кезекті сессиясында айтылды. Сессия жұмысына қала әкімі Миржан Сатқанов қатысты.

6284e6c1-7068-40bd-a665-53a76c1903d5

Қала әкімінің орынбасары Мирас Мүлкайдың баяндауынша, соның ішінде 1 912,5 млн. теңгеге М. Шолохов көшесіндегі аутомобиль жолын қайта жаңарту жобасы жүзеге асырылады. Тұрғын үй құрылысы бойынша 11 жобаны жандандыруға 46 млрд. 211 млн. теңге бағытталады. Осындай қомақты қаржы-қаражатқа барлығы 29 тұрғын үй (4 429 пәтер) салынады. Олардың жалпы ауданы 221,1 мың шаршы метрді құрайды. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына 6 млрд. 960 млн. теңгеге 7 жобаны жүзеге асыру көзделген. Жобаларда шаһардың солтүстік-шығыс бөлігін сумен қамтамасыз ететін көтергіш сорғы стансасын, Орал – Атырау, Орал – Саратов күре жолдары арасындағы көпқабатты тұрғын үйлерге және басқа да құрылыс нысандарына инженерлік желілер тарту, абаттандыру, «Ақжайық» шағынауданына кварталішілік өткелдер (2-кезең)  және күшейткіш сорғы стансасын салу қарастырылған. Одан басқа 24 млрд 498 млн теңгеге кә­різ желісін жаңғыртудың 12 жобасы қолға алынбақ. Ондай жобаларда 19А кә­різдік сорғы стансасын және кәріздік сорғы стансасынан тазарту қондырғысының қабылдау камерасына дейінгі ұзындығы 15690 метр болатын кәріз желісін, Сарайшық көшесінен Неусыпов көшесі бойымен КНС-2-ге дейінгі кәріз коллекторын және бірқатар осындай нысанды қайта құру жоспарланған.

– Қаланы сумен жабдықтау желілерін салу, реконструкциялау және жөндеу бойынша 7 жобаға 21 млрд 260 млн теңге қарастырылған.  Облыс орталығын сумен жабдықтау мақсатында жерасты су көзінен 5 ұңғыма бұрғыланды.

Жаңа «Ақжайық» шағынауданын сумен қамту мәселесін шешу үшін 3200 текше метр сыйымдылығы бар күшейткіш сорғы стансасын салу жоспарланған. Қазіргі кезде жобалау жұмысы аяқталды. Қыркүйек айының соңына дейін жобаны мемлекеттік сараптамаға өткіземіз, – деді М.Мүлкай.

Баяндамаға сүйенсек, 5-ші сорғы стансасынан 1000 миллиметрлік су өткізгіштердің солтүстік-шығыс шағынаудандағы су камерасына дейінгі бөлігі және шаһардағы су тазарту құрылыстары, сонымен қатар Камен топтық су құбыры қайта жаңғырылады. Осындай жобалардың іске қосылуы арқасында Орал қаласын үздіксіз сумен қамтамасыз етуге қол жетпек.

Облыс орталығындағы жылу желілерін қайта құру бойынша 4 жоба қолға алынып, бұл мақсатқа 2 млрд 177 млн теңге бағытталады. Алдағы жылыту маусымына дайындық барысында 3,781 шақырым жылу желісін күрделі жөндеу жоспарланған. Бүгінде ұзындығы 3,992 шақырым жылу желісіне күрделі жөндеу жүргізіліп, жоспарлы жұмыс 105%-ға орындалды.

Жиында мәлім болғандай, Оралдағы электр желілерінің ескіруі 83 пайызға жеткен. Облыс көлемінде 20 млрд теңгеге жуық қаржыға электр желілері жаңғыртылады. Соның ішінде қала бойынша 5 млрд. 288 млн. теңгеге электр желілерін қайта құру жобаларын жүзеге асыру жоспарланды. Өңірдегі мемлекеттік бюджет есебінен электр желілерін жаңғыртудың үш жылдық мерзімге  жасақталған бағдарламасына сәйкес алдағы жылдар ішінде электр желілерінің тозуын 30%-ға дейін төмендету межеленген. Әлеуметтік қорғау нысандары құрылысы  бойынша 7 млрд. 500 млн. теңгеге «Ақжайық» шағынауданында 150 төсек-орынға арналған оңалту орталығының құрылысы басталды.

Сессияда коммуналдық қалдықтарды жинау, тасымал­дау, сұрыптау және көмуге арналған тарифтерді бекіту мәселесі қаралды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жо­лаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімі­нің басшысы Жандос Дүйсенғалиев баяндама жасады. Оның айтуынша, өткен жылғы бағамен салыстырғанда жанар-жағармай бағасы 30 пайызға өскен. Қысқы дизель отынының бағасы 500 теңгеге жетеді деген болжам бар. Қатты тұрмыстық қалдықтар шығарумен айналысатын «Орал таза сервис» мекемесінің арнайы техникасы ескірген және жиі істен шығады. Қосалқы бөлшектер бағасы 115 пайызға өсіп, материалдық шығын ұлғайып отыр. Мысалға, ауторезеңке бағасы 100 пайызға (90 мың теңгеден 180 мың теңгеге жеткен) қымбаттаған. Осындай нақты себептерге байланысты жаңа тарифті бекіту қажет.

Биылғы жылдың басында елімізде Экологиялық кодекс күшіне енді. Соның негізінде қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау тарифін және қалдықтарды жинақтау мөлшерлемелерін есептеу тәртібі бекітілген. Мұндай үрдіс барлық қалада басталды.

Мысалға, Өскемен мен Семей қалалары жаңа тарифті бекітіп алды. «Жылдан-жылға коммуналдық кәсіпорындардың жұмысы қиындап барады. Оған геосаяси жағдайлар, экономикалық дағдарыстар, жанармай бағасының өсуі, арнайы техниканың қосалқы бөлшектерінің қымбаттауы әсер етеді. Сондықтан жаңа тарифті бекітуіміз қажет. Сонымен қатар жыл сайын қызметкерлердің жалақысын көтеру қажет.

Жаңа тарифті бекіту коммуналдық кәсіпорынды жаңғыртуға және қаланы қоқыстан тазартуға мүмкіндік береді», – деді Ж.Дүйсенғалиев. Депутаттар жаңа тарифті және қалдықтарды жинақтау межесін бекітті. Жаңа тариф Әділет министрлігінен тіркеуден өткеннен кейін ғана облыс орталығындағылар қоқыс жинау қызметіне төлемақыны жаңа есеп бойынша төлейді. Көпқабатты үй тұрғындары үшін 442 теңге, жеке сектор тұрғындары үшін бір адамға 451 теңге болмақ.

Қазіргі кезде көпқабатты үйдің тұрғындары қатты тұрмыстық қалдықтар үшін 286 теңге, жеке үй тұрғындары 291 теңге төлеуде.

Халық қалаулылары 2022 жылға арналған Орал қаласының кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстардың ең аз мөлшерін бекіту туралы мәселені қарады. Кондоминиум нысанының ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстардың ең аз мөлшері 1 шаршы метр үшін 65 теңге болып бекітілді. Сондай-ақ Орал қаласы бойынша шетелдіктер үшін 2022 жылға арналған туристік жарна мөлшерлемесі нөл пайыз болып мақұлданды. Сессия жұмысының соңы марапаттау шарасына ұласты. «Біздің депутат» қоғамдық бірлестігінің ұсынысымен жаңа жұмыс орындарын ашып, қоғамдағы белсенді қызметі және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін депутат, кәсіпкер Валерий Крылов «Үздік депутат» төсбелгісіне ие болды.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,  

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале