16.11.2023, 12:00
Оқылды: 42

«Жаңа толқын – 2023»: үздік студенттер белгілі болды

17 қараша – Халықаралық студенттер күні

Қарашаның 14-і күні Орал қаласындағы «АMANAT» партиясы облыстық филиалының ғимаратында «Жаңа толқын – 2023» студенттер фестивалі өтті.

IMG_7283

Аталмыш шығармашылық фестивальде өңірдегі жоғары оқу  орындарының І курс студенттері өз өнерлерін ортаға салды. Студенттер күніне орай ұйымдастырылған сайыста олар 9 аталым бойынша бақтарын сынады. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп жүрген фестивальде студенттерге әр саланың мамандары, республикаға танылған белсенді жастар қазылық етті. Іс-шарада облыстық қоғамдық даму басқармасының бас маманы Жандос Сұңғатов қатысушы студенттерді мерекемен құттықтап, сәт-тілік  тіледі.

– Қайырлы күн, қадірлі студенттер! Өңірімізде жалпы 187 мың жас болса, соның 43 мыңға жуығы – студенттер. Студенттік кезең – адамның жан-жақты жетіліп, тұлға ретінде қалыптаса бастауына мүмкіндік береді.  Сонымен қатар өмірдегі ең аяулы һәм қимас сәттерді де осы кезеңде өткереміз. Бүгінгі «Жаңа толқын – 2023» фестивалі де І курс студенттері үшін қызықты естелік боп қалатыны сөзсіз. Бұл – сіздер үшін керемет мүмкіндік. Өйткені мұнда әр жас өзін жаңа қырынан көрсетуі мүмкін және бойындағы талантын танытары анық. Сондай-ақ студенттер арасында достық қарым-қатынас орнатуға жол ашатын алаң бұл. Осы ретте облыстық қоғамдық даму басқармасының өңірдегі жастарды қашанда қолдауға дайын екендігін айтқым келеді, – деді Жандос Әміржанұлы.

Әне-міне дегенше студенттердің көптен күткен шығармашылық фестивалі де бастала кетті. Сахнада бірінші болып Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің студенттері өнер көрсетті. Белгілі бір уақытқа ықшамдап дайындаған концерттік бағдарламасы көңілден шықты. Өйткені олар дәстүрлі әндерді әуелетіп, бір уақыт заманауи биге кезек беріп, өздерінің орынды әзілдерін де айтып үлгерді. Келесі кезекте Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің студенттері де өздері құралпы жастардың ыстық ықыласына бөленді. Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің дарынды студенттері де қатарластарынан қалыс қалмады. Олар да бар мүмкіндігін пайдаланып, әнбилерімен сахнаның сәнін кіргізді. Сөйтіп, қатысушы студенттер өнерге құштар екенін дәлелдеді. Фестивальдің де негізгі мақсаты – жас өнерпаздарды анықтау, олардың шығармашылық әлеуетін  көтеру  болатын.

«Дәстүрлі ән» аталымы бойынша домбырасымен ақын Қадыр Мырза Әлидің өлеңіне жазылған «Қазақ осы» әнін шырқаған Жандос Байбақтыны сөзге тарттық. Ол – Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің  І  курс  студенті.

– Қазіргі кезде дене шынықтыру мамандығы бойынша білім алып жүрмін.

Домбыраны кішкентай кезімнен бастап қолымнан тастамаймын. Қазақтың дәстүрлі әндерінің біразын білемін.

Сондай-ақ заманауи әндерді де ұлттық аспаппен орындап үйреніп жүрмін. Бүгінгі сайыс қызықты әрі тартысты өтуде. Әрине, бірінші кезекте жарысу емес екені белгілі. Басқа университеттегі талантты қыз-жігіттермен танысып, достық байланыс орнатуға келдік, – дейді Жандос  Рүстемұлы.

Фестивальдің соңында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева студенттерге ақ тілегін айтып, жеңімпаздарды марапаттады. Сайыстың қорытындысы бойынша І орынды Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің студенттері жеңіп алды. Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті ІІ орынды иеленсе, ІІІ орын Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық  университетіне  берілді.

Аманжол Рахымжанұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале