24.05.2022, 16:30
Оқылды: 113

Жедел ішек инфекцияларымен ауыру қаупі сақталуда

Батыс Қазақстан облысында жедел ішек инфекциялары бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Ағымдағы жылдың төрт айында жедел ішек инфекцияларының 54 жағдайы тіркелді (2021 ж. 4 айында - 35 ж.). 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аурушаңдылық 1,5 есеге өсіп отырғаны байқалады. Аурушаңдылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 8,1 (2021 жылдың 4 айында - 5,2) құрап отыр. ​

1652694607_maxresdefault

Суреттің дереккөзі:tolkyn.kz

Жедел ішек инфекциясы жылдың кез келген уақытында пайда болуы мүмкін. Дегенмен жазда, ыстық ауа райында, жеке гигиена ережелерін сақтамаған кезде вирустар, бактериялар белсенді бола бастайды.

Ішек инфекцияларының қоздырғыштары сыртқы ортада жақсы сақталады. Мысалы, дизентерия қоздырғыштары ластанған ыдыстарда, дымқыл киімдерде апталар немесе айлар бойы, топырақта - 3 айға дейін өміршеңдігін сақтай алады, тағамда (сүт, сүт өнімдері, ет өнімдері, салаттар, нан және т.б.) - бірнеше күн, суда 5-6 күнге дейін өмір сүруі мүмкін. Сүт және сүт өнімдерінде, салаттарда және басқа да өнімдерде ішек инфекциясының қоздырғыштары жақсы сақталып қана қоймай, тамақ өнімдерінің дәмін өзгертпестен көбейе де алады.

​Аурудың берілу жолдары: тамақ, су және тұрмыстық байланыс. Инкубациялық кезең бірнеше сағаттан 7 күнге дейін созылады. Инфекция көзі − науқас адам немесе ішек инфекциясы қоздырғыштарының тасымалдаушысы.

Аурудың алғашқы белгілері: тәбеттің болмауы, іштің жиі ауыруы, құсу, іш өту, дене температурасының көтерілуі, шөлдеу, бас ауруы, жалпы әлсіздік, мазасыздық. Мұндай симптомдар пайда болған кезде міндетті түрде дәрігерге жүгіну қажет.

Ішек инфекциясының алдын алу шаралары:

- Жуылмаған жидектерді, жемістерді, көкөністерді балаларға бермеу, жемеу.

- Дәретханадан кейін және тамақ ішер алдында қолды сабынмен мұқият жуу. Өйткені сабынның дезинфекциялық әсері бар.

- Көкөністермен, шикі етпен бірге бір сөмкеде қапталмаған нан, ірімшік және басқа да термиялық өңдеусіз тұтынылатын тағамдарды алып жүрмеңіз.

- Сүт, қаймақ, ірімшік, сүзбе, салаттар, бауыр шұжықтары, кілегейлі торттарды тоңазытқышта сақтаңыз. Жылы жерде бұл тағамдарда микробтар тез көбейеді.

- тағамдарды толық термиялық өңдеуден өткізіңіз.

Есіңізде болсын, азық-түлікті сақтау ережелері мен жеке гигиена ережелерін қатаң сақтау арқылы сіз өзіңізді және жақындарыңызды жедел ішек инфекцияларынан қорғай аласыз!

Зухра Ермұханова,

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті

инфекциялық және паразитарлық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале