Бүгінгі күннің өзекті тақырыптарының бірі – сыбайлас жемқорлық. Аталмыш мәселенің өзектілігіне әрі оның халықаралық деңгейде дамуына орай әлем елдерінің дені оған қарсы күрес пен алдын алу шараларын бірлескен түрде жүргізуге көшті. Ол жұмысты көптеген дамыған мемлекеттер терең зерттеу мен талдаудан бастап отыр. Тіпті университеттер мен түрлі деңгейдегі оқу орындары жанында сыбайлас жемқорлықты зерттейтін арнайы орталықтар құрылып, олар өздерінің зерттеулерінің қорытындыларын мемлекеттік құрылымдардың жұмысында қолданысқа енгізумен тұрақты айналысып келеді.
Жалпы кез келген қоғамда бұл тақырыпқа байланысты түрлі көзқарастар мен пайымдар бар, соның бірі бүгінгі қазақстандық қоғамда орын алған кейбір пайымдар. Мысалы, «коррупцияны жою мүмкін емес», «ешбір ел жемқорлықты жоя алмаған», «сыбайластық, жең ұшынан жалғасу бұрыннан бар және әлі де бола береді» дегендей стереотиптер қоғамда нық орныққан. Менің ойымша, осы сияқты түсініктер біздің әлемдік деңгейдегі коррупцияны қабылдау индексіндегі рейтингтің төмен болуына, басқаша айтқанда Қазақстан сыбайлас жемқорлық дамыған елдер ретінде орын алуына өз септігін тигізбей қоймайды. Рейтингті қуаламай қояйық, бірақ жоғарыда аталған түсініктердің санамызда нық орнығуы жалпы мемлекеттік деңгейде осы бір індетпен күресте ойлағандай нәтижеге тез жетпеуге де алып келетін бірқатар академиктердің еңбегімен дәлелденген. Сондықтан жемқорлықпен күресте кейбір батыстық елдердің тәжірибесін (өзімізге келетін жерін) алу және оны іс жүзінде қолданысқа енгізу жақсы нәтиже беретініне сенімдімін.
ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында да Сыбайлас жемқорлыққа қарсы зерттеулер және комплаенс орталығы құрылған. Бұл академияның алдыңғы қатарлы халықаралық талаптар деңгейде жұмыс жасауға көшкендігінің нәтижесі. Академия 2017 жылғы шілдеден «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартын» бекіткен. 2019 жылы Академия басшылығы ҚР заңнамасының ережесі мен ISO 37001 халықаралық стандартының талаптарын басшылыққа ала отырып, парақорлықпен күрес менеджмент жүйесін әзірлеу және енгізу туралы шешім қабылдады. Академияның парақорлықпен күрес менеджмент жүйесін сертификаттау аудиті 2020 жылдың шілде айында өткізілді. Осылайша, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ISO 37001:2016 халықаралық стандартының талаптарына сәйкестік тұрғысынан парақорлықпен күрес менеджмент жүйесін сертификаттаудан өткен Қазақстан Республикасындағы алғашқы мемлекеттік ұйым болып табылады.
Бүгінгі таңда академияның БҚО филиалында аға оқытушы қызметін атқара жүріп, облыс бойынша жаңадан мемлекеттік қызметке кірген және бұрыннан жұмыс атқарып келе жатқан қызметшілерге кестеге сәйкес түрлі басымды тақырыптар бойынша дәріс беріп келемін. Олардың ішінде бүгінгі мемлекеттік басқару саласы үшін маңызды деген эмоционалды интеллект, креативтілік және инновациялар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және комплаенс қызметі, тайм-менеджмент, этика, дизайн ойлау, қоғаммен байланыс және т.б. тақырыптар бар.
ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша Ұлыбританиядағы University of Sussex университетінде алған мамандығым бойынша зерттеу жұмыстарының қыр-сырымен етене -таныстым. Университет жанындағы коррупцияны зерттеу орталығында өндірістік тәжірибеден өту кезінде Қазақстандағы электронды үкіметтің сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы рөлі тақырыбында ғылыми зерттеу жобасын іске асырдым. Оның барысында зерттеу әдістерін, салыстыру ретінде Орта Азия мемлекеттері, Дания, Нигерия, Швеция елдеріндегі жемқорлықтың алдын алу шараларын талдауға қатыстым. Бұл жұмыстар аталған елдерге қатысты ғылыми еңбектер мен ресми электрондық үкіметтерін және мемлекеттік құрылымдардың интернет ресурстарын талдау арқылы жасалды.
2016-2018 жылдары Ұлыбританияда оқу кезінде ең бірінші көзге көрінген тағы бір жағдай – көше мәдениеті, Яғни елде тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың деңгейін көрсететін әлеуметтік нормалар десек болады. Соның бірі адамдар 1 метр қашықтықты сақтап кезекке тұрып, қоғамдық көліктерге кіруі. Бұл адамдардың санасында кезексіз өтіп кету дұрыс емес және әділетсіздік екенін түсінгендігін білдіреді. Ол аз десеңіз, кез келген қоғамдық көліктің фискальды чек беруі. Бұл да ашықтық пен есептіліктің қарапайым да жарқын үлгісі.
Батыс елдерінің, атап айтқанда Ұлыбританияның жемқорлықпен күрес жұмысы да нақ осы жоғарыда айтып отырғандай терең талдау мен зерделеуге көп мән беруден тұрады. Айталық, Біріккен Корольдіктің (Ұлыбритания) парақорлық актісі (UK Bribery Act, 2010) бойынша: «Парақорлық бұл – (ұсынушы тарап) бір тұлғаның екінші тұлғаға ақша қаражатын немесе басқалай артықшылықтарды ұсынуы, беруі немесе уәде етуі және сол арқылы екінші (алушы тарап) тұлғаның өз функционалдық міндеттерін немесе қызметін тиісті деңгейде орындамауға түрткі болуы саналады» делінген. Қарап отырсақ, парақорлық пен сыбайлас жемқорлықтың өзі бөлшектеніп, арнайы заңдармен реттеледі. Полиция департаментіндегі ішкі қауіпсіздікке жауап беретін адам ешқашан әскери немесе сол полицияның ішінен тағайындалмайды, керісінше ешқандай полиция қызметінде еңбек өтілі жоқ, бірақ қоғамға беделді тұлға осы жауапты салада отырады екен. Бұл заң, ал себебіне үңілсек, егер полиция үстінен түскен арызды полиция қарастыратын болса, онда әділ шешім алу мүмкіндігі 30-45 пайызға түсіп кетеді екен. Қазақ халқы айтқан «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» дегенді болдырмау. Бұл жылдармен келген тәжірибе және ең бастысы зерттеу қорытындысын ұтымды пайдалану арқылы іске асты. Біз мұндай өзекті мәселелерді бір жөнге келтіру үшін балабақшадан, мектептен бастау керек деп айтып жатамыз. Әрине, ол дұрыс. Мектептен бастауға да еш кедергі жоқ, оған да дайын уәж жетіп артылады. Мысалы, нақ осы елде мектептерде «cheating» термині кең қолданылады, қазақша жәй ғана емтиханда шпаргалка қолдану дегенге келеді. Балаларға бастауыш сыныптан бастап осыны, яғни емтиханды таза, әділ тапсырып тиісті баға алуға үйретумен болады. Бүкіл тәрбиеге бағытталған видео сабақтар, тәрбие сағаттар тағысын тағы қалай басталса, солай аяқталады. Жас балаларға ақша, бюджет қаржысын жымқыру, жемқорлық, заңсыз баю десек, дөрекі болып естілуі мүмкін, сондықтан бұл контенттегі парасаттылықты қалыптастыру жұмысы дұрыс демеске амал жоқ.
Бізге жетіспейтін бұл салада зерттеу көп. Тек қана сыйлық беру, не алу мәселесін айтсақ та үлкен зерттеу, кез келген тұлғаның жеке тәжірибесінде бар терең теорияға тұнып тұр. Егер оны әр азамат түсініп, оның парадан айырмашылығы неде, мен берген сыйлық ол параға жата ма, жоқ па деген сұраққа нақты жауабы болмаса, заңдарда жазылғанды жай ғана орындай салу көп жағдайда аса тиімді болмайтыны рас. Қазақ халқының мақал-мәтелдері бұл теория жайында нақты айтқан. Мысалы, «Сыйға сый, сыраға бал», «Судың да сұрауы бар», «Қолда барда қонышынан бас». Бірінші екеуі сыйлық беру туралы батыстық ғалым Марсель Мосстың ғылыми еңбегін нақты қуаттайды. Тағы бір зерттеуші ғалым Малиновский бұл тұжырымға қарсы пікір айта келіп, «pure gift», яғни «тегін сыйлық» болатынын айтқан. Алайда көптеген еңбектер тегін сыйлықтың өте сирек кездесетінін дәлелдеді. Күнделікті өмірде үйлену тойы, туған күн кештерінде берілген сыйлықтар «тегін сыйлық» деп есептеледі. Бірақ сыйлық қабылдаған той, туған күн иесі сіздің тойға немесе туған күніңізге келсе, кезекті сыйлықты кері қарай сізге береді. Бұл жерде тіпті «тегін сыйлықтың» («pure gift») өзі тегін емес екенін көрсетеді. Басқаша айтсақ, діни жоралғыда немесе садақа беруде де ешкімнен ештеңе кері қарай қайтарым күтпесек те арғы, ішкі түйсігімізде «алладан қайтсын», «бас амандығын берсін», «емтиханды жақсы тапсырайын» т.б. дегендей әйтеуір бір сұрау болады. Сондықтан сыйлық қайтарымды және сол үшін оны беру, алу заң бойынша, қолында аз да болса билігі барларға тыйым салған.
Қорыта келе, жемқорлықпен күрестегі шетелдік тәжірибені тиімді пайдалану жағы да өте өзекті және бұл бағытта болашақта терең зерттеулер болатынына сенеміз
Әлібек Молданиязов,
«ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы» РМҚК Батыс Қазақстан
филиалының аға оқытушысы, сыбайлас жемқорлық және мемлекеттік басқару мамандығы бойынша «Болашақ» түлегі