Жиі жүргізілген сенбіліктер нәтижесінде Шыңғырлау ауданы көшелерінде тазалық орнап қалды. Бұл іске тұрғындар да араласып, әркім өз үй-жайының аумағын тазартып, ортақ іске орынды үлес қосып жатыр. Қыстайғы жиналған көңдер де шығарылып жатыр. Мұның бәрі сайып келгенде өзіміздің, балаларымыздың денсаулығына қатысты екенін түсіне түскендейміз. Осындай жақсы үрдіс 21 сәуір күні де көшеттер отырғызу жұмыстарымен жалғасын тапты.
Махамбет Өтемісов атындағы көше бойына көшеттер отырғызу акциясына аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев, ауданымыздың құрметті азаматтары, ақсақалдар мен депутаттар, Шыңғырлау колледжінің студенттері қатысты. Ал өткен сенбідегі сенбілік көше теректерінің түбін қопсыту, жойдасыз өсіп кеткен бұтақтарын шырпып, әктеуге арналған еді. Көптеген мекемелер бұл істі жұма күнгі кешкі сәтте реттеп, тапсырылған аумақтарды тастай ғып бітіріп қойыпты. Сенбі күні аудандық туризм және экология орталығы, Л.Қылышев атындағы мектеп ұжымдары, аудандық әкімдік қызметкерлері бекітілген көшелердегі теректерді айналасын тәртіпке келтірді. Бұдан басқа, аудан орталығында Тәжік-Ауған соғысы жауынгерлері саябағына және 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған ескерткіш жеңіл жөндеуден өтіп жатыр.
Сондай- ақ, көшелердегі ескі, қураған теректерді кесу жұмыстары да жүргізілуде. Бұл жұмыстарды ауылдық округ әкімшілігі ықтиятты жүргізіп отыр. Осы орайда айта кететін жайт, алдағы уақытта көшелердегі өсіп тұрған қарағаштар санын азайтып, орнына көрікті, көркем ағаштар егу. Көше сәнін келісті ете түсетін осындай теректер егу бірте-бірте жүзеге асырылатын болады.
Қаршыға Елемесов,
Шыңғырлау ауданы