24.04.2025, 18:00
Оқылды: 275

Бөрлі ауданы: Кешегі Святодуховка, бүгінгі Қарағанды ауылы

Өзен бойында қарағанның көп өсуіне байланысты сол жердегі ауыл Қарағанды деп аталған деседі. Кейіннен, дәлірек айтқанда  1908 жылы Столипиннің аграрлық саясатының  жүзеге асырылуымен, Украинаның Запорожье  өлкесінен украина ұлт өкілдер көптеп көшіп келеді де, ауыл Святодуховка атанады.  Бұл ауылда ескіше білім беретін мешітте ауыл балаларына Габидулин ұстаздық етсе, бастауыш мектепте 50 бала білім алған. Сонымен қатар ауыл орталығында шіркеу ашылып, оның діни уағыздаушысы Урожай Михаил болған. 

«Гиганттан» басталған кеңестік кезең 

Святодуховка  ауылынан азамат соғысына 15 адам қатысқан. Қызылдар мен ақтардың қырылысын біраз көрген ауылға 1922 жылы  түпкілікті кеңес үкіметі орнаған.  Ауылдың  ең бірінші коммунистері:  Шушура Николай, Коволенко Трофим. Святодуховка ауылында «Гигант» колхозы құрылған. Оның құрамына енген 13 ауыл көп ұзамай тарап, бірнеше ұсақ қолхоздар құрылған.  Осы жылы Святодуховка  ауылы, колхоз Буденовка болып өзгертілген.

 

Колхоз төрағасы Тарасенко соғысқа дейінгі кезең 1929-1933жж.

Колхоз төрағасы Тарасенко соғысқа дейінгі кезең 1929-1933жж.»(Сурет)

1933- 34 жылдары  Буденовкада МТС (машина тракторный станция) құрылған. МТС –қа келісім бойынша көптеген ауыл шаруашылық техникалары  трактор,  комбайндар   берілген.

Соғыс оңай болған жоқ

Соғыстың алдында  Буденный   аталған  колхозды  П.Я. Клименко  басқарған. ҰОС  300- ден  астам  ауыл  тұрғындары  шақырылып, 117 қайта оралмаған. Оның ішінде  колхоз басшысы Клименко да бар.

Соғыс  кездері  1941 жылғы күздің  соңында  Батыстағы тыл еңбеккерлері қоныс аударған.  Олардың ішінде  өзінің трактор бригадасымен бүкіл елге мәлім П.Н.Ангелина болды. Бұл П.Н.Ангелинаның отбасылық бригадасы еді. Бұл бригадаға  жергілікті  механизаторшы әйелдер: М.Пашко, М.Тарасенко, Е.А.Лавриненко, Е.Т.Соловьева, Е.С.Дорошенко,Е.Тележенко  жұмысқа алынды.

Соғыс  жылдары  егіс даласында П.Н. Ангилинаның екі бірдей  бригадасы жұмыс жасады, оның біреуінде Е.Шакун басшылық жасады. Бригада құрамында: Е.В.Галюк, П.Ф.Галюк, Е.К.Мисюра, У.П.Гергелевич, А.Х.Мановицкая, Е.П.Глушко, Е.Д.Шакун  еңбек етті. Соғыс жылдары  ауылдың   ауыр  тұрмысы, әйелдер  және қарттар мен жасөспірімдердің иығына түсті. Олар егін егіп, шөп шабу, шыққан өнімді жинау, мал  азығын жинау, қыстан малды аман  алып қалу сияқты ауыр жұмысты бір кісідей атқарған.  Осы  жылдары көптеген жасөспірімдер Гурьев қаласына аэродром салуға жіберілген.   Соғыстан кейінгі жылдар

1946 жылы майдан даласыннан  оралған жауынгерлерден  МТС –на арнайы  дизерлік трактор бригадасы құрылды.  Оның басшысы  И.Е.Демченко болды.Тракторшылар: Г.Савчук , В.Богомол, И.Белозуб тағы басқалар. 1947 жылы В.Ф.Тарасенко Кеңес одағының батыр атағын  алып, туған ауылына оралды. Колхозшылар соғыс кезінде тоқтап  қалған шаруашылықты өркендету үшін аянбай еңбек етті. 1954 жылы тың және тыңайған жерлерді игеру  басталды. Оған И.А.Холод басшылық   жасады. Жаңа техника  алған  тың игерушілер  тек өздерінің  колхоздарында  ғана емес  басқа да шаруашылықтарға  жіберіліп отырды. Ауылымыздың алғашқы тың игерушілері: И.И.Шешелев, А.И.Демиденко, В.Н.Швецов, В.Д.Брюсов болды.  Бұл кезде колхоз басшысы қызметін П.В.Бовть атқарды.  1958 жылы МТС –РТС болып қайта құрылды.( РТС ремонтный технический станция) РТС-тің жетекші басшысы, тәжірбиелі механизатор К.А.Сидоренко, ал бас механигі болып –Н.К.Зиновий тағайындалды. Теректі ауданы бойынша  РТС базасында ауыл  шаруашылық   механизаторлар училищесі ашылды. Бұл оқу орнында жан жақты механизаторлар, ауыл шаруашылық  қызметкерлері,  жүргізуші кейінен к-700  механизаторлары және аспазшылар  дайындалды.   Кейінен  бұл оқу орыны  СПТУ -99  болып өзгертілді. 1981  жылы  Ақсай қаласына көшіріліп,  қазіргі  таңда  (АТК)  СПТУ -15 өзгертілді.

Өрлеу жылдары. Миллионер колхоз.

1960 - 80 жылдар аралығында 2 қабатты мектеп, аурухана, монша  жаңа әкімшілік  ғимараттары  және көптеген үйлер салынып, балабақша жаңартылды. Ауылда  ауылшаруашылық  тұтынушылар орталығы  жұмыс  жасады. 1950 жылы И.С. Доля осы орталықты басқарды. 1967 жылы ауылда  Мәдениет үйі ашылды. Мәдениет үйінің  алдында  екі тарихи  ескерткіш  тұрғызылды. Біріншісі Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлестерімізге арналған ескерткіш. Ал  екіншісі  қоғам немесе саясаткер большевик  С.М.Кировқа  арналған  ескерткіш. С.М.Кировтың  атымен колхоз және  ауылдағы орта мектеп аталды.  Жоғарыда аталған құрылыс нысандарының көп бөлігі тәжірбиелі прораб, Ұлы Отан соғысы ардагері  Манукян Гурген Ашотовичтің  құрылыс бригадасының  басшылығымен салынды.  Сол  уақытта су құбыры және   Р.П. Костенконың басшылығымен   май заводы іске қосылды. Заводтан «Экстра»  майы  және ірімшіктердің  әртүрлі түрлері экспортқа шығарылды.  Сол мезгілде колхозда  көптеген  өзгерістер болды. Егістік  бригадалары бірігіп  комплексті №1,2,3 бригадалары ұйымдастырылды. Оларға М.П.Панченко, И.А.Холод, Г.П.Ганненко  басшылық  етті. Ерен   еңбектері үшін және ауыл шаруашылық  өнімін  өндіруде қол жеткізген нәтижелері үшін көптеген колхозшыларды бүкіл одақтық ауыл  шаруашылық өнімдерінің көрмесіне Мәскеу қаласында  өткен іс-шараға шақырылып, ол  жерде М.П.Панченко, П.И. Божкоға мемлекеттік наградалар,  Н.П. Дмитрук Ленин орденімен марапатталды. 1958 жылы Буденный колхозы Киров атына ауыстырылды. Колхоздың экономикасының дамуына түлкен үлес қосқан басшылардың бірі ретінде  А.П.Сухинді атап өтуге болады. Ол кісі  26 жыл колхоз төрағасы болып  еңбек  етіп, басшылық  еткен жылдар арасында колхозды миллионер  атандырған.

1987 жылы  колхоз төрағасы болып, П.П.Немировский сайланды. Жаңадан салынған  аң фермасы,  жастарға арнап салынған  жаңа үйлер, орталық парк осы кезеңнің жемісі. Тоған жасалып, оған бірнеше балық түрлерінің жіберілуі, жеміс ағының отырғызылуы ауылдың еңсесін көтере түсті.  Музыкалық мектеп, екі қабатты балабақша, оның ішінде би залы мен бассейн, кулинария осы өркендеу жылдарына тиесілі. Ал ауылды газдандыру, мектептің үздік түлектеріне колхоз есебінен   жоғары оқу орындарына гранттар бөліп отыру ауыл тұрғындарының өз ауылына деген құрметін арттыра түсті.   В.П.Панченконың басшылығымен құрылған «Ромашка» вокальдық тобы     аудандық, облыстық және бүкіл одақтық байқаулардың лауреаты атанды. Сөйтіп, Батыс Қазақстан энциклопедиясына жазылды.

Қазіргі мәдениет үйі

Жаңа уақыт

1990 жылдан бастап жаңа уақыттың лебі бұл ауылды да шарпымай қалған жоқ. Колхоздар ыдырап, көші-қон басталды.  ЖШС  негізіне  бірнеше жеке  шаруа қожалықтары ұйымдастырылды. Он жеке  шаруашылық жұмыс жасап, оның екеуі шөп шабумен, қалғандары  әр түрлі астық өнімдерін  егумен айналысты. Ауылда   «Исаева», «Согоян»  жеке кәсіпкерліктері жұмыс жасады.

1996 жылы Киров селолық округінің әкімі болып Абдрахманов Исентай Ермекқалиұлы тағайындалды. Ауыл шаруашылығын жандандыру мақсатында жеке шаруашылықты дамытуға байланысты ауыл халқына үкімет тарапынан жер бөлінді. Жеке шаруашылыққа көмек көрсету үшін шетел компаниялары тартылды. 2003 жылдары толықтай газдандыру, байланыс аппараттарымен  қамтасыз ету қолға алына бастады. 2007 жылы мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында су құбырлары жүргізіліп, ауыл халқы ауыз сумен қамтамасыз етілді. 2008 жылы Исентай Ермекқалиұлы  құрмет демалысына шығуына байланысты Киров селолық округіне Ақмамбетов Дастан Тлекқалиұлы  әкім болып тағайындалды. 2009 жылы Beeline байланысы іске қосылып, әрбір үйге жеткізілді. Жаңа иондық тазалау мен жабдықталған су құбыры бар ауылға  2011 жылы барлық  үйлер газбен жылытылатын болды. Ал 2014 жылы спорттық ойын алаңы салынды.

  Қазіргі таңда

 Қазір ауылда  400 адамға арналған мәдениет  үйі, мектеп және ауыл кітапханасы жұмыс  жасайды. 2009 жылы Қарағанды ауылындағы ауылдық фельдшерлік пункті және мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілді. 2016 жылы мектеп мұражайы құрылды, онда ауыл тарихымен тығыз байланысты жәдігерлер жетерлік.

 

Қарағандыда әп-әсем  мектеп-балабақша кешені бар. Онда 87 оқушы білім алуда. Мемлекетіміздің қолдауымен «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жолдама алып, тұрақтанып қызмет атқарып жатқан жас мамандарымыз да жетерлік.  Қарағанды мектеп-балабақша кешені жанынан 25 балаға арналған  шағын балабақша жұмыс істейді. Сонымен бірге жас маман С.Тулеугалиева «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық фельдшерлік пунктке жұмысқа орналасып, қазіргі таңда басшылық етуде.

2017 жылдың тамыз айында ауыл әкімі болып Бибігүл Амангелдіқызы Сағидулина тағайындалды. Ауылдық округтегі қауымдастық кеңесімен бірлесіп, ауылдың болашағы туралы құрылған жоспарға сәйкес, осы жылдар ішінде  ауылымызда жаңадан 5 шаруа қожалығы, 3 жеке кәсіпкерлігі ашылды.  «Жас кәсіпкер» бағдарламасы арқылы 14 тұрғын оқытылып, соның ішінде 6 азамат грант ұтып алып, өз кәсіптерін ашты.

Қарағанды ауылының тұрғындары ауылдарын жақсы көреді және оның болашағына сенеді.

Дариға Нұрашова,  

Бөрлі ауданы

Қарағанды (3) Қарағанды (1)

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале