Жаз айларының тым ыстығы дихан ағайын үшін үлкен мәселе. Жауын-шашынның аздығы егіншілікке де, көкөніс шаруашылығына да аса кедергі. Бұл өзекті жайттың шешімі – жаңа технологиялар күшін пайдалану. Қазіргі уақытта тамшылатып суғару әдісі қолданысқа ыңғайлы және нәтиже көрсетіп жүрген тәсіл. Тек бұл бағыттағы технология, жабдықтар қымбат немесе қолжетімсіз. Осы орайда Бөкей ордасы ауданына тамшылатып суғару әдісі технологиясын әкелу қолдану бағытындағы әрекеттер қолға алынып жатыр.
Жуырда ауданымызда суармалы егістікке арналған заманауи техникалар мен құрал-жабдықтар шығаратын ірі компания делегациясы іссапармен болды. Бұлар аты әлемге танылған, көптеген елдермен осы бағытта тығыз қарым- қатынас орнатқан «DEBOND» компаниясының өкілдері болатын. Компанияның бас директоры QU FUWEI және компанияның бас инженері FAN YODONG аудан басшысы Мұрат Өмірәлиевпен және жергілікті кәсіпкерлермен жүздесіп, өз компанияларының жаңалықтары, мүмкіндіктері және суармалы егіншілік өсірудегі өздерінің әлеуетімен таныстырды.
Жиынға БҚО ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин, ауылдық округ әкімдері (ZUMM платформасы арқылы), ауданның дербес мекеме басшылары, жергілікті кәсіпкерлері қатысты.
«DEBOND» компаниясы жоғарыда айтып өткеніміздей, суармалы егістік технологияларын шығаруда әлемге танылған компания. Олар заманауи озық шешімдерді енгізе отырып автоматты-электроникалық бағдаламалармен қамтылған суғару кешенді жүйелерін, ауылшаруашылығы техникаларын шығарады. Компания директорының айтуынша компания әлемдік нарықта 15 жылдан бері жұмыс жасап келеді, ал Қазақстан нарығына өткен жылдан бері еніп, қазақ фермерлерімен бірқатар жобаларды жүзеге асырып үлгерген.
Аталмыш компанияның кешенді суғару жүйелері біздің жергілікті кәсіпкерлерді қызықтырып отыр.
Қаршыға Елемесов,
Шыңғырлау ауданы