Жуырда ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллин Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаевтың шақыруымен аталмыш ауданға арнайы барып, жергілікті жұртпен жүздесіп қайтты. Түске дейін ардагерлер, аудандық мәслихаттың депутаттары, мемлекетттік қызметшілер және аудан жастарының өкілдерімен, ал түстен кейін білім және мәдениет саласының қызметкерлерімен кездесу барысында Бауыржан Файзоллаұлы кең байтақ қазақ даласындағы Құрылтай шақыру тарихына, 2022 жылдан бері жаңарып-жаңғырған ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың бағыт-бағдары мен мән-маңызына тоқталып өтті. Ал жаңақалалықтар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды.
– 2022 жылы Ұлытауда өткен қазіргі заманғы қазақ құрылтайының алғашқы алқалы жиынында өзім мемлекет басшысының назарына мемлекеттік шекара маңындағы елді мекендер тұрғындарының мұң-мұқтажына жіті көңіл бөлу, мемшекараға тым таяу ауылдарда тұрақты қызмет істейтін мамандардың жалақысына шекаралық коэффицент қосу, ел ішінде, әсіресе қазақ арасында дәстүрлі исламды нығайту, отандық жеңіл өнеркәсіпті қайта түлету, әскердегі тәртіпті нығайту, 2001 жылы Орал қаласының түбінен табылған ортағасырлық Жайық қаласының жұртын аспан асты музей кешеніне айналдыру сықылды бірнеше мәселені ұсынған болатынмын. Бүгіндері тарихи шаһар Жайық жұртын ашық аспан аясындағы музейге айналдыруға қатысты алғашқы қадамдар жасалуда. Штат бөлініп, мамандар іріктелуде. Бұл жоба-жоспардың екі бірдей үлкен мән-маңызы бар.
Біріншіден, Жайық шаһарының жұртын ашық аспан аясындағы музей кешеніне айналдыру арқылы біз өзіміздің ұлттық тарихымыздың түп-тамыры тым тереңде екендігін айшықты мысалмен, айқын дәлелмен айдай әлемге паш етеміз. Үшбу фактордың қазақстандық қоғамдағы тұрақтылықты нығайту үшін қоғамдық-саяси тұрғыдан мән-маңызы өте зор.
Екіншіден, ортағасырлық шаһардың орны музей кешеніне айналған жағдайда біздің өңірдің ішкі-сыртқы туристік тартымдылығы күрт артары күмәнсіз. Әсіресе алысты-жақынды шетелдерден туристер ағынының күрт жиілеуі жергілікті бюджеттің бүйрегін бұлтитар, яғни қазынаға құйылар қаржы-қаражаттың еселенуін қамтамасыз етер негізгі кіріс көздерінің біріне айналады.
Ал осыдан бір ай бұрын Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың биылғы алқалы жиынында жасаған баяндамасында Президентіміз шекара маңындағы аудан-ауылдарға қатысты арнайы заң қабылданатындығын айтып қуантты. Бұған қоса Бурабай құрылтайында Қасым-Жомарт Кемелұлы жас ұрпақ тәрибесі, сауатты ономастикалық саясат, әділ салық жүйесін қалыптастыру, цифрлық технология, жасанды интеллект, еліміздің көлік-логистика әлеуетін тиімді пайдалану, туризмді дамыту, ғылыми қалашықтар жасақтау, ядролық энергетика кластерін қалыптастыру сияқты біраз көкейкесті мәселелерге айрықша тоқталды, - дей келе Б. Ғұбайдуллин ендігі кезекте аңақалалықтардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түруге пейіл танытты.
Әлихан Досмұхамбет, қоғам белсендісі:
– Менің ойымша, ұлттық идеологиялық бағыттағы жұмыстарды әлі де жандандырып, батыл жүргізу керек. Қазақ халқының тарихына қатысты алысты-жақынды шетелдердің архивтеріндегі дерек-дәйектерді жинастыруға сергек қарап, ұқыптылық танытқанымыз абзал. Тағы бір айтпағым, қазіргі күрделі халықаралық жағдайға байланысты біздің облыстың оңтүстік аудандарының қорғаныс әлеуетін күшейткен жөн деп есептеймін.
Айтуған Шарафутдин, еңбек ардагері:
– Киіктің күрт көбеюі біздің өңірдің оңтүстік аудандарының мал-жанын үлкен қиындыққа душар етуде. Алдымыздағы төрт түлік мал – біздің тұрмыс-тіршілігіміздің, табыс-кірісіміздің негізгі көзі. Ал енді қаптаған киік шабындыққа да, жайылымға да орасан зор зиянын тигізуде. Қарапайым шаруа адамын зарлата бермей, осы киік санын реттеудің бір оңтайлы жолын табу керек.
«Естіген құлақта жазық жоқ» деген бар ғой, Ресей жағы біздің жақтағы полигондардың аумағына қатысты жерлердің кейбір бөлігін кері қайтаруда дегенді естуім бар. Егер тап осы рас болса, сол полигоннан босаған аумақтарға қарай киіктерді неге ығыстырмасқа?..
Лариса Диярова, №3 Жаңақала жалпы орта білім беретін мектептің директоры:
– «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы мектептегі тәлім-тәрбие жұмыстарын жүйелей түсті. Сөйте тұра, бұл бағытта әлі де жетілдіретін жұмыстар баршылық. Мысалы, шәкірттеріміз жат діни ағымдарға арбалмауы үшін мектеп басшыларына, сынып жетекшілеріне, мектеп психологтарына арналған 4-5 күндік тегін курстар, арнайы семинарлар ұйымдастырылса дейміз. Өйткені жеткіншектер жат діни ағымнан, жаман нәрседен іргені біржола аулақ салу үшін ең алдымен педагогтардың өзінде бастапқы діни сауат болғаны дұрыс деп санаймын.
Мектеп басшысы ретінде мені тағы бір толғандыратын мәселе, қазіргі стандарт бойынша 500 оқушыға бір психолог маман бөлінген. Ал мектеп психологы іс жүзінде тек оқушылармен ғана емес, баласы тәртіпсіздік жасаған немесе үйінде қолайсыз жағдай туындаған ата-анамен де, оған қоса өзін психологиялық тұрғыдан жайсыз сезініп жүрген мұғалімдермен де жұмыстанады. Міне, осындай жағдайды ескерер болсақ, 500 оқушыға бір психолог, әрине, аздық етеді.
Қазбек Әлмұқанов, педагогика ғылымының магистрі, Пятимар жалпы орта білім беретін мектептің директоры:
– Біраз жылдан бері айтылып келе жатса да, оқулықтарға қатысты олқылықтардан әлі арылар емеспіз. Пікірім жұтаң-жалаң болмауы үшін өзім сабақ беретін қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәніне қатысты бірер пікір айтайын. Әсіресе «Қазақ әдебиеті» оқулығында олқылық көп. Алдымен сол баяғы бағдарламаға келіп тірелеміз. 5-сыныптан бастасақ, берілген тапсырмалар оқушылардың жас ерекшелігін мүлдем ескермеген. (Оқулық ауторлары: С. Ч. Тұрсынғалиева мен Р. Зайкенова «Арман-ПВ» баспасы 2017 жыл) Бірінші тарау «Таза, мінсіз асыл сөз» «Керқұла атты Кендебай» ертегісі 5-тапсырма реттік саны бойынша жетінші бөлімінде: «Өздеріңді режиссер ретінде сезініп, ертегі мазмұны бойынша киносценарий жазыңдар. Әр кадрға атау беріңдер. Ертегі-киноларыңды қалай атар едіңіздер? Ертегі-киноларыңа атау беріп, «Керқұла атты Кендебай» мультфильмімен салыстырыңдар» деп келеді. 5-сынып оқушысы түгіл бес жыл сол киногер мамандығына оқып жүрген кез келген студентің сценарий жаза алар ма екен?! Күдік-күмәнім басым.
Тағы бір мысал: 10-сыныптың «Қазақ әдебиеті» оқулығында Айгүл Кемелбаеваның «Шашты» әңгімесін оқып, талдауға 16 сағат, ал 11-сыныптың «Қазақ әдебиеті» оқулығы бойынша Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын оқып талдауға 16 сағат берілген. Байқадыңыз ба, бір әңгімені оқып талдауға да 16 сағат, сондай-ақ тұтас роман-эпопеяны оқып, талдауға 16 сағат қарастырылған. Ешқандай негізі жоқ қарама-қайшылық, әрі бұл бірлі-жарым ағаттық емес. Мұндай олқылықтар басқа пәндердің оқулықтарында да ұшырасады...
P.S. Жүздесудің соңын ала Ұлттық құрылтайдың мүшесі Б. Ғұбайдуллин жаңақалалықтарды толғандырған көкейкесті мәселелер жазбаша түрде ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың хатшылығына қоса, тиісті министрліктер мен құзырлы мекемелерге жолданатындығын, әрі Қызылорда құрылтайында да көтерілетіндігін тілге тиек етті.
Ал аталмыш жиынға қатысқан Жаңақала ауданының әкімі А. Көшкінбаев жергілікті жұртты жас ұрпақ тәрбиесіне жүйелі түрде жауапкершілікпен қарауға, «Таза Қазақстан» акциясына үлкен-кішіні бірдей белсенді қатысуға, қоғамдық тәртіпті халық пен билік болып, бірлесе нығайтуға, жолда жүру қауіпсіздігін жаппай сақтауға және газет-журналдарға, әсіресе облыс өмірінің айнасы – «Орал өңірі» газетіне белсенді жазылуға шақырды.
Бақытжан Әлжан,
Жаңақала ауданы