22.11.2021, 14:30
Оқылды: 195

Жоғары оқу орындарының пікірсайысшылары БҚАТУ-да бас қосты

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде 17-19 қараша күндері «Zhangir cup II» республикалық пікірсайыс турнирі өтті.

DSC00498

17 қараша күні салтанатты түрде ашылған пікірсайыс додасы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және реформатор, ағартушы Жәңгір Бөкейұлының туғанына 220 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Университеттің жастар бастамасын дамыту орталығы мен «Рух» пікірталас орталығы ұйымдастырған турнирге 11 облыстың пікірсайысшылары қатысты.  Басты мақсат – жастардың бойындағы патриоттық сезім мен отансүйгіштік қасиетін нығайту, тарихымызды дәріптеу, дебат қозғалысын дамыту, тәжірибе алмасу.

БҚАТУ-дың Жастар бастамасын дамыту орталығының директоры Асхат Өкшебаев студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының жұмысында дебаттың алар орны ерекше екенін атап өтті.

– Дебат ойындары жастардың сөйлеу мәнерін, ойлау қабілетін дамытып, шешендік өнерге тәрбиелейді. Бұл жолғы пікірсайыс турниріне Батыс Қазақстаннан бөлек 10 облыстың командаларын тартудың өзі – үлкен жетістік. Бұл дебат қозғалысының жастар арасында кеңінен дамып келе жатқанын байқатады, – деді Асхат Ерболатұлы.

DSC00471

Турнирге қатысушы Ақтөбе облысындағы Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік университетінің «Алашорда» пікірсайыс клубының құрылғанына көп болмаса да, құрамындағы ойыншылар – тәжірибелі пікірсайысшылар.

– Біз – университетіміздегі пікірсайысшылардың аға буын өкілдеріміз. Бұл Оралға дебат ойындары сайысына екінші мәрте келуіміз. Жәңгір хан университетіндегі «Рух» пікірталас орталығының мүшелерімен де бұрыннан таныспыз. Бізді достастырған да – осы дебат қозғалысындағы белсенділігіміз. Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қатысушылар еліміздегі ғана емес, әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелерді де талқылады. Әсіресе, дебат ойындарына төменгі курс білім алушыларының көптеп қатысқаны қуантты. Пікірсайыс барысында Ақмола, Атырау, Қостанай облыстарынан келген фракциялармен кездестік. Барлығы жақсы дайындықпен келген, – деді аталмыш университеттің 4-курс студенті Батыр Дүйсенбек. Жалпы жастарды соңғы кезде дебат қозғалысын қолдауға көбірек көңіл бөлініп жатқаны қуантады.

Үш күнге созылған пікірсайыс байқауының жеңімпаздары 19 қарашада анықталып, жеңімпаздар марапатталды. Турнир нәтижесі бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Алтын сапа» және Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің «Кемел» пікірсайыс клубтары жеңіске жетті. Жүлделі екінші орынға Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Алаш орда» клубы («Алаш» фракциясы) ие болса, үшінші орынды осы жоғары оқу орнының «Заман біздікі» клубы («Ақтөбе арланс» фракциясы) иеленді.

Жастар финалының қорытындысы бойынша М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің «Жалын» клубы – бірінші, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің «Ахмет ұрпақтары» клубы – екінші, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Заман біздікі» клубы («Чип энд Дэйл» фракциясы) үшінші орындарға қол жеткізді. Сонымен қатар «Үздік спикер», «Үздік делегация», «Үздік талпыныс», «Үздік төреші» номинацияларының да жеңімпаздары белгілі болды.

БҚАТУ медиа орталығы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале