22.09.2026, 15:30
Оқылды: 6

Жол ережесін қайта-қайта бұзғандар куәлігінен бір жылға айырылуы мүмкін

Қазақстанда жол ережесін бірнеше мәрте және өрескел бұзған жүргізушілердің куәлігін бір жылға тоқтатуды көздейтін баллдық жүйе пысықталып жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Үкімет отырысында мәлімдеді, - деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

IMG_2497

Сурет: baq.kz

Министрдің айтуынша, айыппұлды елемейтін жүргізушілерге қатысты қосымша шаралар қажет. Ұсынылып отырған жүйе әрбір заңбұзушылық пен оның ауырлығын ескереді.

- Қазіргі уақытта, айыппұлды елемейтін «өрескел» құқық бұзушылар бар. Олармен күресу мақсатында «баллдық» жүйені енгізуді пысықтаудамыз. Ол – әрбір заңбұзушылықты және оның ауырлығын ескереді. Айыппұлмен қатар, бірнеше мәрте және ауыр бұзушылықтар үшін – жүргізуші куәлігін 1 жылға тоқтату көзделеді. Тиісті түзетулерді Құрылтайдың қарауына енгіземіз, – дейді ведомство басшысы.

Сәденов такси қызметіне қойылатын бақылаудың да күшейтілгенін айтты. Агрегаторларға такси ретінде тіркеуге жол бермеу үшін 70 мың оң рульді көліктің тізімі жіберілген.

- Автотасымал саласы – ерекше бақылауда. 2025 жылдан бастап такси агрегаторларына бақылау күшейтілді. Олармен цифрлық ақпарат алмасуды жолға қойдық. Мысалы, оларға 70 мың оң рульді көліктердің тізімі жіберілді. Олар енді такси ретінде тіркеле алмайды. Сондай-ақ, жүргізуші куәліктерін автоматты түрде тексеру енгізілуде. Яғни, күәлігі жоқ адамдар жұмыс істей алмайды, – дейді Сәденов.

Министр Көлік министрлігі мен такси агрегаторларына жүргізушілердің рейс алдында медициналық тексеруден өтуін, көліктердің техникалық тексеруі болуын бақылаудың нақты тетігін әзірлеу қажетін атап өтті.

- Жалпы, Ішкі істер министрлігі, өз кезегінде, жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру бағытында қажетті шараларды қабылдауда. Ең үздік халықаралық тәжірибені зерделеп, енгізіп жатырмыз, – дейді министр.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале