18.08.2022, 10:16
Оқылды: 193

Жымпитының жолдары жетімсіремесін

Сырым ауданының орталығы – Жымпиты ауылы облыстың күретамыры – Самара – Шымкент автожолының бойында жатыр. Күретамыр деп айтуымыздың себебі – М-32 трассасы Еуропаға жалғайтын төте жолдың бірі. Сондықтан осы автожолмен жүретін жүк көлігі де көп, жеңіл автокөліктер легі де үзілмейді. Әттең-айы күрежолға қақпа болып отырған Жымпитының жолы оңалмай тұр. Осы ауылдан Орал қаласына қарай шыға бере, автокөліктерге шұрқ тесік жолдан абайлап жүруге тура келеді. Жолдың беті ойдым-ойдым болып жатыр. Осындай ірі автожол желісімен көліктер сағатына 110 шақырым жылдамдықпен еркін зулап өтуі тиіс. Бірақ темір тұлпарды тізгіндегендер жылдамдықты еріксіз баяулатады. Түн ішінде көлік жүргізудің өзі бір ақырет. Кейбір автокөлік қазаншұңқырға ұрынып, жол бойында шоңқиып қалып жатқаны анық. Бір жеңіл көліктің иесі кешқұрым аңдамай қалып, осы тұста дөңгелек дискісін жапырып алғанын айтып еді. Қазаншұңқыр десек, әсірелей жазғанымыз емес, әр шұңқырдың тереңдігі толарсақтан асады. Ал шұңқырлардан айналып өту үшін жалт бере қашқан аутокөліктер мөңки шауып, бас бермей жүрген бейне асау аттар секілді. Осыдан кейін жол қозғалысының қауіпсіздігі туралы әңгіме қозғау артық екенін түсінесіз. Жаз айларын орталай келе, шұңқырларды бітей салу үшін шыққан техникалардың қарқыны баяу. Республикалық маңыздағы автожолдың жай-күйін қадағалайтын оператор – «Қазавтожол» ҰК» АҚ. Осыған байланысты «Қазавтожол» ҰК» АҚ БҚО филиалының директоры Қазбек Мәмбетовке сауал қойған едік.

5

Көптеген ақаудың пайда болуына байланысты М-32 «РФ шекарасы – Шымкент» республикалық маңызы бар автожолының 330-408 шақырым аралығы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Қазіргі уақытта осы жол бөлігін уақытша күтіп ұстау жүктелген «Қазақавтожол» ЖШС БҚО филиалының ДЭУ-39 мекемесі (Жымпиты ауылы) автожолдың 356 шақырымнан 408 шақырымға дейінгі бөлігіндегі шұңқыр- шоқалақтарды тегістеді. Енді автожолдың 330-шақырымында әлгіндей сипаттағы жұмыс жалғасуда. Автожолдың осы бөлігі орта жөндеуден кейін 2020 жылдың 25 қарашасында пайдалануға берілді. Құрылыс мердігері – «БекетСатЖол» ЖШС өзі жөндеген жол бөлігін 2022 жылдың 25 қарашасына дейін күтіп ұстауға кепілдік берген еді. Алайда 2021 жылдың 7 сәуірінде мердігер келісімшарт бойынша бекітілген 19 812 920 теңге мөлшеріндегі кепілдік жарнасын қайтарып, өз міндеттемесін орындаудан жазбаша түрде бас тартты.  Мердігер бұл жолды әуел бастан сапасыз жөндеген. Жолдың бастапқы негізгі қабаты талапқа сай салынбағандықтан, асфальт беті ойдым-ойдым болып ойыла береді. Ал үш жыл кепілдік мерзімі өтпей, жөндеу жүргізе алмаймыз. Соған қарамастан келесі жылы орташа жөндеу жүргізуге қаражат сұрап отырмыз. Ең дұрысы, осы бөлік бойынша күрделі жөндеу қажет. 2004-2006 жылдары аутожолдың 330-408 шақырым аралығы қайта жаңғыртылды. Содан бері жолға күрделі жөндеу жүргізілген жоқ, – деді Қазбек Мәмбетов.

«Бақсам, бақа екен» демекші, орташа жөндеу жүр-гізген мердігер «Шу, қарақұйрық!» деп, былтыр кепілдік келісімшартын бұзып, өз жөніне кете барыпты. Ал бүгіндері әлгі мердігер Казталовка – Жәнібек – РФ шекарасы автожолы бойынша ірі құрылыс жобасына қатысып жатыр. Яғни, Жәнібектен РФ шекарасына дейінгі 7 шақырым жолды күрделі жөндеуден өткізуі тиіс. Бұл жолы аталмыш мердігер сенімді қаншалықты ақтайтынын уақыт көрсетеді. Бұдан бөлек айтарымыз, биыл Сырым ауданы бойынша жергілікті маңызы бар жолдардың бір де бірі жөнделмейді. Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте аудан әкімі Төлеген Төреғалиев биыл Ақсай – Жымпиты автожолының 6 шақырым бөлігі және Самара – Шымкент автожолының 408-443 шақырымындағы бөлігі жөнделіп жатқанын хабарлады.  Аудан әкімдігі жергілікті маңызы бар бірқатар жолдың жобалық-сметалық құжаттарын ғана дайындап, қолда ұстап отыр.

– Бұлан ауылы мен Жұмағазы хазірет кесенесіне дейінгі кіреберіс жолдардың және Жымпиты ауылішілік жолдарының жобалары дайындалып, тиісті басқармаларға ұсынылды. Сондай-ақ Шағырлой, Қособа, Аралтөбе ауылдарының кіреберісіндегі жолдарға орташа жөндеу бойынша ЖСҚ жасақталып, сараптама өткізілді. Одан бөлек Бұлдырты мен Өлеңті ауылішілік жолдарын жөндеуге жоба жасақталуда, – деген еді аудан басшысы.

7

Облыс бойынша жергілікті жолдар желісін дамыту үшін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жергілікті жолдарды дамытуға республикалық бюджеттен 23,8 млрд және жергілікті бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінген. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда, қаржы көлемі 2-3 есе көп. Сөйте тұра, биыл Қаратөбе мен Жымпиты аудандарындағы жол жобаларына қаржы бөлінбеген. Бұл жөнінде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Менеев хабарлады. «Былтыр Бұлан ауылының кіреберіс жолы және әулие Дәдем ата кесенесіне дейінгі жолды жаңғырту жобаларын қаржыландыру жөніндегі Көлік комитетіне бюджеттік өтінім жолдадық. Бірақ олардың жобалық-сметалық құжаттамалары 2019 жылы жасақталған. Қазіргі уақытта құрылыс материалдары қымбаттады. Соған байланысты аталған жол жобалары тиімсіз деп танылып, қайтадан түзетуге жіберілді. ЖСҚ-ға түзету енгізілгеннен кейін тағы да бюджеттік өтінім жолдаймыз», – деді сауалымызға Айдар Менеев.

6

Биыл Сырым ауданы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасынан да құралақан қалған. Облыстың көлік инфрақұрылымының дамуына зор үлес қосуы тиіс ауданның аутожол желісін дамыту басты назарда болуы тиіс. Сөз орайы келгесін айта кетейік, Жымпиты – Орал мен Ақтөбе қалаларының арасында орналасқан тарихи ауыл. Ал Орал – Ақтөбе жолының ұзындығы – 475 шақырым. Бірақ осы жол бойында Жымпитыға қанша шақырым қалғанын көрсетіп отыратын көрсеткіш белгі мүлдем сирек. Жайық жағасындағы шаһардан шыға бере, бір-ақ қана белгіні көзің шаласың. Яғни Жымпиты елді мекеніне дейінгі қашықтықты көрсететін белгі (панно) Подстепный ауылында (262 шақырым тұсы) орнатылған. Республикалық автожолдар бойындағы сервистік орталықтарды дамыту – бөлек мәселе. Кейінгі жылдары аудан орталығында бірнеше аутокемпинг ашылғаны көңіл қуантады. Десек те, Сырым ауданы маңызды жобалардан сырт қалмауы тиіс деп есептейміз.

Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале