2.03.2023, 20:53
Оқылды: 13

Ақобада мектеп салынады, Күйгенкөлге су жаңа автокөлік беріледі

Бүгін аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиев Ақоба және Күйгенкөл ауылының тұрғындарымен жүздесті. Ауданның кешегі һәм бүгінгі әл-ауқатына кеңінен тоқталып, болашақта атқарылатын жұмыстармен бөлісті. Есеп беру мақсатында жүзеге асқан кездесуге аудандық полиция, ветеринария, жұмыспен қамту бөлімдерінің басшылары қатысты.

WhatsApp Image 2023-03-02 at 18.51.05

Аудан әкімнің орынбасары Асхат Хамитұлы Ақоба ауылына 108 орындық мектеп салынатын болды деген ақжолтай хабарды жеткізді және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу тендерін Арман Ысқақовтың «Батыс алға» мекемесі жеңіп алғанын, оларды қадағалау аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің құзырында екенін жеткізді. Су құбырларын жаңарту туралы жобалық-сметалық құжаттың сараптамадан өтіп, жүзеге асатынын айтты. Еркін түрде өрбіген жүздесуде халықтың ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Ақоба ауылының тұрғыны зейнеткер Мұрат Мұхамбетқалиев аудан әкімдігінің жоспардағы бағдарламасына ризашылық білдіріп, бөгеттерді жөндеу, ауыл шаруашылығын дамыту туралы өз пікірін білдірді. Оған қоса аталмыш ауыл азаматы Ғинаят Қасенов әлеуметтік мәселелер тұрғысында өз өтінішін білдірсе, Қазбек Құбашев ауылдың тазалық жұмыстарын бақылауды ұсынды.

WhatsApp Image 2023-03-02 at 16.56.30

-Тоғандар мен бөгеттерді тазалау жұмысы жайында халықтың сұранысы ретінде облыстық табиғи ресурстарын бақылау басқармасына мәліметтерді жеткізу бойынша жұмыстанамыз. Ауыл шаруашылығына келгенде мемлекет тарапынан қолдау белсенді. Мемлекеттік гранттар, төмен пайыздағы несиелер, қайтарымсыз гранттар сынды бағдарламалар жүзеге асып келеді. Біз ниет білдірген жандарды тек қолдаймыз, - деді аудан әкімінің орынбасары.

WhatsApp Image 2023-03-02 at 16.56.29
Күйгенкөл ауылында жалғасқан жиында да ауылға қатысты түрлі өзекті мәселелер талқыланып, аудан әкімінің орынбасары Асхат Хамитұлы ауданға келген су жаңа үш автокөліктің біреуі Ө.Сахипов атындағы орта мектепке берілетіні туралы хабарлады. Ауыл әкімі Саят Тарғынов тазартылған жерасты суын орталыққа орнатып, халыққа пайдалануға берілетінін айтып, тұтынып отырған судың төлемінен жалтарып жүрген ағайынға ескерту жасады. Осы орайда ауыл тұрғыны, зейнеткер Жұпар Хамзина ауыз суға қатысты арзу арманын жеткізді. Жасұлан Темірғалиев «Үштамақ» бөгетіне алаңдаушылық білдіріп, бөгеу жұмыстары жүргізілсе деген тілегін білдірді.

WhatsApp Image 2023-03-02 at 16.56.29 (1)

Күйгенкөл ауылын алаңдатқан тағы бір мәселе қаңғыбас иттер болды. Тіпті Республика көлемінде де дау туғызған бұл мәселе бойынша аудандық ветеринариялық стансаның директоры Біржан Ғұбашев тарқатты. Қос ауылда қозғалған түйткілдер бойынша тиісті мекеме басшылары тұшымды жауап берді. Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиев ауыл тұрғындарын жеке қабылдады.

Ақтілек Орынбасаров,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале