18.04.2024, 10:30
Оқылды: 131

Ақжайық ауданынан шыққан тұңғыш стюардесса кім?

Көкке жиі көз саласыз ба? Кейде тып-тымық көкте будақ-будақ із тастап бара жатқан ұшақ ілігеді, иә, көзімізге?! Бала кезімізде бәріміз болмасақ, көбіміз сол қанатты көлікте қызмет етуді армандадық емес пе?! Құлашын кеңге сермеген қиял қалықтап барып, көгілдір көкке тірелетін. Әйтеуір бала күнінде аспанға әуес болмайтын жан кемде-кем. «Өскенде кім болғың келеді?» деп сұрағанда, «Ғарышкер», «Ұшқыш» деп қайсыңыз жауап беріп едіңіз? Арман адастырмайды. Бала күнінен ғарышқа сапар шегуді алдына мұрат етіп қойған Айдын Айымбетовтің өзі сөзіміздің дәлелі. Ал тәй-тәй басқан шағынан көкке ғашық болған қыздар қайтпек? Әрине, көкті тіліп жарған ұшақта стюардесса болып, орындалады арманы.

WhatsApp Image 2024-04-17 at 19.20.46

Арманы ақиқатқа айналған нәзік жанды жерлесіміз бар екенін білесіздер ме?! Таныс болыңыздар – Чапаев ауылының тумасы София Сәлиева. Оның «Air Astana» АҚ әуе компаниясында бортсерік болып қызмет етіп жүргеніне сегіз жылдан асып барады. Қазіргі таңда Алматы қаласында тұратын жерлесімізбен сұқбаттасудың реті түскен соң, оңтайлы сәтті жіберіп алмай, талайдың арманына айналған мамандықтың қыр-сырына қанықтық.

– София Нұрланқызы, сұрақты турасынан қояйын, бұл мамандыққа қалай келдіңіз, әлде біреу кеңес берді ме?

– Басынан бастайын. Мектеп кезінде оқуға үздік болдым. Сол балалық шақтағы арман ғой – Қазақстаннан өзге елдерге саяхаттап, танысқым келді. Жер көргім, ел көргім келді. Содан ата-анама айтып жүрдім, мен Алматыға оқуға түсуді қалаймын деп. Олар да қарсы болмады. Мектеп бітірісімен Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне оқуға түстім. Сонда оқып жүргенде, қасымдағы құрбыларым бортсерік (стюардесса мамандығының тағы бір атауы) қызметіне жұмысқа өттім деп жүрді. Соншама қызығатын едім. Бірақ бірден адамның ойлағанындай қайдан бола қойсын?! Оқу бітіріп, тұрмысқа шықтым, содан ол арманымды артқа ысырып қоюға тура келді. Кейін сол құрбыларымның әлеуметтік желідегі парақшаларынан әуе кемесінде істеп жүрген қызметін көріп, бортсерік болуға қызығушылығым қайта оянды. Ол кезде бала күтімімен демалыста отырған едім, сосын жолдасыма айтып, рұқсат сұрадым. Ол да қарсы келе қоймады, келісімін алып, емтиханға дайындалдым.

WhatsApp Image 2024-04-17 at 19.21.09

– Дайындық қалай өтті, стюардесса болу үшін қандай қабілет-білім қажет? Біздің оқырмандарымыздың да арасында мүмкін өзіңіз сияқты бұл жұмысқа қызығып, бірақ тәуекел етуге жүрексініп жүргендер бар шығар? Соларға кеңес ретінде қызметке қалай тұрғаныңызға кеңірек тоқтала кетсеңіз?

- Иә, әрине. Кез келген адам орналаса алады. Тек білім, асқан жауапкершілік, адаммен тіл табыса алу қабілетіңнің болуы, сосын ағылшын, орыс және қазақ тілін жетік меңгеруің қажет. Емтихан 3 турдан тұрды. Бірінші күні қазақ, орыс, ағылшын тілінен тест тапсырасың, сосын IQ зияткерлік коэффициентін тексереді. Екінші күні жеті адамнан топқа бөліп, ситуациялық сұрақтар қояды. Мәселен, «адам аяғы баспаған аралға жіберсе, қандай зат ала кетер едің?» деген сыңайда. Соңғы турда емтихан алатын адам бет-бет қабылдап, үш тілде сұрақ қояды. Сонымен қатар адамның мінез-құлқына басты назар аударады. Өзіңді қалай ұстайсың, қандай іс-әрекет жасайсың – бәрі маңызды. Қатты қобалжыдым, бірақ құрбыларымның ақыл-кеңесі пайдаға асып, сыннан сүрінбей өттім. Содан 2 ай оқытып, бортсерік болуға дайындады. Он күн Германия еліндегі Майндағы Франкфурт қаласында тәжірибеден өтіп, ұшақтың есігін ашып-жабуды, ұшақ суға, яғни теңізге қонса,  жүзіп, адамдарды құтқару, бірінші медициналық көмек көрсету, өзге де әрекеттерді үйрендік, шыңдалдық. Тағы айта кетейін – денсаулығыңды мұқият тексереді. Бұл міндетті түрде.

– Мамандықтың  қызығы мен шыжығы қатар жүретіні анық. Қиындықтар кезіккенде, өкінген кезіңіз болмады ма?

– Әлбетте, бастапқыда тәжірибе болмағасын, біраз қиындықтар болады ғой. Бірақ соған мойымай, үйренуге талпынуың керек. Өзімнің арманым осы болғасын, небір ауыртпалықтың бәріне төзіп, жұмыста шыңдалдым. Көпшілік біздің жұмысты жеңіл, әдемі киініп, жымиып ұшаққа мінген жолаушыларға қызмет көрсету ғана міндеті деп ойлайды. Бірақ олай емес, бұл мамандық жоғары жауапкершілікті талап етеді. Ұшақтың барлық құрылысын, қызмет тәртібін білуің қажет. Сосын бізді ағылшын тілінде оқытты, сондықтан алдымен  ағылшынша ойлап, кез келген ситуация орын алса, сол тілде шешім қабылдайсың. Өзіміздің бортсерікке арналған ағылшын тілінде кітабымыз бар, соны жатқа білуіміз керек, сәл мүдіре қалсаң, ұшу сапарына қоспайды. Одан кейін жолаушылардың денсаулығын қадағалаймыз. Себебі  көкке ұшқанда, жердің тартылыс күші азайып, аурулардың барлығы екі еселенеді. Осының бәрін назардан тыс қалдырмауымыз керек. Тағы бір қиыншылық – жұмыс кестесі атымен жоқ. Басқалар сияқты таңмен тұрып, кеште үйге кері қайтпайсың. Түнде үйдегілер ұйқыға дайындалып жатқанда, сен заттарыңды буып-түйіп, жұмысқа кетіп бара жатасың. Ұйқы бұзылады. Әрине, алдын ала жұмыс кестесін беріп қояды. Бір ай жұмыста демалысымыз – небары  жеті күн. Адамдардың да мінезі әр түрлі, олардың әрқайсысының тілін табу да – міндет.   Бір жақсы жағы  – 2 рейс ұшсаң, олардың арасында 12 сағат үзіліс беріледі. Сол жағы тиімді, қажет шаруаңды бітіріп аласың.

– София Нұрланқызы, ал рейске дайындық қалай жүреді, ұжым қалай әзірленеді?

– Мәселен, Астана қаласына Алматыдан таңғы сағат бесте ұшатын болсақ, төртте офисте тұруымыз керек. Ол үшін түнгі екіде ұйқыдан тұрып, үште үйден шығасың. Жұмысқа барғасын, аға бортсерік қауіпсіздікті сақтау бойынша біліктілігімізді тексеріп, екі сұрақ қояды. Жауап бере алмаған жағдайда сені басқа бортсерікпен алмастырып, ұшуға рұқсат бермейді. Дұрыс жауап қатсақ, әрмен қарай ұшаққа барамыз.

– Қандай елдерге сапарладыңыз, өзіңізге ерекше есте қалған ел-жер болды ма?

– Air Astana қай елдерге рейс жасайды, солардың бәрінде болыппын. Мәселен, Мальдив аралдары, Ұлыбритания, Нидерланды, Франция, Германия, Черногория, Қытай, Оңтүстік Корея, Тайланд, Малайзия, Ресей, Украина, Египет, Сауд Арабиясы, Түркия елдері. Қытай елінің азаматтары қызық болып көрінді. Олар айқайлап сөйлеседі, басында ұрысып тұр ма десең, олай емес екен. Сөйлеу мәнері сондай олардың. Тағы бір қызығы – олар суық сусын ішпейді екен. Ыстық суға өздерінің шөп қоспаларын араластырады. Сосын Түркия елі – өте қонақжай. Барғанда асты-үстіңе түсіп, жақсы құрмет көрсетеді. Олардың тілінде сөйлесең, алатын нәрсеңді тегін беріп жіберуге де дайын, ондай жағдайлар да болған. Еуропалықтар тәртіпке бағынады, әділ, кез келген жанмен сызылып, сыпайы сөйлеседі.

– Жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Қазақстанға алғашқы ұшып келе жатқан шетел азаматы ең алдымен бізбен танысады. «Бұл  елдің халқы қандай?» деген сұраққа жауапты біздің мінезіміз, оған қарым-қатынасымыздан іздейді. Осыған қарап-ақ, біздің мамандыққа артылған салмақтың қандай екенін біле беріңіз. Қандай жұмысты қолға алсаң да, жауапкершілікті бірінші орынға қойған абзал. Қазіргі заман жастардан білім алуды, ізденуді, жан-жақтылықты, қорқынышқа бой алдырмай, алға жылжуды, әр істе табандылықты талап етеді. Ал біз секілді бортсерік болғысы келетіндерге айтарым – жасыңыздан 18-ден асса, жоғарғы біліміңіз бар немесе оқу оқып жүрген болсаңыз, денсаулығыңыз мықты, ағылшын тілін жетік біліп, жүзе білсеңіз, біздің қатарымызға қош келдіңіз.

– Туған ауылыңыз Чапайдың көгінен ұшып көрдіңіз бе?

–  Жоқ, ұшып көрмеппін. Ауылды, әрине, сағынамын. Әкемнің қара шаңырағы мен анамның пісірген ыстық нанына жететін ештеңе жоқ. Ауылымды жақсы көремін, мақтан етемін. Кіндік қаным тамған жер ғой. Ең бақытты кездерім де – әуені арман еткен сол балалық шағым, себебі уайым жоқ, ата-ана, бауырларым әрдайым қасымда болды. Қазір есейіп, өзіміз де ата-ана болдық. Ауылымыз жыл өткен сайын көркейіп келеді, демалысқа келгенде анық байқаймын мұны. Жаңа аудандар пайда болған, білім алған мектебім де жаңа ғимаратқа көшіпті. Балалар ойнайтын алаңдар көбейген. Демек, ауылдың тұрмысы түлеп келеді. Лайым, осы жақсылықтан айырмасын!

Әңгімелескен Нұрбек Ихсан, 

Ақжайық ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале