15.04.2021, 11:12
Оқылды: 75

Ақжайықта «Батыс Қазақстан «Бақтар әлемі» кооперативі жұмысын бастады

Ақжайық ауданында ірі инвестор Мұхтар Әйтімов «Батыс Қазақстан «Бақтар әлемі» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативін құрып, жұмысын бастады. Ол Ақбұлақ ауылының тұсынан 50 гектар учаскеде жеміс бағын өсіріп, өнімдерін өңдейтін комбинат ашпақшы.

4EEE52C6-608D-4247-BB36-5FF3478E68F2

Кәсіпкер жеміс ағаштарын өсіруге қолайлы мекенді еліміздің батыс өңірінде орналасқан төрт облыстан бір жылға жуық іздестірген. 27 жер учаскесінің топырағынан сынама алып, құнарлылығын, сілтілігі мен қышқылдығын, ылғалдылығын зерттеуге Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтына жолданады. Сол сынамалардың ішінен институт ғалымдары тек осы Ақбұлақ ауылының тұсындағы учаскеге ғана бақ өсіруге лайықты, ресурсы мол жер деп баға берген

Осыған дейін шетел бақтарында қызмет етіп, бірқатар тәжірибе жинақтаған бағбан Түркістан, Атырау облыстары, Алматы маңындағы жеміс-жидек өнімдерін өндірумен айналысатын кәсіпорындарында еңбек еткен. Сол жұмыстың нәтижесі – қазір мұнайлы Атырау өңірінде лимондар пісіп, ананастар өсуде.

DB110727-584D-44FA-A3B9-9325419D4A0C

Бақ басына бүгінгі таңда 15 гектар алқапқа алма, шие, алхоры, қара өрік, қызыл шие (черешня), грек жаңғақтарының элиталық сұрыптарының талдары жеткізілген. Топырақтың жылуын күнде өлшеп отырған маман жердің температурасы көтерілген бойда егуді бастап кетпек. Қосымша 2 гектарға арнайы Грузиядан жүзім алдыртқан. Екі жылдың ішінде 50 гектар алқапқа жеміс ағаштарын отырғызу жоспарда. Басым бөлігі – алма ағаштары.

Мұхтар Әйтімов танап басында тамшылап суару әдісін іске қосу үшін датчик, есептеуіш құралдар, өзге де құрал-жабдықтарды орнатуда. Бұл әдістің өзге де осындай жүйелерден артықшылығы – барлық суландыру жүйесінің автоматты басқарылатындығында.

05731DB4-9AA0-4EF2-9C96-0071E237E549

«Менің бақ өнімдерін тікелей сатып, пайда табуыма болар еді. Сұраныс бастан асады. Дегенмен елімізде тек шикізат қана өндіріп қоймай, оны соңғы сатысына дейін өңдейтін кластерлік өндірісті қолға алуымыз керек. Яғни менің мақсатым – осы жерде жеміс-жидек өсіріп, одан түскен өнімді өңдеп, тосап, джем, шырын түрінде халыққа ұсынатын комбинат ашу. Қазір бүкіл әлем халқының табиғи таза өнімге сұранысы жоғары. Химиялық тыңайтқыштардың дәурені өтті, сондықтан топырақты тек органикалық қорекпен байытуымыз керек. Осындай тыңайтқыштарды алыстан арбаламау үшін осы маңда мал шаруашылығы, құс шаруашылығын дамыту керек. Оларды жем-шөппен қамту үшін Ресейден құнарлы, әрі жылына 4 рет шабуға болатын канадалық жоңышқа дәндері жеткізілді. Жеміс ағаштары болған соң, олардың гүлдерін уақытында тозаңдандыру да керек. Осы Ақбұлақ ауылындағы қария бал омартасымен айналыспақ ниетті. Алдағы уақытта оны омарталармен және бал араларымен қамтамасыз етеміз. Түптеп келгенде, мұның бәрі жергілікті халықтың әлеуетін арттыруға бағытталған жобалар» , - дейді инвестор.  

1B212B2F-42DC-4BA6-9B75-3453511F0F24

Қазір танап басында ақбұлақтық 12 жас қызмет етуде. Мұхтар Әйтімовтың айтуынша, бақ басындағы жұмысты бұдан әрі ілгерілетуге тағы 35 адамдай қажет. Инвестор өзінің пайдасынан гөрі қарамағындағы қызметкерлердің жағдайын жоғары қойғанын әңгімесінен байқадық. Айталық, ол осы кооперативте жұмыс істейтін азаматтарға арнайы 18 жылыжай салдырмақ. Өзіне тиесілі бұл нысандарда әр қызметкер көкөніс өсіріп, өнімін кооперативке өткізеді. Жалақысы жоғары, өсірген өнімнен табысты кәсіпкермен бірге көрсе, қай қызметкердің де жұмысқа ынтасы артары сөзсіз. Қоныс тепкен қаласында отырып, жұмысты жүргізетін кейбір инвесторлардай емес, Мұхтар Әйтімов осы Ақбұлақтан баспана сатып алып, барлық жұмысты басынан бақыламақ.

Инвестор Ақжайыққа бас тірегелі аудан басшылығы тарапынан мол қолдау сезінді. Нысан басына арнайы келген аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов 250 млн теңге инвестиция ны талап ететін кооператив жұмысына сәттілік тілеп, кәсіпкерді тиісті мекеме-бөлім басшыларымен жүздестірді.

«Біздің ауданда мал шаруашылығы саласында қызмет ететін кооперативтер баршылық. Біздің мақсатымыз – құс, сүт, бақша шаруашылығы, жем-шөп дайындайтын құрылымдарды ашу. Бұлардың әрқайсысына инвесторлар табылды. Әрине, жұмысын енді бастаған қай бизнес нысаны болмасын, жергілікті басшылықтан демеу керек. Кеңестік кезеңде аудан жайқалған алма бақтарымен мақтана алатын: 92 гектарға жайылған 18 бақ болды. Тоқырау кезінде олар иесіз, күтімсіз қалып, біртіндеп жойылды. Біз бүгінде солардың бәрін болмаса да, ішінара қалпына келтіруге күш салудамыз. Қазірдің өзінде аудан бойынша «Атамұра», «Сабит», шаруа қожалықтары «Мұнайконтакт» ЖШС 18 га. танапта алма бақтарын өсіруде. Оған қоса, биыл жеміс бағын өсіруге «Амир» шаруа қожалығы - 20 га., «Нұғманов» жеке кәсіпкерлігі - 10 га жер алды. Ал біз бүгін басында тұрған жоба толық іске қосылған кезде облыс көлемінде ең ірі алма бағы болмақ, - деді аудан басшысы.

Көріп отырғанымыздай, ауданға келген инвестордың мақсат-межесі айқын, жоспары мығым. Ақбұлақтың басында күні ертең-ақ кешенді өндірістің жұмысы қыз-қыз қайнап, көрікті мекенге айналып, бақ өнімдерінің өңіріміздің бағын ашатынына сенім мол.

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале