2.08.2022, 12:31
Оқылды: 250

Ақжайықтың «Шәмшісі» немесе Құбайдолла Хибашев хақындағы баян

Әп дегеннен айтарымыз, «Құбес» деген есім естілсе, Жайық жұртының есіне бірден Құбайдолла Қибашев түсеріне күмән жоқ. Себебі, бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған, «КСРО үздік мәдениет қызметкері», «Еңбектегі ерлігі үшін», «Ұлы Жеңістің 20 жылдығы» медальдарының, «Үздік қоғамдық тәртіп сақшысы» (1984) төсбелгісінің иегері, «Ақжайық ауданының Құрметті азаматы» (өзім үшін осыдан биік атақ жоқ) Құбес ағамыздың әндерінің әуеніне тербеліп, бірнеше ұрпақ өсіп шықты, өсіп те жатыр, өсе береріне де сеніміміз кәміл. Солай екен деп, саңлақ өнерпаздың өмірі бал жалаумен, шербет сімірумен өткен шығар десек, қатты қателесеміз. Оған көз жеткізу үшін Құбайдолла Қибашевтің балалық, жастық шағына бір көз жүгіртіп өтсек,  жетеді.

25

Құбес – балалығын сұм соғыс ұрлаған ұрпақтың өкілі. Құбайдолла ағамызбен замандас, тағдырлас талант, дана Қадыр бір өлеңінде: «Үлкендерге ұқсамаған ештеңеміз қалмады, бұтымызға кигеніміз әкеміздің шалбары», – деуші еді ғой? Міне сол күй, сол жағдай айнымастан Құбестің де басынан өткен! Қанды соғыс «қайнап тұрған» 1942 жылдың қарасуық қарашасында шыр етіп дүние есігін ашқан пәк сәби әкесін көрген жоқ. Базартөбенің қырындағы Сопы құмын жаңғырта келген сәбидің дауысын есту әкеге жазбапты. 1944 жылы соңғы хаты келген әке  ақыры хабарсыз кетті... Қанқызыл күн батар  тұсқа елеңдеумен қайран ана да өмірден өтті.

Құбайдолла аға айтады-ау: «Шиеттей шикі балаларды шырылдап жүріп, жалғыз жеткізген анамыз 2005 жылы дүниеден өткенше, өткен өмірімді айтып ешкімге өксіген емеспін. Кешегі қасаң заманда соған қызығушылық танытатын да жандар болған емес. Мойыныңдағы міндетті жұмысыңды дұрыс атқарсаң, жақсысың, атқармасаң, жамансың». Сол кездегі үкімет пен партияның ұстанымы осы болатын. Әрине, туғанымды көрген көзі тірі қариялар, өзіммен тел өскен «жетімдер армиясы» қадірлейтін, сыйлайтын. «Күнікешегі «жәмән шопыр» баламыз Тайпақ өнерінің тізгінін ұстап жүр», – деп мақтанып қоятындары да бар еді! Әсіресе жалаңаяқ тікенек кешкен құрдастарым, марқұмдар Тілекқабыл, Рамазандардың орыны бөлек еді! Соғыс жетімдерінің өзі «категорияға» бөлінетін. Сәл-пәл ауқаты бар ағайының болса, қарының толмаса да, тоқмейіл жүресің. Тілекқабыл (Техош дейтінбіз) құрдасым: «Әй, Құбес, мына Рамазан екінші «категорияға» жатады. Себебі, ағайындары бар болды. Нағыз тұлдыр жетім екеуміз ғой. Не тойып тамақ ішпестен, не бүтін киім киместен, балалықсыз, бірден жігіттікке аман өтіп кеттік, яғни нағыз «бірінші категориямыз», – деп әзілдейтін. Қайбір жетіскен әзіл дейсіз, балдәуренсіз өткен өксікті жылдардың запыран зары да! Бері келе өзіңдей інілер індетіп сұрай бергесін, аздап сыр ашқаным. Әйтпесе, ол заманды онша еске ала бергім келмейді. Елге ортақ ойран еді ғой... Шүкір, ғұмырымның сәулелі сәттері де жетерлік. Одан да сол соңғы жылдар жайлы сыр шерткенді қолай көремін».

Міне, Құбайдолла ағамыз осылай деді. Ендеше, жетілген ғұмырдың жарқын сәттерін парақтап көрелік.

Әлқисса, Алмалы орта мектебін сәтті бітірген бозбала Құбайдолла 1962 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылды. Бұл – мектеп бітірген соң Құбес қол қусырып отырды деген сөз емес. Әскерге алынғанша кеңшардың «барып кел, шауып кел» шаруаларына араласып, еңбек етті, маңдай тердің өтеуін көрді. 1962-1965 жылдары сол кездегі «Отанымыздың жүрегі» Мәскеуде әскери борышын өтеді. Жантемірдің құмын жалаңаяқ кешкен  қасқаға әскери өмір бұйым болып па?! Алдыңғы қатарлы жүргізушілер сапында болып, абыроймен елге оралды.

Міне, нағыз болашақ осы кезде басталды. Құбайдоллаға ананың алтын жатырында жатқанда-ақ сіңген бір ерекше қасиет бар-тын. Ол  өзгеге бұйыра бермейтін бақ сынды өрелі өнер болатын. Бойда бұғып жатқан тасқайнардай талант бұлағы осы кезде буырқанып шықты да, Құбайдолла Қибашев Тайпақ өнерінің теңізінде жүзіп жүре берді. Халық ән-күйге шөл болатын. Өнер өзені өз арнасын жаңа тауып жатқан сәт. Құбеске бірден өнер ұжымының жетекшілігі тапсырылды. Партия жұмсаса жан қала ма, (өзі партияда жоқ) бірден жан сала кірісті. Содан, сол 1966 жылы есігін ашқан Тайпақ ауданының Мәдениет үйінен 1999 жылы зейнетке шығып барып жапты ғой!

Тайпақ мәдениетін 32 жыл өрге сүйреп бақты. Қазақ әдебиетінің классигі, кәдімгі Сәбит Мұқанов «Мойыныма шор түсер деп аямай сал, мен сенің өгізіңмін өрге сүйрер»  дегеніндей, ел мәдениетіне өлшеусіз үлес қосты, қосып та келеді. «Қосып та келеді» дейтініміз, Құбес зейнетке шыққан соң да қарап жата алмады. 1997 жылы Чапаев пен Тайпақ аудандары қосылып, Ақжайық атты алып ауданға айналды. «Алып» дейтін себебіміз, ару Жайықтың қос жағасын қатар жайлап, Орал мен Атырау байтағын қосып жатқан Жұбан  елінде 18 ауылдық округ бар. Мұндай аумақты алып жатқан аудан елімізде сирек шығар?! Осы өлкенің өнері де озық. Себебі, Құбайдолла сынды «кәрі тарландар» өнерден қол үзген емес. Құбес ағамыз 2005 жылы зейнетке шыға сала, 2006 жылы Ақжайық аудандық мәдени-демалыс орталығына жұмысқа шақырылды. Қимай жүргендер – кісі танитын Меңзипа Дүйсенбайқызы, Ерлан Абайұлы тәрізді өнер жанашырлары. Мұнда 2008 жылға дейін жұмыс істеген ағамыз жанұя жағдайымен амалсыз Ақсай қаласына ауысты. Ол жақта Құбес аға айды аспанға шығарып, 2010 жылға дейін Ақсай мәдениет үйінің директоры болды. 2015 жылы Орал қаласына оралған сексен жастағы «шалымыз» әлі жұмыс істейді десем, сенесіз бе? Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, Құбайдолла Қибашев бүгін облыстың бір белді мекемесін күзетіп тұр! Түр-әлпеті, жүріс-тұрысы Нұрғали Нүсіпжановтан аумайтын ағамыз әлі сергек, «жап-жас»! Айырмашылығы – баяғы Күнзада жеңгемізбен «күн көріп» жүр. Өмірлік жар деп таңдаған аруы арманын ақтап, екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Шетінен өнерпаз. Бұл жайлы енді әңгіме бөлек болсын. Алдымен, Құбайдолла Қибашевтің сазгерлігі хақында қысқаша баян етелік.

Құбайдолланың композиторлық қыры күллі қазақ білердей, елі ескерердей-ақ! Әттең, музыкалық білім ордаларын жағаламай, жәй ғана ауыл арасының ән шығарушысы ретінде қалғаны. Бұл ретте Шәмшімен тағдырлас. Бірақ талмай талпынып, үзбей ізденіп, нотаны да игерді, тамаша әндерді дүниеге әкелді. Бүгінде Құбестің әндері алты Алашты аралап кетті! Жасы алпыстан асып кеткен ақжайықтық біздің буын ағамыздың «Қаракөз қарындасым» атты әнін тыңдап, шырқап өстік. Одан бері де екі ұрпақ желкілдеп жетілді.

Қазір екі жыл сайын Құбайдолла Қибашев әндерін орындаушылардың конкурсы өтіп тұрады. Әу баста аудандық болып басталған ән-жарыс республикалық деңгейге дейін өсті. Алла қосса, биыл да жоспарда тұр. Құбес өзгелердей «Ән жазып едім, сөз жазып берші»деп ақындарды көп жағаламайды. Жаны поэзияға құмар жан жыр кітаптарын оқи жүріп, ұнатқан өлеңіне ән жазады. Және «Қадырдың, Тұманбайдың өлеңдеріне ән жазсам, атағым шығар» демеді. Өзі секілді «провинцияда» тұратын ақындардың жыры жүрегіне жақын келсе, сырлы сазына қосып өре қояды. Мысалы, жергілікті ақын Мәлік Берді Әлінің сөзіне жазылған «Ақжайық – өлкем» әні бүгінде Жұбан елінің әнұранына айналған. Кезінде 1958 жылы өткен  тұңғыш облыстық ақындар айтысының бас жүлдесін алған жерлес ақын ағамыз Хамит Әбіловтің сөзіне жазылған «Жайықтың ұл-қызын-ай» әні жарты ғасырға жуық ел аузында. Құбес – өте қарапайым жан. Достың жетістігіне тілеулес, қайғы-мұңына ортақ. Атақ-мансап қуған емес. Оны сөзіміздің басындағы шумақта келтіре кеттік.

Бір замандарда Құбайдолла Қибашевті «Октябрь Революциясы» орденіне ұсынған кез болған. Бірақ, сол кездегі Тайпақ ауданының бірінші басшысымен, өнер мүддесі үшін қарсы келгенінің «арқасында» ала алмай қалды. Әйтпесе, өнер саласындағы аталмыш марапаттың тұңғыш иегері болушы ма еді?! Ештеңе жоқ, одан абыройы түскен жоқ. 2000 жылы сол кездегі ең үлкен ғимарат Н.Островский атындағы драма театры залында сол кездегі филормония директоры, өзі де сазгер Донеділ Қажымовтың қолдауымен Орал қаласында үлкен авторлық кеші өтті. 1982 жылы әндері республика сахнасында шырқалды. Өнер жолында қаншама жайсаң жандармен жұмыстас болды. Қаншама өнер жұлдыздарын тәрбиелеп шығарды. Оның  өзі бір бөлек баян болар еді. Кезінде Тайпақ мәдениетін басқарған Мәжит Қайырғалиев, Мағаз Бекқайыров, Тобанияз Табылдиев ағалары туралы сұрасаңыз, Құбес аға жып-жылы, сағынышқа толы естелік айтуға жалықпайды. Кейінгі басшылары Зоя  Шоқанқызы, Сағида Мұхтарқызы, Мәлік Берді Әлі жайлы да жақсы әңгімелер шертер еді...

Ал, енді, қоластынан ұшып, көкке көтерілген «жұлдыздары» да осалдар қатарынан емес. Алды атақты Көшерғали Макаров бүкіл Түркі дүниесі жыраулары конкурсының лауреаты болды. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, дәстүрлі әнші Сәуле Таудаева, Зияш Аманғалиева, бүгінгі Рүстем Кереевке дейін атай беруге болар еді. Республикаға белгілі өнер топтары десеңіз: «Толқын» вокалды-аспапты ансамблі, «Жайық сазы» фольклорлық ансамблі, Шектібаевтар, Құсайыновтар, Қарақойшиевтер, т.с.с. жанұялық ансамбльдердің барлығы да Құбайдолла Қибашевтің «өтектеуінен» өтіп барып жүлдегер болғандар екеніне ел куә.

Енді, аз-кем ұрпағы жайлы. Оларды да Орал өңірінде осал деп ешкім айта алмаса керек. «Диірменде туған тышқан дүрсілден қорықпайды»деген әзіл-шыны аралас мақал бар. Сондай-ақ, пианиноның қасында өскен ұл-қыз өнерсіз болар ма?! Құбестің үлкен ұлы Омар – облыстың белді әншісі. «Үздік ұстаз» белгісі бар, мәдениет саласының үздік қызметкері. Бір кезде Қарабахтағы бітімгерлік әскер қатарында болып, 30 жылдық медалін иеленгені де бар. Екінші ұлы  Бейбіт те өнер саласында, жетекшілік қызметте. «Еңбек даңқы» төсбелгісімен және «Үздік қызметкер» атағымен марапатталған. Қызы Гүлбар кезінде тамаша биші болды. Атақты «Ақжайық» би тобында биледі. Шара Жиенқұлова атындағы республикалық конкурстың жүлдегері. Қарындасы Нәзира Қибашева да облыс сахнасының жарық жұлдызына айналды, жастар сарайында өнерге таласы бар өрендерге тәлім беруде.

Міне, осылайша сексеннің сеңгіріне сергек жеткен, асыл ағамыз жайлы қысқаша (бұл өте ұзақ баян, бірақ, көлемге көндік) баянымыздың нүкте қояр кезіне де келдік, білем...

Аймағын әсем әндерімен тербеген, жан баласына жамандық ойлап көрмеген, еліне сыйлы асыл ағамыз арамызда аман-есен жүре бергей.

Желдіртіп жүз жасқа барғанда жолығуға жазғай, Жаратқан!

Ел аман, жұрт тыныш болғай, Аллажар!

Сағынтай Бисенғалиев,

Ақжайық ауданының Құрметті азаматы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале