7.10.2021, 16:36
Оқылды: 81

«Анда барам, жоқ-жоқ, Мұнда барам, жоқ-жоқ»

-Қызым, тоқтай тұршы. Бұл жердің әжетханасы қайда, өзі? Аудандағы ауруханаға келіп едім, әжетханасы сыртта дейді. Енді соны таба алмай жүрмін. Қай жерде?

Шаған ауылынан келген әже ауданның қақ төрінде тұрып өткен-кеткен адамдардан әжетхананы сұрап әлек. Маған да сол сауалды қойды. «Аурухананың жанында бар еді» дедім.

— Әй, қойш (ы), кілттеп қойыпты ғой, — деген әжеміз ренішпен үн қатты. Амал жоқ, ауруханасына қайтадан кетіп бара жатты.

Жалпы, ауылдан ауданға шаруалармен  келушілердің әжетхана сұрап жүргендерін жиі кездестіремін. Әр мекеменің сырттағы әжетханаларына жөн сілтеймін. Бәрінің айтатыны бір:«Құлыптаулы тұр».

0F830FFD-01E2-4143-B684-3910A3BE1165

Рас. Үлкен аудан орталығында қазіргі таңда қоғамдық әжетхана болмай тұр. Былай қарасаңыз,  әжетхананың әңгімесін айту ұят сықылды,  алайда, талапқа сай қоғамдық әжетхананың жоқтығы да  — әлеуметтік мәселе.

Деректерге көз жүгіртсек, әлемнің дамыған елдері әжетхана мәселесіне ерекше мән береді екен. Бұл шаруа АҚШ секілді алпауыт елде түбегейлі шешімін тапқан. Қытай да бұл мәселеге айрықша ден қоятын көрінеді.

Жыл сайын қарашаның 19-ы күні Бүкіләлемдік дәретхана күні деп аталып өтетінін біреу білсе, біреу  біле бермейді. Күнтізбе кестесінде бұл күн 2001 жылы Сингапурде өткен халықаралық әжетхана саммитінде пайда болыпты. Тіпті әлемдік әжетхана ұйымы деген де ұйым бар.Бұл «мерекенің» өмірге келуіне тазалықты сүйетін Сингапур елі сеп болған екен. Үлгі тұтарлық жәйт.

Жалпақ жұртшылыққа жар салып «әжетхана жоқ» деп неге айтып отырмын? Өйткені, тазалық басты орында. Әжетхана таба алмаған жандар қайда барады?  Әрине, ағаштардың арасы һәм үй, ғимараттардың бұрыштарын жағалайды. Мұны көктем келіп күн жылысымен-ақ жаңағы жерлерден мүңкитін жағымсыз сасық иістен бірден сезесіз. Міне,  көрдіңіз бе, табиғи мұқтаждықты өтейтін  орындардың болмауы адамның денсаулығына кері әсерін тигізері сөзсіз.Сол себепті ауылда  қоғамдық әжетхананың болғаны дұрыс. Мұны ауыл тұрғындары да бірауыздан құптап отыр. Олардың пікірлеріне көз жүгіртелік.

Зейнегүл Мұсаева:

- Ауданға шаруаларымызбен барғанда әжетхана таппайтынымыз шындық. Жергілікті тұрғындар «ана жақта, мына жақта» деп жөнді жол сілтемейді. Жуырда аудандық ХҚКО-ға құжаттарды реттеуге баратын болып, кішкентай ұлымды ілестіре қойып едім, туалет таппай қиналдық. «Шыда, шыда» деп жүргенде,  бір уақытта балам көшенің ортасында бақырып жылап жіберді. Ұятты ысырып, қолымдағы су құтысына дәрет сындырды. Тазалықты сақтамады деп айыппұл салып жіберсе қайтеміз? Сол жердің тұрғындарына туалеттің жоқтығы білінбейді, ал ауылдардан келетін адамдарға бұл үлкен мәселе. Әкімшілік осы жағын ойластырып, қоғамдық туалет мәселесін шешкені дұрыс деп есептеймін.

 Мұрат Жанахметов:

- Әжетхананы таппай аудан орталығын шарлап кететініміз  өтірік емес. Оны іздейміз деп жүргенде уақытымызды жоғалтамыз. «Қазпошта» ғимаратының артындағы әжетханаға барушы едік, соңғы уақытта есігінде құлып тұр. Біз сияқты алыс ауылдан келетіндерге қиыны- қиын. Бірақ қанша жыл болды, осы орталықтан қоғамдық әжетхананы таппай жүрміз. Осы басқа жақтарда «әжетхана ашылды» деп салтанатты түрде лентасын қиып жатады ғой, бізге сол лентасын қимай-ақ, бір шағын болса да туалет салып берсе екен.

Назым Жарасова:

- Шыны керек, туалеттің жоқтығы оңай емес. Бәлкім мұндай іске басшылар жеңіл қарайтын шығар, бірақ біздер үшін өзекті проблема. Қазір кафе, асханалар да іштегі туалеттерін құлыптап қоятын болыпты. Тамағымыз тоқ болса да, кейде амалымыздың жоқтығынан өтірік бір стақан шай ішіп, туалеттеріне кіріп шыққан күндеріміз де болды. Осыдан үш жыл бұрын қысты күні дәретхана іздеймін деп бір ғимараттың артындағы шұңқырға түсіп кете жаздағаным бар,  аяғым тайып, жығылып барып құладым.

Ауылдан ауданға шығатын болсақ, жолдасым «памперс киіп ал, әжетхана іздеп жүргенде былтырғыдай құлап қаларсың» деп күледі. Қоғамдық туалет салынбаса, шынында да памперс киетін шығармыз, енді не істейміз?

 Сөз соңында:  Әнебір әнші  «анда барам, жоқ-жоқ, мұнда барам, жоқ-жоқ, қайдасың?» деп жігіт іздеп ән шырқаушы еді. Ал теректілік тұрғындар «анда барам, мұнда барам, туалет таппадым»  деп дәретхана іздеп жүр.  

Естуімізше,  әнші қыз жігіт тауыпты,  енді теректіліктер де су жаңа туалет табатын шығар, бәлкім...

 Айшабибі Мәмет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале