15.12.2022, 11:46
Оқылды: 47

Ауыл әйелінің рөлі...

Өткен аптада облысымыздың түкпір-түкпірінен жиналған нәзік жандылар  Орал қаласындағы «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінде бас қосты. Олар «Аманат» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен «Ел дамуындағы ауыл әйелінің рөлі» атты форумға қатысып өз іс-тәжірибелерімен бөлісті. Әлеуметтік-демографиялық прогресті қамтамасыз етудегі әйелдердің жаңаша рөліне, экономикалық өсудің жаңа үлгілеріне көшуге, денсаулық сақтау мен білім беруді дамытуға, әйелдер арасында қаржылық сауаттылық  проблемаларын шешу мен өзін-өзі дамыту форумның басты мақсаты болатын.

форум фото 2

Аталмыш жиынды Алматы қаласынан арнайы келген республикаға танымал қоғамдық және бұқаралық коммуникациялар бойынша медиа жаттықтырушы Райымбек Ғазиза жүргізді. Алғашқы сөз кезегін алған  «Аманат» партиясы БҚО филиалы төрағасының орынбасары Кенесары Нұршинов қоғамдағы әйел рөлінің маңызына тоқтала келіп, форум жұмысына сәттілік тіледі. Одан әрі Степногорск қаласынан келген кәсіпкер, «Жер-Ана Астана» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Олжас» шаруа қожалығының жетекшісі Гүлмайра Баймақова өзінің бизнеске қалай келгені туралы әңгімелеп, іс-тәжірибесімен бөлісті.

форум фото

Қара жерден қандай өнім алуға болатынына тоқталды. Ол алғашында 0,5 гектар жерге қияр егіп, соның өнімін сатып бастаған. Басында жан жары мен баласы бұған сенбеген. Керек десең қолдау да білдірмеген. Бірақ қайсар әйел өзінің еңбекке деген құлшынысының арқасында үлкен жетістікке жеткенін тілге тиек етті. «Ол жақта су тапшы болғандықтан құдық қазып тамшылатып суаруды қолға алдық. Соның нәтижесінде биыл 14 гектар жерге бау-бақша өнімдерін егіп, тонналап өнім өндірдік. «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы грант алып, 2020 жылы «Балкондағы сиыр» жобасын іске қостық. Бұл қала мен ауыл әйелдерінің арасында келісімшарт арқылы жүргізілетін бағдарлама десек болады. Ауыл әйелі қала тұрғынынан сиырды алты жылға жалға алады. Содан әр апта сайын өздеріміз келіскендей 1-2 келіден қаймақ, сүт, сарысу, сүзбе әкелуге міндеттеледі. Бұдан кейін қалалықтар дүкендегі ұнтақ сүт емес, дайын таза экологиялық өнімді тұтынатын болады. Қазір осы жобамен жұмыс жасап жатқан ауылдағы әйелдердің қорасында үш-төрт сиырдан бар. Сонымен қатар жылдағы туатын бұзау ауылдағы кәсіпкердің өзінде қалады. Ойлап қарасаң екі жаққа да тиімді керемет жоба», - дейді кәсіпкер Гүлмайра Баймақова.

Бұдан басқа форумда әр ауданнан жиналған іскер әйелдер өз бизнестерін қалай бастағандары жөнінде тілге тиек етті. Мысалы қаратөбелік Камила есімді ару алғашында тартылған ет сатып алып, содан манты түйіп сатқан. Кейін келе – келе көптің сұранысына ие болып жүрген жапондық фастфуд өнімдерін дайындауды қолға алған. Нәтижесі жаман емес. Қазіргі таңдағы айлық табысы бір миллион теңгені құрайды. Ия, бұл  бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен нәзік жандылардың саясатта да өз орны бар екенін, қалаберді кәсіпкерлікпен айналысуға да уақыт табатынын көрсетеді. Одан басқа жиында Орал қаласындағы №42 «Ақ ниет» гимназиясының директоры, қалалық мәслихат депутаты Азима Зинатқызы, БҚО денсаулық сақтау басқармасының өкілі Айнаш Жұбанышқызы, «Ерсұлтан» шаруа қожалығының жетекшісі, кәсіпкер Сәндігүл Машидоллақызы сөз алып, құнды ақпараттармен бөлісті.

форум фото 3

Форумға жиналғандар бизнеске қатысты сұрақтар қойып, тұшымды жауап алды.

Назгүл Серік,

Тасқала ауданы 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале