13.05.2022, 17:15
Оқылды: 67

Азаматтың тойы – ауылдың құрметі

Әбекеш Табышевты былайғы жұрт іскер азамат деп таниды. Ол негізін қалаған "ТАГРО" ЖШС ұзақ жылдан бері облыстық маңызы бар жолдарды күтіп ұстау, абаттандыру, көгалдандыру қызметтерімен айналысып келеді.

FFF552A9-D719-4347-B876-5629BF47DCD9

Ол мектептен соң кезіндегі Целиноград қаласындағы инженерлік құрылыс институтын тәмамдады. Жымпитыдағы жол пайдалану бөлімшесінен басталған еңбектің жолы оны қайрады, қалыптастырды. 2001 жылы «Ауыл» атты жеке шаруашылығын ашқанда да, кейін дербес серіктестіктің жұмысын бастағанда да Мәулекештің ұлына білімі мен іскерлігі көмектесті.

Әбекеңнің алпамсадай алып денесіне сай алып, жомарт жүректің иесі екенін де айту парыз. Талай адамды жұмыспен қамтығаны өз алдына, "ТАГРО" серіктестігінің қайырымдылық жұмыстарының да бел ортасынан табылғанын көзіміз көрді. 2011 жылы халық оны аудандық мәслихаттың құрамына депутат етіп сайлады.

Әбекеш Табышев биыл 60 жасқа толды. Ердің мерейлі жасының құрметіне бүгін туған ауылы Көздіғара ат шаптырып, балуан күрестіріп, ұлан-асыр той жасады.

E710C0FB-4175-41E3-BBC2-37A652C5A425

Шараға Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев және елге белгілі азаматтар қатысты. Олардың ішінде Есберген Әжібаев, Сәмиғолла Оразов сияқты мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері, Батыс Қазақстан облыстық салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Айдар Батырхановтар бар. Салтанатты бөлікте меймандар мерейтой иесіне тілек білдіріп, құрмет-сияпаттарын тапсырды. Әбекеш Табышев сыйлас ағаларына шапан жауып, елдік істе жүрген ауылдас інілеріне ырым қылып жүген мен қамшы сыйлады.

Тойға жиналған жұртшылықтың назары атшабарға ауды. Сөренің басында тайлары тебініп, бас төрешінің «Баста!» деген бұйрығын күтіп ауыл балалары тұр. Арасында Бөрлі, Теректі, Шыңғырлау ауданынан келген жас жүйріктер де бар. Айқай көтерілді. 13 тай алқына шапты. Бәйгенің тағдыры – бір айналым. Талдыбұлақ тұмарлап қосқан «Жұмбақ» бірінші келді. Шабандозы – Арысбек.

AC41A46D-918D-44DD-8662-E5F7C396623C

Халық енді «Құнаннан қайсысы озар екен!?» - деген сауалға беріле бастады. 9 құнан топқа кірді. Жирені, торысы, көгі, сарысы бар - ағып өткенде, далаға бояу жағылып бара жатқандай болады екен. Міне, Көздіғараның «Лашыны» лашындай түйіліп, шауып емес, құйылып келеді. Теректінің Талпынынан келген торы құнан екеуі қатарласып қалды. Бір мезетте «Найзағай» жарқ етті. Көздіғараның жиренінен тұяқ оздырып, мәре сызығын кесті. Іле-шала «Лашын» жетті.

Аламан бәйгеге алуан-алуан жүйрік келіпті. Бұлдыртының «Көкдауылы» мен «Ақтабаны», Қаратөбенің Соналысындағы Мақановтардың «Тамшысы» жүр. Араларында Көздіғарада күні кеше өткен бәйгенің қаһармандары «Таңжұлдыз» бен «Байторы» да бар. «Байторы» алдындағы «сценарийді» тағы қайталады. Бірінші келіп, бас бәйгеге 500 мыңды ұтты. Тасқұдықтағы Абылай Ахметқалиев бауырымыздың ат баптап жүргенін еститін едік. Кеше «Нұрқасқаны» көріп, көзіміз тойды. Ол – екінші келді. Мәре сызығын үшінші болып талдыбұлақтық Абзал Өтегенов дайындаған торы қиды.

Аттар аламанынан кейін қазақ күресі басталды. Бозкілемге 18 балуан шықты. Арасынан Нұрсұлтан Мырзахметов дараланды. Әлі жеткенді алып ұрып, күші шамаласты айлаға салып, ақыры «Түйе балуан» атанды. Нұрсұлтан жеңісін Көздіғара ауылына арнады.

Тойға жүйрік пен жігіт сыналу үшін барады. Ал халыққа қызық керек. Ақ пейіл ел қалған тұлпардың бауырынан сипап, жығылған жігіттің арқасынан қағуға дайын тұрады. Ауылдағы тойлардан ешкімнің тауы шағылмай, бәрінің туы желбіреп қайтады. Көздіғарада да солай болды.

Тойтөбенің қақ ортасынан ақ орда тігіліп, ел қонақтарына тегін дәм таратылды. Боз үйдің ақ түндігі халықтың тілегіндей болып желбірейді.

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале