30.07.2020, 10:55
Оқылды: 27

Бәйтеректік тұрғын 40 жыл болған көлігін жаңа күйінде ұстап отыр

Кейде зауыттан шығарылғанына он жыл толмаған көліктерін «өлік» еткен жүргізушілерге қарап, ішің удай ашиды. Есігі сықырлаған, дөңгелек протекторлары желінген, қозғалыс бөлігі салдырлаған машинаны көргенде «мына темір тұлпар иесін таппаған-ау» деген ойға қаласың. Әрине, әркім көлігін өзінше күтеді, десе де қажетіңе пайдаланған дүниеңді тиісінше күту де керек қой.

2BB8E8E5-EC88-4B27-A8C8-CE78DE178C41

Бәйтерек ауданы Зеленое ауылында 1980 жылы шыққан Нива автокөлігін әлі күнге дейін жаңа күйінде ұстап келе жатқан тұрғын бар. Ол - Сергей Ефимов.

Сергей Владимировичті ауыл тұрғындары жақсы таниды. Бір кездері аудандық мәслихат депутаты болған жан. Қазір зейнетте. Оның әлі де жалтырап тұрған Нивасын көргендер тамсанбай қоймайды.

-Көлік те күтімді қажет етеді. Менің Нивам Мәскеу олимпиадасымен құрдас, биыл зауыттан шыққанына 40 жыл. Ал менің қолыма тоғыз жасында келді,- дейді Сергей Ефимов.

Сонау 1989 жылы қазіргі Ресей Федерациясының Ульяновск облысынан алып келген көлігін Сергей ағай ерекше жақсы көреді. Айтуынша, көлікті сатып алуға барған кезде ол сынып тұрған. Техника тілін білетін ол көлікті жөндеп, есептен шығарып, ауылы Зеленыйға алып келіпті.

-Бұл Нива - менің алғашқы көлігім. Алғашқы махаббатым десе де болады. Барынша күтіп баптаймын. Кез келген темір тұлпарды күте білсең, көп жыл қызмет етеді. Осы күні жүргізушілер көлігін дұрыс баптамайды. Жарамсыз қосалқы бөлшегін уақтылы ауыстырмай, бүлдіреді де автозауытты жамандайды. Ол дұрыс емес. Автомобиль дұрыс қызмет ету үшін оны да мұқият күтуің керек,-дейді Сергей Владимирович.

Бүгінде Сергей мырза сүйікті көлігінің шаңын сүртіп, әр бөлшегін жақсылап тексеріп тұрады. Тіпті еркелетіп, «Люба» деп атайтыны бар. 31 жыл бойы сенімді серігіне айналған Нивасын өткен жылы бір жаңалап алған.

-Былтыр көлігімді өз қолыммен бояп, кейбір кузов бөлшектерін ауыстырдым. Жаңа мотор салдым. Салонын жаңалап, ретке келтірдім. Енді Любашам тағы 30 жыл қызмет етері анық,- дейді жүргізуші.

Сергей Владимировичтің Нивасынан бөлек басқа да көліктері бар. Тіпті неміс автозауытынан шыққан атақты аудиді де тізгіндеген. Бірақ өзінің Любасын ерекше жақсы көреді.

-Ер қанаты - ат деген қазақ мақалы бар. Осы күні ер-азаматтың қанаты оның көлігі. Сол себепті оны да баптау керек. Біздің жолдарда шірік көліктердің толып кету себебі де автоға дұрыс күтім жасамағаннан болып отыр,-дейді Сергей мырза.

Иә, расымен де көшеге шыға қалсақ кілең шірік көлік көреміз. Егер жүргізушілердің барлығы көлігін Сергей Владимировичтей күтсе, сұрықсыз көліктер азаяр ма еді?

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале