17.06.2021, 11:23
Оқылды: 119

Бәйтеректік «Жас сарбаз» – жеңіс жолында

Өскелең ұрпақтың патриоттық тәрбиесін жетілдіру мақсатында Бәйтерек ауданы Трекин қазақ мектебінде «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныбы ашылған болатын.
жас арбаз (4)

Аталмыш клуб жасөспірімдерді әскери-патриоттық тәрбиеге баулу, олардың әскери қызметке деген қызығушылықтарын арттыру, физикалық, рухани дамуына ықпал ету мақсатында құрылды. Клуб мүшесі болуға ниет білдірген 27 оқушының Қазақстан Республикасының жалпы білім беру ұйымдарындағы «Жас сарбаз» мамандандырылған сыныптары туралы Жарғысында қойылған талаптарға сәйкес және оқушылардың сынақ қорытындылары бойынша 18-і ғана қабылданған.

Бүгінде арнайы сынып оқушыларының үлгерімі жоғары екенін айтады ұстаздар. Одан бөлек жас сарбаздар бекітілген тәртіпке сәйкес және дене дайындығын жүргізіп, күн сайын ауыл спорт алаңы мен мектептің спорт залында жаттығады.

Сонымен қатар аптасына 2 сағат «Жас сарбаз» факультатив сабағына қатысып, алғашқы әскери дайындық дәрістерін алады. Қосымша сабақ барысында сарбаздар сапта жүру, қару-жарақтарды қолдану, автоматтың құрылымын меңгеру, оны қолданудың тәртібін білу, жарақат алған кезде алғашқы медициналық көмек көрсету сияқты бағытта теориялық білімдерін шыңдайды.

- Патриоттық тәрбие тек әскери білімді ғана емес, мәдени және рухани білімді де талап етеді. Оқушылардың әдеби талғамын ояту, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру бағытында күнделікті жаттығудан кейін 30 минуттық кітап оқу ұйымдастырылады. Әдеби шығармаларды оқушылар өздері таңдайды. Бірақ ұстаздары батырлар жырына қоса, Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов сияқты соғысты көрген жазушылардың шығармаларын оқуға бағыттап отырады. Соның арқасында READx жоба аясында сәтті қорғап шықты, - дейді мектеп директоры Нұрсәуле Талипова.

жас арбаз (2)

Сондай-ақ оқушыларға үлкен ықпал ететін рухани азық - театр екенін ұққан ұстаздар қауымы оларды Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрына алып барып, «Жусан» драмасын тамашалаған.

Құрылғаннан бері «Жас сарбаздар» Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің беделін көтеру және әскери қызметті насихаттау, жастардың әлеуетін көтеру, салауатты өмір салтын ұстанып, туған жер мен Отанға деген патриоттық сезімді арттыру мақсатында БҚО білім басқармасы мен БҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен өтетін «Мен сарбазбын!» акциясына қатысып келді. Сонымен қатар арнайы сынып оқушылары түрлі бағыттағы патриоттық шараларды да ұйымдастырып тұрады.

Биыл трекиндік оқушылар арасында өткен «Алау – 2021» әскери-спорттық ойыны аясында Ауған соғысының ардагері, жерлестері Хамит Набиоллаұлы Нурмуханов туралы «Ұрпаққа ұран болған ұлы ерлік» тақырыбында тарихи-өлкетану зерттеу жобасын сәтті қорғады. Жобаға дайындық барысында балалар кейіпкердің өмірін зерттеп қана қоймай, тарих жылнамасынан ойып тұрып орын алған Ауған соғысы туралы, өз Отанына шексіз берілген, патриоттық рухы жоғары, қайсар жауынгерлердің ерлігі жайлы біле алды. Оқушылардың ғылымға бет бұрғандары да қуантады, - дейді мектеп директоры Н.Талипова.

Арнайы сынып оқушылары осы кезге дейін талай әскери-патриоттық жарыстарға қатысып, өздерін тек жақсы қырынан таныта білген. Қазірдің өзінде түрлі челлендждер мен сайыстарды құр жібермейтін олар Қажымұқан Мұнайтпасұлының 150 жылдығына арналған «Ұлы дала батырымен бір толқында» байқауына арнайы видео дайындаған.

Биыл оздырылған «Жас сарбаз» сыныптарының оқушылары арасында әскери-патриоттық жұмыстарды жетілдіру, әскери-патриоттық тәрбиені дамыту, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің мәртебесін көтеру және әскери қызметті насихаттау мақсатында өткен облыстық «Жас сарбаз – 2021»  әскери-спорттық жарысында Трекин оқушылары жалпыкомандалық есепте ІІ орынға табан тіреді. Бұл құрылғанына көп бола қоймаған арнайы сынып оқушылары үшін үлкен жетістік.

 

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале