24.11.2021, 16:00
Оқылды: 72

«Бала бағбаны» байқауы өтті

Қасым Аманжолов атындағы мектепте Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласы тәрбиешілері арасында Бәйтерек аудандық «Бала бағбаны» байқауы өтті.

IMG-20211124-WA0013

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласы мамандарының шығармашылығын шыңдап, кәсіби және әлеуметтік мәртебесін арттыру, ұжымдық қарым-қатынасқа психологиялық бейімдеу, әріптестерімен өзара тәжірибе алмасу мақсатында оздырылған тәрбиешілер байқауына балабақша тәрбиешілері, мектепалды даярлық сыныбы мен мектеп балабақша кешені мамандары қатысты.

Байқаудың «Менің ұстанымым – тәрбиеші» аталатын бірінші кезеңінде қатысушылар өздерін креативті таныстырып, ұстаздық ұстанымдарына тоқталса, «Бастамадан нәтижеге дейін» аталатын екінші кезеңде әр мұғалім өзінің жобалық жұмысын көрсетіп, тың идеялармен бөлісті. Ал «Ашық микрофон» кезеңінде әр қатысушыға мамандығы бойынша сұрақтар қойылды. «Тәрбиешінің демалыс күндері» аталатын төртінші кезең қатысушыларды жаңа қырынан танытты. Әр тәрбиеші үй тапсырмасына тыңғылықты дайындалғанын көрсетті. Аталмыш кезеңде тәрбиешілер тосылмай, ән айтып, би билеп, тіпті актерлік шеберліктерін ортаға салды. Өз қолынан шыққан қолөнер бұйымдарын таныстырып, көпшілікті таң қалдырғандар да болды.

IMG-20211124-WA0014

Байқау қорытындысында балабақша тәрбиешілері арасынан сынға түскен Светлана Моор мен Жулдыз Мусагалиева үшінші, Карлыгаш Джумагалиева екінші, Анар Шамшитова бірінші орынды иеленсе, белсенділігімен көзге түскен Лаура Исмагулова «Өнерлі тәрбиеші» аталымына лайықты деп танылды.

Мектеп-балабақша кешені тәрбиешілері арасында Гүлнұр Мамбетқазиева екіншіге жайғасса, Гүлжайсан Яскевич топ жарды.

IMG-20211124-WA0015

Талантымен таң қалдырып, көптің есінде қалған мектепалды даярлық сыныбы тәлімгерлері арасынан Индира Шатунова үздік деп танылса, Салтанат Мусина мен Жазира Боранбаева екінші, Бақыт Ильясова және Гулзара Сағынбаева үшінші орынға лайық деп танылды. Ал Шаттық Рахматулина «Талантты», Венера Аманжолова «Дарынды» аталымдарына ие болды.

-Байқау жоғары деңгейде өтті. Барлық қатысушыларға алғысымды білдіремін. Тәрбиешілеріміздің сегіз қырлы бір сырлы, өз ісіне адал жандар екеніне тағы да көзіміз жетті. Алтын уақытын бөліп келген барша мұғалімдердің жұмысы жемісті жүріп, мақтан етер шәкірттері көп болғай, – дейді Бәйтерек аудандық білім беру бөлімінің мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жөніндегі әдіскері Гүлмира Мұсағалиева.

Енді жеңімпаздар аудан намысын облыстық байқауда қорғайтын болады.

Назерке Сыйлыбаева,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале