23.02.2021, 9:21
Оқылды: 75

Баланың болашағы – балабақшада

Биылғы жылы аудандардағы іргелі басылымдарды басқарып отырған біраз редакторлар халық қалаулысы атанды. Бұл журналистердің үлкен жетістігі екені сөзсіз. Осыған орай ұжымымызбен ақылдаса келе, газет бетінен «Депутат мінбері» айдарын ашып отырмыз. Мақсатымыз – халық қалаулыларының атқарып жатқан қызметінен оқырмандарды хабардар ету, ауыл халқының мұң-мұқтажын атқарушы билікке жеткізіп, мәселенің шешімін табуға жұмыстану. Балаларымыздың толыққанды жетіліп өсуі жолында мектепке дейінгі ұйымдардың алатын орны зор. Осы ұйымдардың жұмысын бұрынғы ата-әжелер институтының алмастырғанын да жасыра алмаймыз. Немересін бағып, ертегі айтып беретін ақ сақалы кеудесін жапқан, ақ жаулығые кір шалмаған әжелердің заманы келмеске кеткендей. Жарайды, негізгі тақырыптан ауытқымайық. Мақаламыздың төркіні бүлдіршіндер болашағының бір кірпішін қалайтын, жастайынан білім беріп, тәрбиелейтін мектепке дейінгі мекемелер жөнінде болмақ.

6B9FD1E1-8128-4C34-9D1E-A499C03989D9

 «Жаңа балабақша ауадай қажет»

Жалпы Казталов ауданы бойынша 15 бөбекжай, 1 балабақша, 25 шағын орталық балаларымыздың мектепке дейінгі тәрбиесімен айналысады. Жақында Қараөзен ауылындағы «Айгөлек» шағын орталығына барып қайттық. Шағын орталық Қараөзен мектеп-лицейі жанынан 2006 жылы ашылған. Ауыл балаларын мектепке дейінгі тәрбиемен қамтитын бұл орталық 50 бүлдіршінге арналған. Орталықтың ауыл балалары үшін тар және ескі ғимаратта орналасуына байланысты ауыл тұрғындары жыл сайын мәселе көтеріп, жаңа балабақша салу жөнінде ұсыныстарын білдіріп келеді. Мәселенің түп-төркінін ұғыну үшін Қараөзен мектеп-лицейінің директоры Мәншүк Жексеноваға жолықтық.

- Біздің шағын орталық білім ордасы жанынан түске дейінгі топты қабылдау үшін ашылған болатын. Ата-аналардың сұранысы бойынша 2014 жылдан бастап аудандық білім бөлімінің келісімімен он жарым сағаттық ұзартылған күн тобына арналған шағын орталық ретінде қайтадан аштық. Материалдық базасы 50 балаға арналған. Шағын орталық орналасқан ғимарат 1978 жылы салынған және сол кезден бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Тек жыл сайын өз күшімізбен жай жөндеу жұмыстарын атқарып келеміз. Ғимарат балалар үшін таршылық етіп отыр. Кейбір санитарлық нормаларға сүйенсек, бұл ғимарат балалар тәрбиесі үшін сәйкес келмейді. Округімізде 6 жасқа дейінгі 134 кішкентай бүлдіршіндер болса, соның 38-і қазіргі жағдайға байланысты екі кезекші топта тәрбиеленіп жатыр. Ауылдың 17 бүлдіршіні Жалпақталдағы «Ертегі», «Балдәурен» балабақшаларына барып-келіп тәрбие алады. Қалған балалар мектепке дейінгі даярлық тобында білім алса, 34 бала кезекте тұр.

- Енді жаңа балабақша салу туралы мәселеге келсек, ұсыныс көп жылдан бері көтеріліп келеді. Қазіргі күнде балабақша салу үшін жеке инвесторларды тарту мәселесі қаралуда. Бірақ мұны жоғары жақтағы атқамінер азаматтар дұрыс шешеді деп сенеміз. Қараөзен ауылынан жеке балабақша салуға «Әлібекова» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Индира Әлібекова қызығушылық танытып отыр. Дегенмен, жекеден бұрын балабақша мемлекет есебінен салынғаны ата-аналар үшін тиімді болмақ. Себебі – жеке балабақшаның балалардың тәрбиесі үшін төлейтін қаражатын ауылдағы кейбір жанұяның қалтасына салмақ салуы мүмкін. Қараөзен ауылында жыл санап бала саны да өсуде. Оған округтегі демографиялық жағдай да дәлел бола алады. Бүгінде бір жанұяда кем дегенде 2-3 бала өсіп жатыр, -дейді мектеп директоры.

Расымен, соңғы уақытта ауылда бала саны өсіп жатырғаны ақиқат. Алысқа бармай-ақ өзімізбен шамаластардың бүгінде 4-5 баласы бар. Қараөзен ауылының тұрғындары да балабақша салу керектігін алға тартып отыр. Солардың бірі – Амангелді Мұқанов. - Мен Қараөзен ауылының тұрғынымын. Жолдасым екеуміз екі бала тәрбиелеп отырмыз. Бір баламыз ауылдағы шағын орталыққа барады. Ауылға жаңа балабақша ауадай қажет. Өзіңіз көргендей, қазіргі шағын орталық тарлық етіп отыр. Ғимарат да Кеңес заманында салынған. Бұрын балаларды қабылдайтын орын жоқ еді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақ инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ректоры Ақсерік Әйтімов ағамыз орталықтың кіреберісіне балаларды қабылдайтын орын салғызып берді. Енді жаңа балабақша салынса ауыл тұрғындары үшін жақсы болар еді, - дейді Амангелді. Мақаламызды жазу барысында аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінен Қараөзен ауылынан балабақша салуға қатысты құжаттарды сұрастырдық. Бөлім басшысы Әділжан Өтебаев:

- Жаңа балабақшаның құрылысының жобалық-сметалық құжаттары жасалып тұр. Біз биыл облыстық білім басқармасына қаражат бөлуге бюджеттік сұраныс жібердік, - деп жауап қатты.

7F9093A3-CBE2-432C-BA2C-605345A4E97A

 «Техникалық зерттеу қорытындысы шешеді»

Балабақша мәселесі ауданымыздағы басқа да ауылдық округтерде бас қатыратын шаруа болып отыр. Мәселен, Тереңкөл ауылдық округінің орталығы Нұрсай ауылындағы «Жігер» бөбекжайының жағдайы мәз емес. Халық жиындарында тұрғындар тарапынан аталмыш мекеменің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу қажеттілігі туралы талай мәрте айтылып жүр. Биылғы Тереңкөл ауылдық округінде өткен есеп беру жиынында осы мәселе тағы да көтерілді. Сол кезде аудан басшылығы бөбекжайды мектеп ғимаратына көшіру туралы ұсыныс тастады. Ауыл тұрғындары ойлана келе, бұл ұсынысты қолдамай отыр. Жуырда мен аудандық мәслихат атынан сол округке бекітілген депутат ретінде аудандық білім бөлімінің басшысы Самал Жангереевамен бірге Нұрсай ауылына барып, ауыл тұрғындарымен кездестік.

Кездесуде тұрғындарға бөбекжайға қатысты туындап отырған мәселені кеңінен түсіндірдік. Аудандық білім бөлімінің басшысы халық алдында төмендегі жәйттерді жайып салды.

- Әзірге «Жігер» бөбекжайы мектеп ғимаратына көшірілмейді. Алдағы уақытта бөбекжай орналасқан ғимараттың техникалық жағдайын анықтауымыз керек. Оны техникалық зерттеу қорытындысы көрсетеді. Сол үшін облыстық білім басқармасынан қаражат сұрап отырмыз. Қаражат бөлінгеннен кейін арнайы сарапшы мамандар келіп, ғимаратқа техникалық бақылау-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Сол кезде мамандардың қасына ауылдық округтің қауымдастық мүшелері, ауыл тұрғындарынан құрылған комиссия бірге қатысуға болады. Мәселені техникалық зерттеу қорытындысы ғана шешеді. Техникалық қорытындыға сәйкес біз де алдағы уақытта бір шешім қабылдаймыз. Егер олар: «Күрделі жөндеу қажет» деп тапса, онда ғимараттың жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға кірісеміз. Ал егер мамандар: «Ғимарат апаттық жағдайда» деген тұжырымға келсе, бөбекжайды мектеп ғимаратына көшіруге тура келеді. Бұл мәселені шешудің тағы да оңтайлы жолы – жеке инвестор тарту. Яғни, мемлекеттік-жеке серіктестік арқылы жаңа балабақша салуға болады, -деп сөзін түйіндеді Самал Қанапияқызы. Расында мемлекеттік-жеке серіктестік арқылы жаңа балабақша салуға болатынын облысымыздағы біраз кәсіпкерлер дәлеледеп отыр. Жеке инвестор салған балабақшаның ақшасын мемлекет бөліп төлейді. Осындай жұмысты Көктерек ауылында жүзеге асырып жатыр. Жеке кәсіпкер Асылхан Төлеуғалиев ауылдағы тойханаға салып қойған ғимаратын мемлекеттік-жеке серіктестік арқылы балабақша ашуды қолға алған. Жақын арада құжаттарын рәсімдеп, ғимаратты балабақшаға арнап жасақтау үстінде. Соның нәтижесінде Көктерек ауылындағы балабақша мәселесі шешілмек. Иә, бұл керемет бастама. Бұл туралы алдағы уақытта толық жазатын боламыз. Сонымен бірге Талдыапан ауылдық округінің Қособа ауылының тұрғындары да асар жасап, ауылға мектеп салғаны белгілі.

6C3FF01D-7EEB-44D8-9E02-A7FFFF5969F5

Нұрсайдағы бөбекжай мәселесін тағы да бір қаузасақ, ауылда 1 жасқа балалар санында өсім байқалмайтынын алға тартады аудандық білім бөлімінің мамандары. Иә, бұл қағаз жүзіндегі мәліметтер. Бір жылдан соң не боларын қағазбен болжау мүмкін емес шығар? Дегенмен, нұрсайлық ағайындар демография жағдайын да ойлап қойғаны дұрыс шығар?!

Мақаламызды түйіндей келе, балаларымыздың болашағының негізі қалайтын қос ауылдағы балабақша мәселесі оң бағытынан шешілсе дейміз. Билік пен халықтың ортасындағы «алтын көпір» құламасын!

 Қайрат Жақып,

Казталов аудандық мәслихатының депутаты

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале