3.04.2022, 19:32
Оқылды: 44

Балдырғандармен жұмыс істеу – үлкен бақыт

Адам баласы екі мәселе бойынша шешім қабылдарда қателеспеуі керек екен. Бірі жар таңдау болса, екіншісі – мамандық таңдау.

8

Мен бағыма қарай екеуінен де жолы болған жанмын. Шаттыққа толы шаңырағымда сүйікті келін, асыл жар, аяулы ана атансам, түзде өз жүрек қалауыммен таңдап алған мамандығым – балабақша тәрбиешісі болып қызмет атқарудамын. Ақ парақтай таза көңілді бүлдіршіндермен жұмыс жасау үлкен төзімділік пен ізденісті қажет ететіні белгілі. Қоршаған ортаны көріп-бі-ліп, түсінуге ұмтылған балалардың бейкүнә әрекеттері кім-кімнің де жүрегіне қуаныш ұялататыны даусыз. Ал тілі жаңадан ғана былдырлап шығып, қалт-құлт етіп, алға қарай қадам жасап үйреніп жүрген балапандармен жұмыс істеу тіпті бір ғанибет!

Мен биыл «Ерте жас тобын», яғни 2020 жылы дүниеге келген балдай тәтті һәм қылықты балапандарымды қабылдап алдым. Таңғы қабылдаудан-ақ бала болып жылап, қиғылық салуды білместен құлдыраң қағып ойнап кететін балапандармен әр күнді бірге өткізу мен үшін бақыттың базарындай. Сүйкімді періштелер күнделікті жоспар бойынша ұйымдастырылатын оқу қызметіне қалай белсене қатысады десеңізші?! Айталық, әңгімелесу кезінде нанның суретіне қарап, «Бауырсақ, әже, қасқыр жейді...» деген тәтті тілдері-не қалай риза болмассың?! Өздерінің күні бойы ойнаған ойыншықтарын орнына жинау балапандар үшін мәртебелі қызмет.

Иә, аспаны ашық, заманы түзу қоғамда қазақ елінің топырағында дүниеге келіп, туған ел үшін қызмет етуден асқан не бар?! Еліміздің келешек іргетасын қалаушы бүлдіршіндерді дұрыс бағытта тәрбиелеу жолындағы еңбегім елеусіз қалған емес. Жеткен жетістіктерім мен алған марапаттарым да жеткілікті. Мен қашанда өзім қызмет ететін балабақшамды мақтан тұтамын. Әріптестерімнің еңбегін ерекше бағалаймын. Әрине, мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыс істеу, соның ішінде әр сәбидің тілін тауып, көңілін аулау арқылы оның сөздік қорын кеңейту, ой-өрісін өрістету – біздің басты парызымыз. Осы жолда мен талмай іздене еңбектенетін боламын. Өйткені бұл –менің сүйікті мамандығым.

Асылай Оразғалиева,

Жаңақала балалар бөбекжайының  тәрбиешісі,

Жаңақала ауданы

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале