25.01.2022, 9:30
Оқылды: 217

Батыстан шыққан біртуар күйші

Музыкалық бір дәуірді тұтастай игеріп, күйді есте сақтау қабілетінің дәстүрлі мектебінен өткен алыптардың бірі, Қазақ КСР-нің халық әртісі, дәулескер күйші 1902 жылы БҚО, Қамыс-Самар ауылында дүние есігін ашқан Қали  Жантілеуовтің туғанына биыл 120 жыл толғалы отыр. Қали атамыз Кіші жүздің Байұлы тайпасы Алаша руынан шыққан. Кішкентай  кезінен домбыраға әуестеніп, төрт жасынан бастап үйреніп, сегіз жасқа келген шағында біршама игеріп, топ алдында тартуға дейін көтерілген.

5AF2125B-F895-49B4-B105-D3EA348EDD8B

Қали Жантілеуовтың өнерде өсуіндегі жаңа, биік белес 1934 жылғы Қазақстан өнер шеберлерінің бірінші слеті. Бұл слет халқымыздың өнерінің қалыптасуына ерекше ықпал еткен. Өнер шеберлері – домбырашылар ішінен Қали Жантілеуов үздік шығып, бас бәйгені жеңіп алған.

Қали Жантілеуов Құрманғазы күйлерімен қатар, Мәменнің, Динаның, Түркештің, Есжанның, Баламайсанның көптеген күйлерін, кейбір авторы ұмытылған халық күйлерін де әкелді. Қали Жантілеуов Дина Нұрпейісованың «Он алтыншы жыл» күйін республика астанасына тұңғыш әкелуші. Осыдан кейін Дина әжемізді Ахмет Жұбанов ағамыздың септігімен, 1937 жылы оны Алматыға домбырашы Смағұл Көшекбаев ертіп әкелді. Қали ағамызбен Смағұл ағамызға Дина әжеміз өмір бойы қарыздармын деп өткен. Бір көңіл аударарлық жағдай – Қ.Жантілеуов әкелген күйлер ешбір қосындысыз, бұрмалаусыз, кіршіксіз таза уыздай қалпында жетті. Қ.Жантілеуовтың орындауындағы күйлер Құрманғазы атындағы академиялық ұлт-аспаптары оркестрі репертуарының алтын қорына енді. Өнерге сіңген адал еңбегі мен жемісті педагогтық қызметі үшін Қали Жантілеуов 1942 жылы Республиканың еңбек сіңірген әртісі, 1954 жылы Қазақ ССР халық әртісі деген құрметті атақтарға ие болды. Сонымен қатар, «Құрмет белгісі» орденімен, Қазақ ССР жоғарғы Советінің құрмет грамоталарымен марапатталған.

«Әр домбырашы өз мінезін тартады», - дейді халқымыз. Қ.Жантілеуовтің орындаушылық өнерінің басқа күйшілермен салыстырғандағы үлкен ерекшелігі – репертуарының өте бай және әр қырлылығы. Қ.Жантілеуовтың орындаушылық техникасы мен шеберлігі оның сексен жылдан астам кезеңді қамтитын қажырлы еңбегінің жемісі. Қали атамыздың асқан орындаушылық шеберлігі жайлы академик Ахмет Жұбанов: «Қали борандатқан тез екпінді күйлердің орындаушысы. «Адай», «Теріс қақпай» сынды күйлерді әлі күнге Қалидың өзіндей ешкім тарта алмайды десек шындықытң ауылынан алыс кетпейміз. Ол сонымен қатар «Баламайсан», «Науай» сияқты әндеткен күйлерді де сызылтып-ақ орындайды», - деп жазған еді.

Қайталанбас күйші, өмірінің соңғы шағында Алматыдан туған жері Жаңақалаға табан тіреді. Тұлғаға тұғыр болу – ауылдың әуелгі әдеті. Он төрт жыл бойы аудан тізгінін тең ұстаған Төлеген Мерғалиев ағамыз талай зиялы адамды қарсы алып, талай қайраткерді аттандырған. Ал, Қали атамыздың  жөні мүлде бөлек еді. Қали атамыздың ақтық сапарға қалай аттандырылғаны туралы Төлеген ағамыз:

- «Дүниеден өтерінен апта бұрын төсек тартып жатқанда Қали әкеміз мені үйіне арнайы шақыртыпты. Бардым, өткен – кеткен өмірден аз-кем әңгіме қозғай келе, енді қайтіп бас көтермейтінін айтып, ақырғы сапарға абыройлы аттандырып салуын маған аманаттады. Өлімнің өзіне қазақ халқындай дайындалатын халық кем де кем шығар. Сүйек шығарып салу салтына салғырт қарау – кешірілмес күнә. Жантілеуов ақсақалдың қазасына қайғыра, қос көзіміз домбыға жүріп дайындалдық. Ұлт қаймақтарының бәрі қаралы шеруге келетін болды. Қазадан қағыс іздеп жүретін жеріміз және бар. Қали әкеміздің ақтық сапарын мүмкіндігінше жүйелі түрде ойластырдым. Сөйтіп, жайдақ қара жылқы алғыздық. Жылқы жамбасына иесіз қалған қара домбыра сүйретілді. Қали атамыздың баласы жылқыны жетелеп, қырқадағы зиратқа қарай бастады. Артындағы сүйретілген қара арбаға сүйек салынып, бүкіл қаралы лек зиратқа қарай жаяу ілесті. Заманымыздың заңғар күйшісі Қали Жантілеуов ақырғы сапарға осылай аттанды Бұл қайғылы қазадағы сүйек шығарып салу дәстүріне бүгінгі көзі зиялылардың көбі куә болған», - деген еді.  

Қазақ ССР халық әртісі Қали Жантілеуов талай өнер саңлақтары мен шебер домбырашыларды тәрбиелеп шығарған, халық композиторларының дәстүрін жеткіншектерге шебер дарытқан үлгілі ұстаз. Ол қырық жылға жуық, алдымен Алматы музыкалық-драма техникумында, кейін Алматы мемлекеттік консерваториясында домбырадан сабақ берді.

Інжу-маржандай сақталған қазақтың ұлттық музыкалық дыбыс бояуының өзіндік ерекшелігін, әр күйшінің өзіне тән интонациялық үнін, тембрлік ерекшелігін Қали атамыз мұқият сақтай отырып, орындаған күйлерінде шебер пайдаланып, көптеген күйшілердің шығармаларын өз тілінде, ырғағында орындауда алдына жан салмайтын майталман жүйрік домбырашы болды.  

Жанна Тұрсынғалиева, Д.Нұрпейісова атындағы өнер тарихы музейі экскурсоводы  

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале