22.03.2024, 16:51
Оқылды: 14

Биыл Наурыз мейрамы Ақжайық ауданында ерекше аталып өтті

Бірінші белгісі  көрісуден басталып, бірінші тілегі  «Ақ мол болсын», бірінші құттықтау сөзі «Жасың құтты болсын!» деп айтылатын Жаңа жылды Ақжайық ауданы жұртшылығы биыл ерекше күтіп алды.

а3

Осы күні Чапаевтағы орталық алаңда киіз үйлер тігіліп, алтыбақанда ұл мен қыз тербеліп, ұлттық ойындар шеру тартты.

Алдымен алаңға жиналған көпшілікті аудан әкімі Мұрат Сердалин Ұлыстың ұлы күні Әз-Наурызбен құттықтады.

а4

– Наурыздан Наурызға дейін біздің ауданымыздың экономикалық-әлеуметтік, мәдени-рухани өміріне жаңа игі жетістіктер жазылуда. Осы ерен істің бәрінде, қымбатты жерлестер, сіздердің айтулы үлестеріңіз бар. Тұрмысымызды түлетіп, тірлігімізді ширатуда қолдауларыңыз баршамызды қанаттандыра түседі. Наурыз мейрамы жүректерге жылылық құйып,  ізгіліктің сәулесін төксін. Осындай жасампаздық жолында әрқайсымызға мықты денсаулық, сәттілік тілеймін, – деді ол.

Сахнадан той бастаушы кернейшілер жарапазандатып, ұлық мерекені бастап кетті. Той арнаусыз болған емес. Мәдениет қызметкерлері Гүлжамал Қайбалиева мен Қанат Оңғаров домбырамен айтысып, көрерменнің көңіл-қошын көтерді. Мерекелік той аудан орталығындағы мекеме-ұжымдар осы күнге арнайы дайындаған театрландырылған көрініспен жалғасты.

Қыз жасауын сайлаудың мәнін ашқан Абай атындағы мектеп-гимназия, баланы бесікке салып, жарқын болашақ тілеген №1 ОМ, ағаштан түйін түйген балалар шығармашылық орталығының шеберлері, саятшылықтың қыр-сырына қанықтырған туризм орталығы, беташармен шыққан аудандық аурухана, келін түсіріп, ат шаптырым той жасаған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, көпшілікке асықты қалай ойнау керектігін үйреткен М.Әуезов атындағы ОМ, әже, қыз-келіншектері киіз басқан аудандық кітапхана, өзге де ұжымдар ұлтымыздың ұлық мерекесінің сәніне сән үстеді.

а2

Сонымен қатар алаңнан көпшілік бірінші дәрежелі ат жорығының шабандоздарын аттандырды. «Менің Отаным – Қазақстан» туристік-өлкетану экспедициясы 22-27 наурыз аралығындағы Чернышев елдімекені, Киров су қоймасы, Бәйтерек ауданына қарасты Забродино ауылы, Переметное ауылы, Белес ауылында болып, 207 шақырымды артқа тастап,  Орал қаласының Нұр-Ер ипподромына ат басын тірейді.

Алаңдағы киіз үйлерде ауданымыздың Чапаев және Тайпақ ауылындағы іскер әйелдері мен қолөнершілер көрме ұсынды.

Әлия Шарапиева

Суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале