10.08.2023, 17:21
Оқылды: 106

БҚО-да ортағасырлық жәдігерлер табылды

БҚО-ның Казталов ауданында «Менің кіші Отаным» аудандық тарихи-танымдық экспедициясының үшінші кезеңі өтті.

казталов (3)

Бірік, Көктерек, Қарасу, Жалпақтал, Қараөзен, Жаңажол, Казталов ауылдық округтерін қамтыған экспедицияның үшінші кезеңінде ортағасырлық жәдігерлер табылды. Үшінші кезеңге археолог, тарих ғылымдарының кандидаты, PhD, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің қауымдастырылған профессоры Мұрат Қалменов, өлкетанушы, тарих ғылымдарының магистрі, «Ресей өлкетанушылар одағының» мүшесі, «Қазақстан Республикасы туризм саласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгі иегері Айболат Құрымбаев, суретші-график, «ҚР Суретшілер одағының» мүшесі Бекжан Жұмабаев, БҚО мемлекеттік архивінің Жалпақталдағы филиалының директоры Миржан Қарабалин, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы директорының орынбасары Айбек Көшеғалиев және мен «Ауыл айнасы» аудандық қоғамдық-саяси газетінің І санатты тілшісі Асылбек Байғазиев қатысты.

a494338c-7af6-4b4c-a54b-bc1f9af5322f

Аудандық тарихи-танымдық экспедицияның үшінші кезеңін 21 шілде күні Әжібай ауылы маңындағы, халық ауызында «Ағаш үй» аталып кеткен қорымнан бастадық. Қорымда ХІХ ғасырға тән шамамен 117 құлпытас бар екендігі анықталды. Оның ішінде 113 араб қаріпіндегі шағатай жазуы болса, төрт құлпытас кириллица қаріпіндегі қазақ тілінде жазылған. Қорымның «Ағаш үй» атауына қатысты да халық арасында аңыз-әңгімелер бар. «Ағаш үй» қорымынан соң Көктерек ауылдық округіне қарасты Саралжын елді мекеніне барып, ауыл тұрғыны Оралхан Мұштановтың жол бастауымен ауылдан батысқа қарай орналасқан, жеті қажы жерленген «Шегірткелі» қауымына табан тіреп, 19 араб қаріпінде жазылған шағатай тіліндегі құлпытас пен бес кириллица қаріпіндегі қазақ тілінде қазылған құлпытастарды анықтадық. Аталған қорымда Байбақты, Алаша, Шекеу руларының өкілдері жерленген. Содан соң «Бірәлі» бөгеті маңындағы «Шегіндіой» қауымына барып, 11 құлпытасты суретке түсіріп, мамандарға жібердік. Халық ауызында бұл қорымда Махамбеттің жары Айғаншаның әкесі Бірәлі байдың жерленгендігі жөнінде аңыз-әңгімелер бар. Дегенмен, оның нақтылығына күмән бар. Экспедицияның қорытынды жинағында бұл туралы нақты деректер де жазылып, халыққа ұсынамыз.

казталов (2)

Саралжын елді мекенінен соң Көктерек ауылына табан тіредік. Мұнда жергілікті ауыл тұрғыны, ұзақ жылдар ұстаздық қызмет еткен Теміржан Қажығалиевпен әңгімелесіп, ауылдың атауына және осы аумақты қоныстанған тайпалар, әскери-топографиялық картада көрсетілген атауларға қатысты тың мәліметтермен, кейін, Көктерек өлкетану мұражайының жұмысымен, ондағы экспонаттардың тарихымен таныстық. Мұражай хақында Жайсаң Сейткереев, Ақмарал Әдиетова кеңінен баяндады. Теміржан ақсақалдың жол бастауымен ауылдан солтүстік бағытқа қарай 1,5 шақырым жерде орналасқан «Арыстанбек» обасымен таныстық. Ал ауылдан оңтүстікке қарай 2 шақырым қашықтықта жеті оба бар екендігін анықталды. Көктерек ауылынан шамамен 6 шақырым жерде орналасқан аралдан ортағасырлық құмыралардың сынықтары табылды. Көктерек ауылдық округіндегі іс-сапарымыз Оразғали елді мекеніндегі Ғайса мешітінің орнымен танысудан аяқталды. Оразғалидан оңтүстік бағытқа қарай шамамен 1 шақырым жерде орналасқан мешіттің орны маңында 9 үй орны анықталды. Бұл орынды Құрманғазы күйшінің ұрпағы Қанатқали Боранбаев, ауылдың белсенді азаматы Нұрболат Әдиетов көрсетіп, азды-көпті деректерімен бөлісті.

25 шілде күні экспедиция жұмысы Қарасу, Қараөзен, Жалпақтал ауылдық округтерінде жалғасты. Қарасу ауылдық оругіне қарасты Жұлдыз ауылының тұрғыны Жақсылық Ерғалиев жол бастап, Төртпішен қорымын көрсетті. Ал қарасулық Естай Қуанов экспедицияны «Жалпақтал» қалашығына, «Қашқар» қауымына бастап барды. Ауданымыздың жеті кереметі саналған «Жалпақтал» қалашығының көлемі шамамен 10 гектарды құрайтыны анықталып, орта ғасырлық құмыралардың сынықтары табылды. «Қашқар» қорымында Қызылқұрт руының өкілдері жерленген. Осы күні Қараөзен ауылдық округіне қарасты Жас ауылынан екі апатты оба анықталды. Аталған елді мекеннен Дәурен Ділмағамбетов, Руслан Ғұбашев, Сахмет Бекешов, Сұлу Бекешова сынды азаматтар мен азаматшалар ауылдың тарихына қатысты деректерімен бөлісті. Ал Жалпақтал ауылында экспедиция мүшелері түлектердің бастамасымен бой көтерген саябақтар мен көпес Овченниковтың үйі және саяжайымен танысты.

26 шілде күні экспедиция Жаңажол ауылдық округі, Сатыбалды елді мекенінде жалғасын тапты. Мұнда экспедиция мүшелері «Ақкөл» жазғы демалыс лагерінің демалушыларымен кездесіп, Сакрыл көлі маңынан ХХ ғасырға тән ескі ауылдың орынын анықтады. Кейін Сатыбалды елді мекенінде Талғат Абужалитовпен әңгімелесіп, ауыл тарихына қатысты аңыз-әңгімелер жазылып алынды. Мұнда Талғат ағамыз экспедиция мүшелеріне «Кешкіл» қорымын көрсетіп берді. Аталған қорым аумағынан бірнеше оба бар екендігі анықталды. Сатыбалды елді мекенінен соң экспедиция мүшелері Көмекші елді мекеніне табан тіреп, ауыл ішіндегі ескі қорымның ахуалымен танысты. Ауылдағы қораның артында қараусыз қалған қорымда 11 құлпытас анықталды. Осы күнгі іс-сапар Әбіш елді мекенінде аяқталды. Әбіште ортағасырлық құмыралардың сынықтары мен ескі қаланың орны табылды.

27 шілде күні Экспедиция мүшелері Кекей елді мекені мен Казталов ауылында болып, қорымдардағы жазуларды оқып, ескі ауылдың орынын анықтады. Сондай-ақ экспедиция мүшелері аудан әкімінің қабылдауында болып, экспедиция барысында жинақталған мәліметтермен бөлісіп, табылған жәдігерлермен таныстырып, ұсыныстарын айтты.

казталов (1)

- Обалардың басым көпшілігі ерте темір ғасырына немесе сақ, сарматтардың кезеңіне жатады. Екінші категорияға жататын ескерткіштер ол – ортағасырлық мекен, орындар. Мәселен, «Жалпақтал» қалашығы шамамен 10 гектарды алып жатырған, орта ғасырға жататын тарихи орын. Тарихи деректерге сүйенетін болсақ, бұл аумақтарда ортағасырлық қалалар болған. Осы экспедицияның жалғасы ретінде қазба жұмыстарын қолға алу керек. Аудандағы екі-үш обаны немесе ескі орындарды қазу қажет. Бұл ауданның да, еліміздің де тарихы үшін маңызды, - деді Мұрат Дабылұлы.

Ал Айболат Шамұратұлы экспедиция нәтижесінде туризм саласы да дамитындығын жеткізді.

- Экспедицияның ІІІ кезеңінде көптеген тың мәлімет жинақтадық. Дегенмен құлпытастарды бөлек зерттеу объектісі ретінде алу қажет. Сонымен қатар тарихи деректерде Үлкен және Кіші өзендердің бойында балбал тастардың болғандығы жөнінде де мәліметтер кездеседі. Оны да зерттеу объектісі ретінде алып, қос өзеннің бойын барлау жұмыстарын жүргізу керек. Экспедиция бойынша туристтік маршрут жасау да маңызды, - деді ол.

казталов (4)

Аудан әкімінің қабылдауында аңыз-әңгімелерді жинақтау, қағаз бетіне түсіріп, мерзімді басылымдарда жариялау туралы да сөз болды. Бұл мәселе әрине өзіміздің тікелей бақылауымызда. Асланбек Ахметоллаұлы экспедиция қорытындысы бойынша күзде конференция өткізу жоспарланып отырғанын атап өтті. Конференцияда бірқатар мәселе талқыланып, экспедицияның болашағы айқындалады.

казталов (5)

Асылбек Нәсіпқалиұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале